Шенген визасы қалай рәсімделеді?

Шенген визасы қалай рәсімделеді?

1985 жылы 14 маусымда Шенген қалашығында Франция, Нидерланды, Бельгия, Люксембург және Германия Федеративті Республикасы «Ортақ шекарадағы бақылаудың кезеңмен жойылуы туралы» келісімге қол қойды. Бұл келісімнің басты мақсаты ортақ шекара арқылы тауар мен қызметтердің өтуін жеңілдету болып табылады.

Шенген визасы арқылы бірнеше мемлекеттерді аралауға болады. Қазіргі таңда шенген визасы 23 мемлекетте рәсімделеді: Австрия, Бельгия, Венгрия, Германия, Греция, Дания, Исландия, Испания, Италия, Латвия, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Словакия, Финляндия, Франция, Швеция, Чехия, Эстония.

 ҚР азаматтары шенген визасын қалай ала алады?

Шенген визасын кез келген консулдық қызметтен алуға болады. Алайда, ол сіздің қай елге баратыныңызға байланысты. Мысалы, сіз Франция еліне сапарға шықсаңыз, алдымен Франция мемлекетінің еліміздегі консулдық қызметіне барып, шенген визасын рәсімдейсіз. Ал егер де сіз бір емес, бірнеше мемлекетке жол тартсаңыз, қай мемлекетте ең көп тұрақтауды жоспарласаңыз, сол елдің консулдық қызметіне жүгінесіз. Шенген визасының бірнеше түрі бар. С категориялы виза түрі кең таралған. Бұл виза бір және көп мәртелі (мультивиза) болып есептеледі.

 Шенген визасын алудың талаптары:

  • Шенген визасын алуға арыз берген азаматтың шетелдік төлқұжатының (паспорт) берілген мерзімі 2002 жылдан кейінгі жылдар болуы керек. Төлқұжаттың кем дегенде екі беті толтырылмаған таза болуы тиіс;
  • Сапар мақсаты мен барысын айқындайтын құжаттар болуы тиіс: іссапар, демалыс, шақырту, туристік ваучер т.с.с;
  • Ақша қаражаттары жеткілікті болуы керек (1 күн=100 АҚШ доллары);
  • Халықаралық медициналық сақтандыру куәлігі міндетті түрде қажет;
  • Сауалнама толтырылуы тиіс.


Шенген визасын алу үшін қажетті құжаттар:

  • Шетелдік құжат;
  • Жұмыс істейтін мекемеңізден қызметіңіз бен айлығыңыз туралы анықтама;
  • Неке қию немесе ажырасу туралы куәлік;
  • Валюталық шотыңыз туралы анықтама;
  • Әуебилет;
  • 3,5х4,5 фотосурет (2 дана);
  • Ата-анаңыз, жолдасыңыз және балаларыңыз жайлы толық ақпарат.

Шенген визасы қандай жағдайда берілмейді?

  • Қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретін азаматтарға шенген визасы берілмейді.
  • Шенген аймағына кіретін елдердің біріне сапар шегу белгілі бір себептерге байланысты рұқсат етілмесе, виза берілмейді.
  • Алдыңғы визалық тәртіпті бұзған жағдайда берілмейді.
  • Егер де сізге белгілі бір себептерге байланысты шенген визасы берілмесе, сіз үш айдан кейін қайтадан арыз бере аласыз.
  • Консулдық қызмет рұқсат беріп, ал шекарашылар сапар барысында мемлекетке кіруге жол бермеуі мүмкін. Бұл жағдайда шекарашылардың рұқсат бермеуге толық құқығы бар. Мысалы, сіз төлқұжатта көрсетілмеген мемлекетке бас сұға алмайсыз. Ең әуелі, сіз төлқұжатта көрсетілген мемлекетке аяқ басуыңыз керек. Бес күн ішінде басқа аймақтарға бара аласыз. Сондай-ақ, Шенген аймағындағы кез келген мемлекеттік ішкі шекаралық бақылау тәртібін енгізуі мүмкін.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған