Мәңгілік "ақ қардың" мекені

Мәңгілік "ақ қардың" мекені

Қадым замандардан бері адам баласы небір ғажайыптарды қолымен тұрғызып, өрнектеп, безендіріп, сәндендіріп, ақылға сыймастай етіп жасап, келешекке мұра етіп қалдырған. Ол түсінікті. Ал Табиғат-Ана ше? Оның құдіретін қалай түсіндіресіз?

АҚШ-тың Нью-Мексикасындағы White Sands ұлттық ескерткішіндегі мына құбылысты түсіндіріп көріңізші!

Біздің түсінігіміздегі құм бір бөлек  болса,  Америка даласындағы құмды дала мүлде басқаша. Әлем туристері бұл даланы «мәңгілік ақ қардың мекені» деп атайды. Мұның сыры ондағы құмның түсі ақ қардай аппақ болуында екен.

Ұлттық ескерткіш Сан-Андрес және Сакраменто тауының ортасында, теңіз деңгейінен 1291 метр биіктікте орналасқан. Алып жатқан көлемі - 710 кв. км.

Бірнеше шақырым алыс жерден қарасаңыз, құмды төбелер Антрактидадағы қарлы жазықтықтарды еске салады. Алайда бұл қарлар жаздың аптапты ыстықтарында да ерімейді. Ақ құмның құрамында өте ұсақ гипс кристалдары бар.  Құм дейміз-ау, алайда ақ түсті заттың атауын селенит деп айтады. Оның ерекшелігі: құм секілді күнің әсерінен қызып кетпейді. Сондықтан, жаздың аптапты ыстық күндерінде жалаң аяқ қыдыруыңызға әбден болады. Дегенмен мұндай серуен үшін қыс мезгілі өте ыңғайлы болып келеді.

Табиғаттың құпиясын бірге шешіп көрейік!

Ел аузындағы әңгімеге сенер болсақ, бір кездері бұл жерлерде суы мол арал болған деседі. Кейіннен суы тартылып, Отеро атты өзенге орнын босатып береді. Өкінішке орай, мыңдаған жыл бұрын Отеро өзені де жоғалып кетіп, орнында селенит пен гипс кристалдары қалып қойған.

Құмды дала өзінің көрген көзді ынтықтырар таңғажайып сұлулығының арқасында талай жырлар мен шығармаларға, тіпті аңыздарға арқау болған.

Бұрын ақ қардың мекенінде қорықшылар әртүрлі қаруларды сынайтын болса, 1945 жылы алғашқы атом бомбасы дәл осы жерде сыналды. Ал бүгінгі күні туристер мұнда сейіл-серуендер ұйымдастырып, ақ қардың құшағында суретке түседі. Және жыл сайын әуе шарларының фестивальдары осы мекенде өткізіліп тұрады.

Суреттер: kulturologia.ru,liveinternet.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева