Цукерберг әлемнің ең бай 40 адамының қатарынан шығып қалды

Цукерберг әлемнің ең бай 40 адамының қатарынан шығып қалды

Facebook-тың негізін салушы миллиардер Марк Цукерберг әлемнің ең бай 40 адамының қатарынан шығып қалды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

29 мамыр күні Цукербергтің капиталы 14,7 миллиард долларды құрады. Бұдан 5 күн бұрын, яғни 25 мамыр күні Марктың байлығы 16,2 миллиард долларға бағаланған еді. Бұл Facebook акциясының арзандауымен түсіндіріліп отыр. 29 мамыр күнгі мәліметтер бойынша, әлеуметтік желінің акциясы 28,847 долларды құрап, 9,6 пайызға құлдырағандығы белгілі болған.

Естеріңізге сала кетелік, Facebook биржаға 18 мамыр күні шыққан еді. Акцияның бастапқы құны (IPO) 38 доллар болды. Ал бүкіл желі шамамен 104 миллиард долларға бағаланған. Дегенмен келесі күні-ақ акцияның құны бастапқы бағадан төмендеп, ақыры компания осы периодта акция құнының 24 пайызын жоғалтып алды.

Осыған қатысты Чикагодағы "BMO Harris Private Bank"-тың директоры Джек Аблин: "Бұл оқиға компания биржаға акцияларының тым көп бөлігін шығарып жібергендігінің көрінісі. Олардың бастапқы кездегі бағалануы да тым дөрекі болды", - деп сұхбат берді.

Осылайша Bloomberg Billionaires Index рейтингісіндегі 40-орынды колумбиялық миллиардер Луис Карлос Сармьенто басты. Рейтингті жасаушылар оның байлығы 15,5 миллиард доллар деп отыр.

сурет: 3dnews.ru