Су астындағы қала

Су астындағы қала

Қытай – өзінің ақылмен өлшенбейтін, санаға сыймастай түрлі кереметтерінің арқасында әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған туристерді баурап алатын алып мемлекет. Мұнда болғандар Ұлы Қытай қорғанын немесе Пекиндегі Императордың жазғы сарайын тамашалап қана қоймай, Аспан асты елінің жауһары саналатын - Цяньдаоху (Qiandao) немесе мың аралдың өзенінің куәгері бола алады. 1078 аралдан тұратын таңқаларлық өзен Чжэцзян провинциясындағы гидроэлектрлік станцияның құрылысынан кейін қолдан жасалған.

Өзен өзінің таза суымен танылған және бұл жерден атақты Nongfu Spring сусыны шығарылады. Бәрін айт та, бірін айт, өзеннің түбінде аттары аңызға айналған қалалар бар.

Көптеген жылдар бұрын бұл жерде ГЭС құрылысының нәтижесінде су басып қалған Чуньань және Суйань атты қос үйез болған екен. Өз заманында екеуі де мемлекеттің мәдениет және экономика орталығы болған деседі.

Аталған екі үйезбен бірге 27 қала, 1377 ауыл және мыңдаған үйлер су астында қалған. Үкіметке 290 000 адамды қоныстандыруға тура келді.

Білесіз бе, бір таңқаларлығы, Табиғат су астындағы қалаларды бұзылмаған күйі сақтап келген. Осының әсерінен, аквалангшыларға өркениеттің көптеген қалдықтарын іздеу барысында ешқандай қиындықтар туған жоқ. Өкініштісі, үкімет алдыңыздағы суреттегі тамаша ғимараттарды судың қаупінен құтқаруға ешқандай қадамдар жасап отырған жоқ. Әйтпегенде, бұл қалалар талайды тамсандыратын туристік нысан болар ма еді.

Суреттер:bigpicture.ru,yznavai-mir.ru,animalworld.com.ua

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева