Бүгін Бүкіләлемдік солақайлар күні

Бүгін Бүкіләлемдік солақайлар күні

Баршамызға белгілі "мереке" деген бір ғана ұғым болғанымен, оның да біз біле бермейтін алуан түрі бар екендігі шындық. Олардың көптігі соншама, кейде ерекше әрі қызықты мерекелерді ести қалсаңыз, «Ой, тоба-ай, осындай да мереке болады екен ғой!?» деп таңырқап жатамыз. Дәл бүгін сондай ерекше мерекелердің бірі. Айналаңыздағыларға «Бүгін айдың қай күні өзі?» деп, есіңізге түсіре алмай отырған боларсыз, саспаңыз!Мassaget.kz порталы сізге бәрін түсіндіретін болады.

Бүкіләлемдік солақайлар күні ең алғаш рет 1992 жылы 13 тамызда аталып өткен. 1990 жылы бұл мерекені атап өтуді ұсынған - британдық Солақайлар клубы болып табылады. Мереке биыл халықаралық деңгейде жиырмасыншы рет аталып өткелі отыр.

Қазіргі заманда барлық жағдайлар оң қолымен жұмыс жасайтындарға арналған: жазба және асхана қажетіліктері, есіктер мен құлыптар, компьютер тышқандары және т.б. Керек десеңіз, қоғамда солақайлықты кемістік көріп, солақай жандарға үрейлене қарайтын көзқарас жоқ емес. Ертеде адамдар өздерін солақай жандардан аулақ ұстап, кемтарлар қатарына жатқызғандығын да білеміз. Бүгінде мектептерде солақай оқушыларды оң қолымен жазуға, ал үйде ата-аналары оң қолымен жұмыс жасауды, тамақтануды талап етеді.

Халықаралық солақайлар күнінің мақсаты – осы бір табиғатынан жаратылысы ерекше жандарға көңіл бөліп, қамқорлық таныту. Бұл күні әлемдегі 500 миллионға жуық солақай адамдар дизайнерлердің, өндірушілер мен тауар сатушылардың назарын өздеріне аударуға тырысады. 13 тамызда солақайлардың қоғамдық ұйымдары көптегеген іс-шаралармен оң қолды пайдалануға тыйым салатын қызықты сайыстар ұйымдастырады. 

Статистикаға сүйенер болсақ, әлем халықтарының шамамен 10-12 пайызы солақайлар. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, әйел адамдардан гөрі жігіттер қауымы көп жағдайда солақай болып келеді екен. Ал сіз бен біз білетін атақты солақайлардың қатарында: Юлий Цезарь, Жанна д׳Арк, Наполеон, Уинстон Черчилль, Микеланджело, Леонардо да Винчи, Рафаэль, Марк Твен, Чарли Чаплин, Мэрлин Монро, Джим Кэрри, Том Круз, Анжелина Джоли, Николь Кидман, Сильвестер Сталоне, Брюс Уиллис, ағылшын королевасы Елизавета, Бетховен, Грета Гарбо сынды танымал тұлғалар бар. Лондон Олимпиадасында абыройымызды асқақтатып алтын медаль алған Серік Сәпиев те солақай екен. 

Жоғарыдағы тізімдерге қарасақ, солақайлардың жаратылысы расымен де ерекше құбылыс па деген ойға қаласыз. Қандай болғанда да бүгінгі айтулы мерекеде өзіңіз танитын «ерекше жандарды» мерекемен құттықтап қоюды ұмытпаңыз!

Суреттер:prodetey.ru,sunhome.ru,webplus.info

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева