Шет елдіктерді қайран қалдырған қара домбыра

Шет елдіктерді қайран қалдырған қара домбыра

Түркия астанасында Халықаралық Студенттер Қауымдастығының ұйымдастыруымен Түркияда білім алып жатқан әлем елдерінің студенттері бас қосты. Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған шара барысында әртүрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды. 

Бүгінде Түркияда 160 мемлекеттен келген 55 000 (елу бес мың) студент білім алып жатыр. Шараның негізгі мақсаты өзге мемлекеттердің мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен жақынырақ танысып, толығырақ ақпарат алу және студенттердің достығын нығайту болып табылады.

Аталған шараға Анкара қаласында білім алып жатқан қазақ студенттері де қатысты. 

Студенттеріміз шетелдіктердің Қазақстан хақында қойған сұрақтарына жауап беріп, толығырақ мәлімет берді. 

Қазақтың қара домбырасына қызыққандардың қатары көп болды. Қазақ студенттері қонақтардың өтініші бойынша ән салып, күй тартып берді.

Қара нәсілді қонақтар да қазақтың ұлттық киімін киіп, домбырасын қолға ұстап көрді.

Жергілікті түрік ағайындарымыздың бірі асықтарымызды көріп, балалық шақта ойнағандарын айтып, ағынан жарылды.

Аулаға арнайы ақшаңқан киіз үйіміз тігілді. Бұл - түркі тілдес елдердің ортақ үйі киіз үй болғанын әйгілеп тұрғандай. 

Көрмеге келген халықта есеп болмады. Студенттерге білгісі келген сұрақтарын қойып, әр мемлекеттің ұлттық киімін киіп суретке түсті.

Әр мемлеккеттің студенттері өз елін жақсылап таныстыру жолында аянып қалмады. Тіпті, кейбір елдің жастары ортаға шығып, ұлттық билерін де билеп берді. 

Араб қызы Минас: "Көрмені ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, өзім үшін көптеген керек ақпараттар алдым", - дейді. 

Арнайы Massaget.kz үшін: Түркиядан Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Н. Айдархан