Арман қала

Арман қала

Менің арман қалам – бұл таза да кең көшелері мен әсем ғимараттары бар заманауи мегаполис. Көркі көз сүріндірген қаланы өзгелерден өзгешелеген бойтұмарындай жауһарлары жетерлік. Қала құлпырған сұлулығымен қоса, көкпен таласқан ғимараттарға жұтылған Дубай жұртшылығының еңбекқорлығын әйгілеп, саяхатсүйер халықтың тоғысқан арнасы болуымен де құнды. Дубай - дүйім дүниенің дауысындай жаңғырып, көңілдерге шабыт, жүректерге сенім сыйлап, қанатын кеңге жайып, қарыштап келеді. Дубай - менің арманым...

Арман қаламның даңғылында ауыр етік гүрсілдері емес, сәнді аяқ қиімдердің өкше тықылдары естіледі. Музыка субұрқағымен бірге ырғалған түнек түн жарықпен сәуле шашып, көңілдерге тәтті естеліктер сыйлайды. 

Жер бауырындағы сызық жолдар қаланың о шеті мен бұ шетіне өріліп, тоқтаусыз тірліктің үніндей тыным таппайды. Әлемдегі ең үлкен аквариумдердің бірі адамға құрғақ күйінде-ақ судың астында тұрғандай әсер береді.

Өз иықтарымен көк аспанды тіреп тұрған зәулім ғимараттар қала сәулетіне ерекше сән беріп тұр. Ал жасанды аралдары Табиғат атты алып суретшінің шеберлігімен үндесіп, құрлық пен суға қала тынысын сыйлап, аймақтың ажарына көрік үстегендей.

 

Кезінде ең биік ғимарат болған Вавилон мұнарасы да өз асқақтығын жоғалтпақ емес. ....Адам ойы мен еңбегінің жемісі биікке ұмтылған халықтың рухын паш етіп, асқан шеберлік шыңын бағындыра жарқырайды. Заманның жаңалығын бойына жапсырған қала ұлттық нақышын жоғалтпастан әлемнің ең ірі мекеніне айналып келеді.

Менің арман қаламда өмір ағымы тыныш, бір ырғақпен өтеді. Бір-біріне құшағын айқара ашқан адамдар мейірімге толы жүрегімен жарық жалғанның тәттісін бұйырғанынша қанжығасына байлап,  ата дәстүрді бағдаршам қып, сырғыған уақытқа өз халқының атын алтынмен аптап жазуда... 

Аппақ арманыма айналған арайлы қалам, Шығыстың шырайын келтірген Дубай шаһарының көңілімдегі келбеті міне, осындай...Сәтін салса, сахараның салтанатын көзбен көріп, жүрекпен сезінгенге не жетсін?!

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған