Ыстамбұл сапары

Ыстамбұл сапары

Асыға күткен жаз айы да басталып кетті. Демалыс күндерінде шетелге саяхат жасуды жоспарлап отырғандар жетерлік. Өткен жолы теңізге түсіп, күнге қыздырынғысы келетін қазақстандықтардың көбісі Түркия жағажайларына жиі баратыны жайлы айтқан болатынбыз. Сол себепті, бүгінгі Түркия қазақстандық саяхатшыларды қандай ерекшелігімен баурап алғанына көз жеткізу мақсатында Түркияның Қара теңіз аймағындағы Трабзон, Орду, Ризе қалаларына саяхаттап қайтқан едік. Саяхатты сүйетін оқырмандар үшін туристік орталықтар турасында аз-кем мәлімет беріп отыруды жөн деп таптық.

Біздің бүгінгі сапарымыздың бағыты Ыстамбұл қаласы болмақ...

Ыстамбұл қаласы - ежелгі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы болған тарихи қала. Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз жағалауында орын тепкен бұл алып шаһардың тамыры тым тереңде жатыр. "Көне Константинопольдің" "Сырлы Ыстамбұлға" дейінгі жолы тарих толқынының қат-қабат белестері арқылы аян.

Ыстамбұл мемлекеттің ең ірі сауда-саттық, қаржы, өнеркәсіп, мәдени және ғылыми орталығы.

Әдемі келбетімен әлемді сүйсіндіріп, тарихи орындарымен талайды таң қалдырған Ыстамбұл қаласы 2010 жылы Еуропаның мәдени астанасы атанған болатын.

Ыстамбұл қаласында 2013 жылғы соңғы санақ бойынша 17 миллион адам тұрады. Яғни, бір қаланың өзінде барша Қазақстан халқы өмір сүріп жатыр деген сөз. 

Ыстамбұлдың басты ерекшелігі, Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін жалғап, Азия мен Еуропаны қосып тұрған Босфор бұғазының жағасында орналасуында жатса керек.

Босфор бұғазының үстінде салынған көпір 1973 жылы қазан айының отызында Түрік Республикасының 50 жылдық құрметіне орай ашылған. Ұзындығы 1074 м, биіктігі 64 м. Оның құрылысын салуда түріктермен қатар ағылшын, неміс, жапон мамандары да еңбек еткен. Қазір бұл көпір жаңа Түркияның негізгі символдарының бірі саналады.

Түнгі Ыстамбұл.

Ислам және әлем архитектурасындағы ғажайып туындылардың бірі әрі бірегейі – Сұлтан Ахмет мешіті. Мешіт бүгінде туристер жиі бас сұғатын орталыққа айналған. Қолына фотоаппаратын ұстап алып, таласа суретке түсіп, таңдайын қаққан туристерде есеп жоқ. 

Бұл мешіт 1609-1616 жылдар аралығында сол кездегі Осман империясының падишаһы I Aхметтің әмірімен салынған. Сол уақыттарда Осман империясы Австрия және Иран елдерімен соғыс жүргізіп жатқан болатын. Осман әскерлері жеңіске жете алмай, сәтсіздіктерге ұшырап, күйрей бастаған кезде, небәрі 19 жастағы дініне берік I Aхмет патша Алладан мейірім тілеп, жаңа мешіт салуға әмір береді. Оның үстіне сол кездегі түрік сұлтандары 40 жыл бойы бірде-бір жаңа мешіт тұрғызбаған екен. 

Мешіт 6 мұнаралы, биіктігі 43 метр, ал диаметрі 23,5 метр ауқымды алып жатқан ғажап көк күмбезбен көмкерілен. Бас сәулетші – Седефкар Мехмет Ага. Салынып біткен кезінде мешіт мұнарасы жағынан киелі Меккедегі қасиетті Әл-Харам мешітімен теңеседі. Бұл жағдай халық арасында наразылық туғызады. I Aхмет мәселені Әл-Харам мешітіне тағы бір жетінші мұнара салуға әмір беруі арқылы шешеді.

Айя София музейі көне сәулет өнерінің үлгісінде салынған Ыстамбұлдағы ірі мешіттердің бірі. Iргетасы Византия императоры Константиннің бұйрығы бойынша қаланған. Б.з. 532 – 537 жылдар аралығында 10 мың жұмыскер қызмет етіп, 5 жылда салып бітірген. Оның биіктігі – 55.6 м, диаметрі – 31.4 м. Күмбездіктің 40 терезесі бар. 1453 жылға дейін ғибадатхана қызметін атқарған. Осман империясының қол астына өткеннен кейін, мешіт ретінде пайдаланылды. 1935 жылдан бері музей қызметін атқаруда.

Ыстамбұлдың әр бұрышынан аспанға қол созған биік мұнаралар мен күмбездер бірден көз тартады. 

Ыстамбұл қаласы туристер көп келетін әлем қалаларының ішінде үздік бестікке кіреді. Қаланы аралап жүріп алыс-жақын шетелдерден келген еуропалықтар мен азияттықтарды жиі кездестіре аласыз.

Қысық көз қытайлықтар мен жопандықтарды көргенде "қазақ емес пе екен?" деп қаласың. Өзге тілде сөйлей бастаған кезде шатастырғаныңды бір-ақ сезесің. Алып қаладан басқа-басқа "Ринголықтарды" кездестіріп қалғанда, ағамызды көргендей қуандық. Олар да бізді "жұлдыз" екенбіз демей жылы қабылдады. Жігіттер түрік еліне бейнебаян түсіру үшін келген екен. "Клип түсіріп болдық, бұйыртса ертең Мәскеу қаласына жол жүреміз. Ол жақта өнер жұлдыздары арасында футболдан үлкен жарыс өтеді. Сол жарыста Қазақстан атынан біз де қатысамыз", - дейді жігіттер. 

Түріктер саудагер халық. Түріңе қарап турист екеніңді байқаса, сұраған затыңыздың бағасын көтеріп айтады. Сондықтан бастапқы бағаны түсіру үшін біраз саудаласуға тура келеді. 

Қалада түрік тағамдарын әзірлейтін мейрамханалар мен шағын кафелер өте көп. Бұл жерден түріктің "Ескендір Кебаб", "Адана Кебаб", "Кофте" сынды ұлттық тағамдарынан дәм тата аласыз.

Арнайы Massaget.kz үшін Ыстамбұлдан Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Н. Айдархан