Ыстық көл қонаққа шақырады!

Ыстық көл қонаққа шақырады!

Туған жерінің топырағын қадір тұтып, мәдениеті мен өркениетін қатар дамытқан әр мемлекеттің өзіне ғана тән мақтанышы бар. Сол мақтанышын көзінің қарашығындай сақтаса, екіншілері оны көршілерімен бөлісуді жөн көреді. Қазақстанда шыңы асқар Алатау, жазы жайсаң кең жайлау, құрылысымен тамсандырған Бәйтерек, тәтті дәмімен тіл үйірген апорт алма, жер асты мұнайы бар. Франция Эйфель мұнарасымен көзге түссе, Ресей халқы Эрмитажымен мақтанады. Ал Түркия телехикаялары арқылы танылған жерлерді туризмнің қайнар көзіне айналдырған. Ал өзге түркі халықтары ше? Кезекті материалымызды ағайын бауырларымыз Қырғызстандағы Ыстық көлдің көздің жауын алып, таңдай қақтыратын әсем жерлеріне арнамақпыз.


Ыстық көл – әлемнің ең үлкен 25 көлінің қатарынан орын алатын Қырғызстанның жауһары. Тереңдігі жағынан 7-орында. Солтүстік Тянь-Шаньдағы Күнгей Алатау мен Теріскей Алатау жоталарының аралығында, 1608 метр биіктікте орналасқан. Көлдің өзі ағынсыз болса да, оған 80-ге жуық кіші өзен келіп құяды. Олардың ішінде ең үлкені шығыстан келіп қосылатын - Түп пен Жырғалаң. Ал батыс бөлігіне Шу өзені жақын. Ыстық көлдегі судың деңгейі бірнеше онжылдықта өзгеріп отырады. Яғни бірде көтеріліп, бірде түседі. Судың минералдылығы - 5,90 %.


Аумағы 6236 шаршы километрді құрайды, ұзындығы - 178 километр, ен бөлігі – 60 километр, ең терең жері – 668 метр, орташа тереңдігі – 278 метр, көлемі – 1738 куб километр. Жағалық сызығының ұзындығы – 597 километр. Бірнеше қала тұрғындарын жағалауында біріктірген алып көлдің жалпы аумағы - 21,9 000 шаршы километр. Жағажайының климаты теңізге сәйкес келеді. Мұнымен қатар көл өзінің айналасындағы қалалардың ауа райына әсер етіп отырады. Қаңтар айында Тамға қаласының орташа температурасы - 2°С болса, Чолпан-Атада − 3°С, Қаракөлде - 6°С. Ал шілде айының орташа температурасы - +17°С.

 


Ыстық көлдің атауы Қырғыз тілінде «ысык кёль» деп жазылады. (Көл мөлшерден тыс тұщы болғандықтан, қыста үстіне мұз қатпайды). Алайда географ және топонимист Мурзаева Э. М. аудармасы «қасиетті» дегенді білдіретін «ызык, эзых» сөзінен шыққан дейді.


Оны Қырғыздар сонау ерте кезден қадір тұтқан. Ең алғаш Ыстықкөл туралы мәлімет б.з.д. II ғасырда жазылған Қытай деректерінде кездеседі. Ол жерде «ыстық көл» деп аударылатын «Же-Хай» сөзімен аталған. Алайда бұл аймақты зерттеу тек XIX ғасырда қолға алынған. Мұнымен қатар өзін осы жағалауда көмуді өтінген Н. М. Пржевальский де зерттеген.  


Дәл қазіргі уақытта Ыстық көл жағалауы бос тұр. Бірақ қонақ үй мен жергілікті тұрғындар қонақтарды күтіп алу үшін сақадай сай дайын. Алғашқы туристер легі мен журналист қауымы жиналған жиында Қырғыз премьер-министрі Джоомарт Оторбаев демалыс маусымын ашық деп жариялады. Салтанатты жиын Шыңғыс Айтматов атындағы «Рух Орда» мәдени орталығында өтті.


Туристер өз көлігімен де, арнайы ұшақпен де барады. «Эйр Астана» компаниясының жолаушыларды тасымалдау барысында қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз ететін ұшақтары бар.

2011 жылы 3 қарашада Алматы - Бішкек рейсі, 2013 жылы 23 сәуірде Астана – Бішкек - Астана рейсі ашылған.

Алматы – Бішкек - Алматы рейсі ашылған уақыттан бастап 81 218 адам, 98 306 келі жүк, ал Астана – Бішкек – Астана рейсімен 14 362 адам мен 1 589 келі жүк тасымалданған.


Алматы мен Бішкек қалалары арасында қатынайтын рейс дүйсенбіден өзге күндері ұшады, ал Астана Бішкек аптасына 3 рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері реактивті Embraer-190 ұшақтары арқылы қатынайды. Рейс ұзақтығы Астана – Бішкек – 1 сағат 45 минут, Алматы – Бішкек – 1 сағат.

Алматы-Бішкек-Алматы маршрутының ең арзан бағасы – 23 579 теңге, ал Астана – Бішкек – Астана – 46 138 теңге.

Арнайы Massaget.kz үшін Қырғызстаннан: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай