Сәнқой аруларға арналған таңғажайып мекен

Сәнқой аруларға арналған таңғажайып мекен

Аты аңызға айналған Коко Шанель: «сән өз кезегімен келеді де, өте шығады, ал стиль мәңгілікке қалып қояды» деген екен. Бүгін дәл осы сөзді іс жүзінде дәлелдеу үшін Амстердамда орналасқан сөмкелер мен әмияндар мұражайына ат басын тіремекпіз.

Аталған мұражайда болу бақыты бұйырған кез келген сәнқой ару әртүрлі пішіндегі, түрлі көлемдегі, алуан түстегі таңқаларлық аксеcсуарлардың куәгері атанып, естен кетпес әсерге ие болады. Мұражайға шамамен 4000-дай экспонат қойылған және нидерландықтар мұның әлемдегі ең үлкен коллекция екендігімен мақтанады.

Біздің ғасырдың «ең сәнқой аруы" деген атақты Hendrikje Ivo-ның коллекциясынан сөмке иемденген аруға тағуға әбден болады. Оған мұражайды бастан-аяқ өз күшімен тұрғызу үшін 35 жыл қажет болған.

Бәрі қалай басталған еді? Мұражайдың негізін қалаушы апамыз ең алғаш рет 1820 жылы Германияда тасбақаның сауытынан жасалған әмиян сатып алады. Осы сәттен бастап оның ерекше сөмкелерге деген қызығушылығы күшейіп, көптеген үлгілерін жинауды әдетке айналдырады. Сөмкелер топтамасы 3000-ға жеткенде (Ортағасырлардан бүгінге дейінгі аралықтағы) Hendrikje Ivo көпшілік алдына көрсетілімге шығаруды ойлайды. О баста көрсетілім залы ретінде өзінің екі қабатты вилласы таңдалып алынса, 2007 жылдан бастап мұражай Амстердамдағы XVII ғасырдан қалған ең беделді патриархтық ғимаратта ұйымдастырылып келеді.

Мұражайдағы ең ескі сөмкелерді сонау ерте ғасырларда әйелдер мен ерлер тиындарын, кілттерін, тігін бұйымдарын тығып алып жүру мақсатында қолданатын болған. Олар киімнің ішінен тағылады. Кейіннен ерлердің шалбарларының қалтасы, әйелдердің кең етекті белдемшелері пайда болған соң, мұндай сөмкелер қолданыстан шығып қалды. Есесіне олардың орнын тығып емес, сәнге сән қосу мақсатында пайдаланылатын әдемі әрленген сөмкелер басты.

XVIII ғасырда өнеркәсіп пен техника дамып, теміржолдар салына бастаған кезде халыққа мықты материалдан жасалған, өте көлемді сөмкелер қажет болды да, осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында жасалған сөмкелер біраз уақыт сәнде жүрді.

Ал 1950 жылдары брендті заттар пайда бола бастағанда Chanel-дің сырмалы әмияндары, Hermès Kelly-дің сөмкелері сатылымға шығарыла бастады. Мұражайға бүгінге дейін жоғары баға мен сұранысқа ие Gucci, Chanel, Dolce and Gabbana, Vuitton, Alexander McQueen, Issey Miyake and Stella McCartney сөмкелері қойылған.

Сондай-ақ мұражайда заманауи шеберлердің тақырыптық көрмелері өткізіліп тұрады. Онда әлемнің түкпір-түкпіріндегі аты шыққан жас дизайнерлер өз бұйымдарын қалың көпшілікке ұсына алады.

Мұражайда болған туристер: «Амстердамдағы әмияндар мен сөмкелер мұражайы - кез келген әйел заты үшін нағыз жұмақ» деп баға беретін көрінеді. Ал туристердің пікірлерінің растығына көз жеткізгіңіз келсе, Амстердамға жол тартыңыз!

Суреттер:smi2.ru,kulturologia.ru,wmuseum.ru,earth-tour.ru,parasola.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева