Әлемдегі ең әдемі бақ...

Әлемдегі ең әдемі бақ...

Әңгімемізге арқау болып отырған бақтың пайда болу тарихы туралы мынадай романтикалық аңыз бар. Бірде өте бай әрі жас жігіт өте кедей қызға ғашық болады. Сезімін білдіргеннен кейін көп ұзамай екі жас үйленеді. Жігіт қалыңдығына шағын жерді сыйға тартады, ол мұнда ең бірінші орхидея гүлін егеді...

Ал қазіргі бақтың негізі 1954 жылы қаланды. Нонг Нуч Тансака есімді әйел оны Чонбури провинциясындағы тай отбасынан сатып алған. Бастапқыда мұнда жемістер мен көкөністер өсірілген, кейіннен туристік саябаққа айналады. Бақтың айналасында мейрамхана, бунгало, бассейн, банкет залдары бар.

Әлемнің ең әдемі бағы деген атақты жеңіп алған мекенге қожайынының есімі берілген. Бұл бақ Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ботаникалық бақтардың көшін бастап тұр. Жалпы алып жатқан көлемі – 242, 811 га.

Нонг Нуч ханым баяғы кедей бойжеткеннің ісін аяқсыз қалдырмаған. Мұндағы орхидея бөлімінде 670 түрлі орхидея гүлі өсіріледі екен. Туристер тарапынан "орхидея бағы" деген екінші аттың берілуі де тегін емес болар...

Сонымен қатар туристер геометриялық стильдегі Француз бақшасына да жоғары баға береді.

Бақтағы пальмалар коллекциясы да таңдай қақтырады. Бүгінде ғаламшарымызда 2600-2800 пальма түрі бар десек, Нонг Нучта 1100 түрі өсіріледі. Бақта әр түрлі пішіндегі кактустар да жоқ емес.

Таңғажайып қыш құмыралар бөліміндегі гүлдерге арналған керамикалық ыдыстардан жасалған мүсіндер мен композициялар көрген көзді ынтықтырады. 

Нонг Нучта туристер үшін екі бірдей шоу қойылады: бірі – тайлардың ұлттық киімдерін киген топтың биі, салт-дәстүрге қатысты көріністері, тай боксынан үзінді. Екіншісі – пілдердің көрінісі, олар  футбол, баскетбол, кегельбан ойнайды, велосипед тебеді, сурет салып, би билейді, көрермен көзінше массаж жасайды.

Қазақстандық азаматтарға ең қолжетімді елдердің алдыңғы қатарында Тайланд тұр. Егер, жолыңыз түсіп жатса, Нонг Нуч бағына міндетті түрде бас сұғыңыз дегіміз келеді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com