Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әлемтану / Саяхатты сүйемін / Арайлым Мәулемсейітқызы: "Әр адам – өз өмірінің қожайыны"

Арайлым Мәулемсейітқызы: "Әр адам – өз өмірінің қожайыны"

Арайлым Мәулемсейітқызы:

Алда жаздың жайдарлы күндері мен еңбек демалысының маусымы күтіп тұр. Тағы да бір қысты артқа тастап, жоспар құруды бастап та кеттік. Сол жоспарыңыздың ішінде демалысты шетелде өткізу бар болса, бүгінгі сыр-сұхбатымыз  пайдаңызға жарап қалар деген ниеттеміз. Бірнеше жылдан бері аударма және туризм саласында қызмет етіп жүрген маман Арайлым Мәулемсейітқызы Әлемтану айдарының сұрақтарына жауап берді.

– Сәлеметсіз бе, Арайлым! Қалыңыз қалай? Негізгі сұрақтарға көшпес бұрын, оқырмандарымызға өзіңізді таныстыра кетсеңіз...

- Мен Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты кішігірім ауылда туып-өскен қарапайым қазақ қызымын. Балалық шағымнан болашақ мамандығымды таңдап талпынбасам да, "көре-көре көреген боласың" демекші, теледидардан шетел жаңалықтарын естігенде, олардың өмірі, тілдері қызықтыратын. Осылайша Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіндегі аудармашы факультетін таңдауым кездейсоқ болмады. Мамандығым – аудармашы-референт. Қазіргі таңда екі салада қызмет көрсететін кішігірім жеке кәсіпкерлік иесімін: аударма және туризм. Жеке кәсіпкерлік ісін ашу аса үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, ұзақ уақыт ойланып жүріп, тек қана өткен жылдың мамыр айында қолға алдым. Туризм саласын дөңгелетіп кету үшін өзімнің талпынып, оқып-үйренгендерім жеткіліксіз болғандықтан, мамандығымды шыңдау үшін Шығыс Азия елдерінде біраз уақыт тұрып, қыр-сырын үйреніп қайттым және осы күндері де ақпараттық турларға түрлі елдерге шығып тұрамын. Бір жылдан аз уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізбесем де, құралақан емеспін десем мақтанғаным болар (күліп). Ал аударма саласына келсем, осыған дейін бірнеше үлкен шығарма аудардым. Оның басым бөлігі әдебиет саласында, оның ішінде қазақ фольклоры жайлы университет мұғалімдері, студенттер жазған ғылыми жұмыстар, диссертациялық жұмыстар. Ауызша аудармаларға келсем, соңғы ауқымды тақырыбым атомдық қарусыздандыру мәселесі бойынша болды. Бізге келген кейбір қонақтарды қарсы алып, бейресми кездесулеріне қатысып, аудармашы қызметін көрсеттім, жақында осы өзекті мәселе туралы Гаагада саммит болып өтті. Ең үлкен жетістігім ретінде Қазақстан университеттеріне осы жылғы күз айларынан бастап енгізілетін жаңа кітаптың ағылшын тілінен қазақ тіліне аудармасын жасауымды атап өтер едім.

– Өткен жылға шегініс жасап көрейікші. Былтыр сіздердің статистика бойынша қазақстандықтар қай елге көп шықты, бағалары қалай болды? 

- Жыл сайынғы негізгі туристік бағыттар: Түркия, Тайланд, БАӘ, Қытай, Испания, Италия, Франция, Грекия, Мальдив аралдары, Канарлық аралдар (Доминикан, Куба, Мексика), Болгария, Хорватия, Корея және т.б. Қазақстандықтар көбіне әуежайда/шекарада кіру визасы қойылатын елдерге саяхатты таңдайды. Шенген аймағындағы мемлекеттерге соңғы енгізілген өзгерістерге байланысты (саусақ іздері таңбасын алу) виза ашу жұмысы қиындап тұр. Статистикада кейде жуықтап алынған санның өзі тіптен сәйкес болмай шығады. Мысалы, көршілес Ресей мемлекетіне шығып жүрген азаматтарды көбіне турист деп санамаймыз, алайда Ресейдің Қазақстанмен шекаралас қалаларынан саяхатқа аттану әлдеқайда арзан, соны білетін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары тек Ресейден аттанады.


– Жалпы қазақстандықтар қай елдерді таңдап жатады? Оның себептерін де айта кетсеңіз...

- Мысалы ертең ұшып кетемін дейтін туристерді қысы-жазы Малайзия, Тайланд, талғампаз, қалтасы қалың азаматтарды Мальдив аралдары, Канар аралдары әрқашан құшақ жая қарсы алады. Негізі әр ел өз алдына ерекше, мысалы сауда-саттық жасаймын деушілерге Германия (қаңтардың соңғы дүйсенбісінен басталады), Италия (қысқы сатылым жетінші қаңтардан басталады), Франция (қысқы сатылым он бесінші қаңтардан басталады, жазғы сатылым маусым айынан басталады) немесе БАӘ, ал тек қана жағажай турлары Испания, Доминикан, Мальдив, экзотикалық турларға Тайланд, Бали, Сейшелы, емдік турларға Чехия, Болгария, қысқы спорт түрлерін таңдағандарға Андорра, Франция, экскурсиялық турларға Еуропа қалалары және тағы басқа айта берсе туризмнің бағыттары көп және Қазақстанда осы бағыттардың барлығы дамыған. Круизға аттанам деушілерді де Жерорта теңізі, Атлант мұхитына, яғни, маусымдық уақыты болса, қалаған аймағына демалуға жібере аламыз. Сонымен қатар, қазақстандықтар негізі маусымдық турларды жақсы алады, әсіресе жақсы жеңілдіктерді пайдаланып, екі-үш ай бұрын брондап қою өте дамыған. Жазда жанұя болып міндетті түрде Түркияға барып келетіндердің саны жылдан-жылға артып отырмаса, кеміген емес. Түркияда жанұямен демалу ырымға айналып кеткен десе болады (күліп). Бұл елдің бағаларын былтырғы жылмен салыстырып айтайын, 3-4 жұлдызды қонақүйлер 600-700$, 5 жұлдызды қонақүйлерде кісі басына шаққанда 900-1000$, ал қалтасы қалыңдар үшін 1200$ болады. Сонымен қатар, бізде «күйіп бара жатқан» турлар болып тұрады. Олардың бағасы 500$ көлемінде келеді. Бұл сомаға барлық қызмет түрі енеді: ұшақ билеті, қонақүйден орын, бес уақыт тамақ, арасында тіске басарлары, трансфер, медициналық сақтандыру, гид қызметі. Ал қысқы мерзімде, яғни, мектептердің тоқсандық демалысында, Жаңа жыл қарсаңында БАӘ, Қытай, Тайланд елдеріне ұшаққа билет табу, қала бере жақсы қонақүйлерден орын табу қиындап кетеді. Өткен жылы БАӘ «күйіп бара жатқан» турлар бағасы 350-400$ құрады, негізгі құны 700-800$ басталатын еді. Ал Еуропа елдеріне екінің бірі келісе бермейді, себебі виза ісінің машақаты мол. Банк есебінен анықтама қағазы дегенде-ақ түрлері бұзылып сала беретіндер саны әлі де көп. Бірақ, кейбір елдердің елшіліктері жеңілдік жасап жатады. Мысалы, былтырғы жылы Грекияға турды жұмыс орнынан берілген анықтамамен ашу мүмкіндігі болды. Алайда осы жылы саусақ іздері таңбасын тапсыру жалпыға бірдей міндеттеліп отыр. Дегенмен, барлық талапты орындап, Еуропа елдерін аралап шыққанға не жетсін. Жақын достарымыздың «бармағымды басып, қағаз жинап виза алғаным босқа кетпесін, бір жетіп алайын, барлық жерін жүгірсем де аралап шығам» дегені бар (күліп). 

– Биыл қандай елге шығуға мүмкіндік мол? Жалпы биылғы бағалар туралы айтсаңыз?

– Қазір қысқы турлардың маусымы аяқталып, жазғы маусым қарбаласы басталып кетті. Жазғы бағыттардың бірі ретінде Түркия бірінші орында тұр. Алдын ала брондау бойынша жақсы жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бес жұлдызды кейбір мақтаулы қонақүйлер бағасы кісі басына шаққанда 850-1000$ болады. Талғампаз емес туристер бір аптаға 650-700$ ақшаға демалып келуіне болады. Сонымен қатар Грекиядағы турларға да жақсы жеңілдіктер бар (Родос, Крит, Корфу, Афина). Мұндағы 3-4 жұлдызды қонақүйлер 800-900 еуродан басталады. Былтыр Испанияға Қазақстан қалаларынан турлардың бағасы өте тамаша болды, кісі басына шаққанда он күндік турлар 900-1000 еуродан басталды. Бұлар – ұшақ ауыстырмай, тіке ұшатын бағыттар. Негізінде Ресейдің, Түркияның қалалары арқылы қалаған жағыңызға арзан бағадағы турларды табуға да болады.

– Қазақстандықтарға саяхат үшін ел таңдауда қандай кеңестер бересіз? Ең алдымен неге назар аудару керек?

- Күйбең тіршілікпен кейде жексенбі екенін, демалу керек екенін де ұмытып кетіп жатамыз. Дегенмен, әр адам – өз өмірінің қожайыны. Қалай бағыттасаңыз өмір ағыны солай есіп кете барады. Уақыт тығыздығы, қалта таяздығы... Сылтаулар ешқашан бітпейді. Бір сәт өзіңізді Испанияның жағалауындамын деп сезініңіз... Сіз теңіз бойлап, құм төселген кілеммен жалаң аяқ, аяғыңызға массаж жасап, сангрия сораптап келе жатырсыз. Жаныңыздан гитарамен ән айтып, фламенко ырғағымен бір топ өтіп барады... Айтыңызшы, жүз рет естігенше, мың рет армандағанша, бір рет көрген артық емес пе? Саяхат үшін барлық бағыт қолайлы, әркімнің өз талғамына байланысты. Мысалы, балаларымен қыдыратын жанұяларға балалары да, өздері де зерікпей, көңілді демалып қайтулары үшін жаз айларында Испания, Грекия, Түркия елдеріне баруға кеңес берер едім, бұл мемлекеттерде балаларға арналған клубтар, арнайы анимациялық ойындар, конкурстар көптеп қарастырылған. Тамақ жағынан да ешқандай қиындықтар туындамайды, тіптен талғампаз болсаңыз, Макдональд ағамыз аман болсын (күліп). Жүруден шаршамайтын, тау, қыр асып, қызықты жерлерді, тарихи орындарды көргісі келетін туристерге қалаларға экскурсиялық тур алыңыздар деймін. Кейде дайын тур пакет ұсынып жататындар көп, мұндай турларда бәрі алдын ала сызылып, жобасы құрылып қойған, өзгеріс енгізу мүмкін емес. Сондықтан, қалтаға билетті салып алып, ары қарай өз бағдарламаңызбен жүрген қолайлы болса, Еуропаға барыңыз. Еуропа елдеріне бір барғанда екі аптада асықпай төрт ел аралауға болады: Испания-Италия-Франция-Португалия немесе Шығыс Азия елдеріне барып, Малайзия-Сингапур-Тайланд-Въетнам-Лаос деп бірнеше елді аралап, жаңа піскен экзотикалық жеміс-жидектердің дәмін татып, 1000 теңгеге екі сағат массаж жасатып шыққан қандай керемет! Емдік жағынан Чехияның «Карловы Вары» аймағының, Италияның Фьюджи аймақтарындағы бальнеологиялық жерлері таптырмас орындар саналады. Емделу орындары демекші, еліміздің санаторийларында 10 күндік демалыс 70-80000 көлемінде шығады. Осы бағаға қызметі, тамағы жағынан мақтаулы Түркияға да барып келуге болады. Отандастарымыздың көпшілігі тіл білмейміз деп тартыншақтайды. Осы арада айтарым, тіл мәселесі қазір түбегейлі шешілген, орыс тілді гидтарды айтпағанда, қай елге барсаңыз да «саусақпен» түсіндіріп жіберетін көмекшілер жетеді.


– Құжат мәселесі жөнінде толығырақ, түсінікті етіп айта кетсеңіз...

- Өз елімізде демалып, арасында денсаулықты түзетіп отырған жақсы әрине. Дегенмен, ел кезіп, жер көрем деуші Қазақстан азаматтарына барлық жағдай қарастырылған. Осы арада ҚР СІМ-нің атқарып жатқан істері мақтауға тұрарлық, әсіресе ЭКСПО-ға байланысты көптеген елдермен әуежайда/шекарада кіру визасын қоюға келісімшарттар жасалып жатыр. Сондықтан, қазіргі таңда виза мәселесі де қиындық тудырмайды. Әрине әр елдің қоятын өз талаптары бар, бұл талаптар 1961 жылғы «Дипломатиялық қатынас туралы Вена конвенциясының» талаптарына сай келеді. Төлқұжат мерзімі көбіне алты айдан кем болмауы керек. Қарыздары бар азаматтарды әуежайда тоқтатып, елден шығармай жататын жағдайлар да сиреп кетті, бұл жағынан да мемлекет жеңілдіктер қарастырып, қарызы бар азаматтардың тізімін электрондық жүйеде қарауға мүмкіндік жасап отыр.

Байқап отырған боларсыздар, қыдырудың қыр-сыры көп: құжаттар жағынан болсын, немесе ел таңдап, бағдарлама құру жағынан болсын сұрақтар біріне-бірі сабақтасып кете береді. Мысалы жоғарыда айтып кеткен Шығыс Азия елдеріне саяхатта Сингапур қазақстандықтардан кіру визасын талап етеді, алайда 96 сағат ішінде визасыз кіріп-шығу мүмкіндігі де қарастырылған. Жалпы туризм саласының айтары көп қой, толық мағлұматтарды кез келген уақытта арнайы туризм мамандарынан алуға да болады. 

– Әсерлі әрі ашық әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Арайлым Мәулемсейітқызы

Дайындаған: Кәусар Мұң
Қосылған күні: 14 сәуір 2014, 20:36

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.