"Маевкаға" шыққанда ұмытылмауы керек нәрселер

"Маевкаға" шыққанда ұмытылмауы керек нәрселер

Көктем келіп, күн жылынысымен әріптестеріміз, дос-жаран, сыныптастарымыз, топтастарымызбен тауға, қырға, көлге саяхатқа шығып жатамыз. Бұл тіпті жазылмаған заңдылыққа айналып кетті десе де болады. Көктемнің осындай мүмкіндігін пайдаланбай қалу өкініш те тудырып жатады. Бүгінгі жазба жыл сайын қайталанатын дәстүрлі сапар немесе маевка жайлы болмақ.

Ең алдымен саяхаттың бағытын анықтау маңызды. Қайда барасыз, жету үшін қанша уақыт керек, жол қандай, тоқтайтын "аялдамалар" бар ма? Мәселен, 20-25 шақырымды 5-7 сағатта жаяу бағындыруға болады. Ал көлікпен шықсаңыздар, тіптен жақсы. Мақсатты жерге қонғыларыңыз келсе, жұма күні кешке немесе сенбі күні кешке шығып кету керек.

Қаншалықты қысқа болса да кез келген саяхат ұйымшылдықты талап етеді. Көлік мәселесін, ақша, апарылатын заттарды, адамдарды бір орынға жинауды мойнына алатын бір адам қажет. Және ол адам барлығын тыңдата алу керек. Сонда ғана жүйелі, естен кетпес сапарды бастан өткересіз.

"Сапарға не алып шығамын?" – ендігі шешімін табуға тиіс мәселе. Себебі, қажеттіліктерсіз сапар толықтай ләззат сыйлай алмайды. Қолыңызға қалам мен қағаз алыңыз да өзіңізбен алатын заттардың тізімін құрастырыңыз. Ал алаша, самаурын, қазан, лашық, сіріңке, мангал сынды заттарды кім алатынын өзіңізбен бірге баратын сапарластармен ақылдаса шешу керек. Бұл саяхатқа өзіңіз және сүйіктіңіз баратын болса, оларсыз-ақ, қызықты сапар жасауға болады. Сонымен, біз ұсынатын тізім төмендегідей:

Аспалы сөмке. Бұл біздің дәстүрде бар. Сапарға шығу десе, өзімізде жоқ сөмкені өзгеден сұрауға дейін барамыз. Аты сөмке ғой деп кез келгенін алуға болмайды. Бастысы ыңғайлылығын ойлау керек. Заттар сыйымды, өзі жеңіл және ұстауға қолайлы болса, ең үлкен мәселені шештім дей беріңіз.

Фотоаппарат немесе видеокамераБүгінде бұл қажеттіліктің орнын әр түрлі смартфондар мен планшеттер басып жүр, солай болғанымен, ондағы әсер сапалы фотоаппаратпен түсіргендей болмайды. Оның үстіне мойныңызда фотоаппарат ілулі жүрсе, соның өзі бір керемет сезім емес пе?

Артық киімдер. Ең негізгілері: қалпақ, артық аяқ киім, жылы жемпір және міндетті түрде бірнеше шұлық, суға түсетін киім.

Аксессуарлар: күннен қорғайтын көзілдірік, шаппа пышақ, оттық, қалта шам, қолшатыр т.б. Барлық заттарды жеке қалтаға салып жүргеніңіз өзіңізге жақсы.

Ыдыс-аяқ. Өзіңіздің жеке қасық пен шанышқыңыз және су ішетін ыдысыңыз болуы керек, басқасын өз керегіңізге орай қосасыз.

Дәрі-дәрмек. Адамдардан жырақ жерде мүмкін емес нәрсенің өзі орын алып жатады. Құдай сақтасын, таудан құласаңыз немесе жылан шағып алса, не болмақ? Сондықтан, дәрі қобдишасы жаныңызда болсын.

Қаражат. Сондай-ақ, сөмкеңіздің бір бұрышында азын-аулақ ақша мен төлқұжатыңыздың болғаны абзал. Ине-жіп пен қайшыны да ұмытпаңыз.

Гигиеналық заттар: дымқыл және құрғақ сулық, сабын, тіс щеткасы мен тіс пастасы да міндетті түрде салынсын.

Азық-түлік. Тізімнің басында су тұруы керек, мейлі жарты литр су болса да, сіздің жаныңызда болғаны дұрыс. Өзіңіз ұнататын нан түрі, паштет, дайын бутерброд немесе дайындалатын ингредиенттер, өзіңіз ұнататын алма, алмұрт, банан, қызанақ, қияр сынды жемістер мен көкөністер, кептірілген жемістер, шемішке мен чипстар, әр түрлі печеньелер мен сапалы шоколадтар (сникерс, туик, альбени т.б), шұжық және ірімшік, айран, қымыз, құрт т.б. Тағам таңдауда оның сақталу мерзіміне (ашып кетпейтіндігіне) және салмағының жеңілдігіне, көлеміне, тойымдылығына, калориясына назар аударыңыз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com