Жылы шырайлы хайуанаттар

Жылы шырайлы хайуанаттар

Тар қапасты торлар... Салы суға кеткен жануарлар... «Аң өте қауіпті» немесе «тамақ беруге тыйым салынады!» деген жазбалар... Дәл осындай көріністі бұрын қай жерден көріп едіңіз? Есіңізге түсті ме? Дұрыс, дұрыс, хайуанаттар бағында! Біздің санамыздағы кез келген хайуанаттар бағы осылай қалыптасқан.

Алайда, Буэнос-Айрестегі Лухан зообағында мүлдем басқаша жағдай орын алған. Баққа келушілер қарапайым ғана торларға емін-еркін кіріп, хайуанатты қалағанынша тамақтандырып, естелікке суретке түсе алады.

Қорбаңдаған аюларды жүзімен, алып пілдерді түрлі тәттілермен қоректендіріп, жолбарыстың арқасына мініп серуендеу үшін  ертегідегідей «жүрек жұтқан» батыр болудың қажеті жоқ! Себебі, ондағы хайуанаттардың мейірімділігі  мен бауырмалдығы соншалықты, сіздің бұл әрекеттеріңізге марқайып қалмаса, еш ашуланбайды!

Зообақ 1994 жылдан бері хайуанатсүйгіш қауымға аянбастан қызмет етіп келеді. Және он сегіз жыл бойы бірде-бір жазатайым оқиға орын алмаған. Әкімшілік қызметкерлері үлкендерден де, бөбектерден де рұқсат қағазын сұрамастан жыртқыштармен әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік береді.

Мұның сыры неде? Неге бұл жыртқыштар өзгелерге ұқсамайды? Көптеген мамандар хайуанаттарға есірткіге ұқсас дәрі-дәрмектер берілетіндіктен осылай болады деп тұжырым жасаған. Дегенмен, қызметкерлер бұл жаланы теріске шығарып отыр. Олардың айтуынша: егер ондай дәрілер күн сайын берілетін болса, жыртқыштар әлдеқашан қырылып қалаған болар еді, олардың адам сүйсінетін бұл қасиеттерінің сыры – кішкентай кездерінен бері адамдармен жылы қарым-қатынастарында болуына байланысты екен. Зообақтағы барлық жануарлардың тамақтары уақытылы беріледі. Әрдайым тоқ болғандықтан олардың бойынан қомағайлық сияқты жағымсыз қасиеттерді байқай алмайсыз.

Жергілікті тұрғындар өздерінің көңілінен шыққан хайуанаттарды серуенге немесе үйлеріне алып кетіп жатады, алайда көп ұзамай-ақ оларды қолда асыраудың қиын екенндігін түсініп, өздерінің ыстық ұяларына тапсырады.

Лухан зообағында болған көпшілік  адам мен хайуанаттың арасындағы нағыз достықтың куәгері бола алады. Ал, сіздің өз қалаңыздағы зообақта «жан достарыңыз» бар ма?

Суреттер:avivas.ru,beardeon.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева