Ирландияның қорған сарайлары

Ирландияның қорған сарайлары

Ирландияның көнеден келе жатқан тарихи қорған сарайларының санында шек жоқ. Барлығын аралап қайту үшін бір емес, бірнеше апта уақыт кетеді. Кейбір қорған сарайлар бұл күнде қонақ үйге айналған. Ол жақта салтанатты қабылдаулар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге болады.

Әлі күнге дейін сырын жоғалтпаған қорған сарайларды жөндеу үшін біршама қаржы керек. Оның барлығын қорған сарай иелері қонақ үйден түскен пайдадан алады. Сарай бөлмелерін жалға беру арқылы олар жергілікті туризмның дамуына үлес қосып қана қоймай, өзге жаңа құрылыстардан бас тартады. Себебі, Ирландияда жаңа құрылыс бастау әлдеқайда қымбат.


Сарайдағы бөлмелердің көбі төрт не бес жұлдызды болады. Мысалы, Дублинде Fitzpatrick Castle және Clontarf Castle қорған сарайлардың бөлмелерінің барлығы төрт жұлдызды.

Егер де сіз сәнге құмар болсаңыз, сіз Ashford Castle, Dromoland Castle, Waterford Castle, Solis Lough Eske сияқты қорған сарайлардың бөлмелеріне тұрақтана аласыз. Бұл қонақүйлер нағыз сәнқой жандарға арналған.


Ирландия мемлекетінде мұражайға айналған сарайлар да бар. Dublin Castle, Dalkey Castle, Malahide Castle, King John’s Castle, Bunratty Castle сияқты қорған сарайларда саяхатшыларға арналған арнайы бағдарлама қарастырылған. Ал Bunratty Castle сарайында қосымша ақы төлеп, кешкі уақытта болатын тарихи қойылымдар көре аласыз.

Саяхатшылар мен жас жұбайлардың ықыласы кеңінен салтанатты шара өткізуге болатын қорған сарайларға ауады. Әрине, сарай ішінде той жасау, айтарлықтай, біраз қаржыны талап етеді. Әйткенмен, жас жұбайлар Glin Castle Limerick, Belleek, Liogh Cultra сынды қорған сарайларға алдын ала тапсырыс беріп, мерекенің тарихи үлгіде өтуіне тілек білдіреді.


Ирландияға жол тартып жатсаңыз, тарихи ғимараттарды өз көзіңізбен көріп қана қоймай, бірнеше күн тұрақтап, қорған сарайларды аралай аласыз.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ