Әлемді жаяу жүріп өткен адамның өсиеті

Әлемді жаяу жүріп өткен адамның өсиеті

Жан Беливо есімді кәсіпкер 2000 жылы банкрот болып жарияланады. Бұдан кейін ол жер бетін жаяу кезіп шығуға бел буады. Бастапқыда ол жер бетін жеңіл жүгіріспен айналып өтемін деп ойлаған екен, бірақ саяхаты басталмай жатып-ақ екі тізесі ауырып баяу жүруге көшеді. Нәтижесінде оның жер бетін аралап шығуға жоспарлаған 6 жылдық уақыты 11 жылға дейін созылып кетеді.

Қара жаяу өзімен бірге балаларға арналған арбаға сиятын заттарды ғана алыпты. Оның ішінде кішігірім түсел, көрпе, дәрі қобдишасы және тамақ. Соңғысы аз ғана уақытта бітеді. Беливо бұл сапарына бірде бір тиын алып шықпапты, тіпті қалта телефонын да үйге қалдырыпты. Саяхатшы қонақ үйлерде қона алмай, құдайы қонақ етіп қарсы алған үйлерде ғана түнеген. Ал кейде тіпті де ашық аспан астында ұйқы құшағына кетіп жүрген.

Өз сапарында ол түрмеге де тоғытылыпты. Анығын айтсақ, өз қалауымен сонда барыпты. Мұның арты әрқашан да жақсылықпен аяқтала бермеген де екен, мәселен кешқұрым уақытта бос камералардың біріне түнеп шығуға сұранып кірген оны таңертең түрме басшылары жібермей қоюды ойлапты. Онда да қасындағы камераластары оның саяхатшы екенін айтып, айғайлап, жазықсыздың жағдайын түсіндірген соң ғана бостандыққа шығыпты.  

Ал бірде Африкада жүріп біздің Беливо Нельсон Манделамен қол алысып амандасу бақытына ие болыпты. Кейін сол Африкадағы ең бір үлкен шөлдердің бірі Нуби шөлін үш аптада жүріп өтіпті. Осы уақыт бойы ол жолда тапқан жылан-жәндіктермен қоректеніп отырыпты; Ал Танзанияның арыстан мен қабыландарға тола сафариін еш қарусыз кезіп өткен; Алжирде тегін ауруханада демалған; Ал Египетте соқыр тиыны болмаса да құрттаған тісін емдетіп алыпты. Мұның бәрі тек Африкада болған оқиғалар. Ал басқа құрлықтардағы жағдайы туралы саяхатшымыз өзі айтып берсін.

Жер әлемнің 75 мың шақырымын жаяу жүріп өткен Беливо жас журналист қыз Жеральдина Весснердің көмегімен еліне оралыпты.

Оралғанда да өзін танып, өмірдің мәнін түсінген екен. Аталған журналист қыз ол туралы «Жаяу жүргінші» («Человек идущий») деген кітап жазып шығыпты. Беливо саяхатты бастамай тұрғанда 45 жаста болған. Оның кезіп өткен 64 елі оған таңғажайып әсер етіпті. Ендеше, Беливоның әңгімесін оқып көрейік.

- Бизнестегі сәтсіздіктен кейін мұндай ойға қалай келдіңіз? Жер әлемді жаяу жүріп өтуге не себеп?

 

- Барлығы да, мүмкін, ақша үшін болған шығар. Ол менің жеке дағдарысым. Бизнесімнің аяққа тұрып кетуі үшін бәрін де жасадым. Бірақ соңында жеңіліп, жолдан тайдым, сосын кеттім... Алғашқыда жай жүрдім, кейін тоқтай алмадым. Сосын Монреальдағы Жак Картье көпіріндегі жаяу жүргінші жолын көрдім. «Неліктен жаяу жүрмеске?» деген ой келді. Әлем картасын алдым да, қайда, қалай жүретініміді жоспарлап алдым. Сосын бұл ойымды ешкімге де айтпадым. Олар тек зиянын келтіруі мүмкін еді.

- Мұныңызды отбасыңыз қалай қабылдады?

- Бұл бір қасірет болды. Саяхатымды жоспарлап жүрген күндердің бірінде әйеліме айтып тындым. Қалай жүріп өтетінімді, қайда қонатынымды, бәрін сұрап алған соң, әйелім былай деді: «-Сен үйге келіп тұрасың ба?», «-Жоқ, бірақ сен маған келіп тұра аласың» деп жауап қаттым. Расында да, саяхатымның барысында әйелім бірнеше рет мені көруге, жағдайымның жақсы екеніне көз жеткізуге келіп тұрды. Алғашқы кезде әйелім отбасын тастап бара жатыр екен деп ойлапты. Бірақ мен оны сүйетінімді, қарым-қатынасымызды сақтап қалғым келетінін айттым.

Жолсапары

- Бизнесіңізді жүргізе алмағандықтан осы жолға бет бұрдым демексіз бе? Бұған қандай жауабыңыз бар?

- Иә, мен бастапқы кезде өзімді қорқақ сезіндім. Жауапкершіліктен қашқандай болып көріндім. Бірақ жол бойы мен туралы әңгімелерді естіп көңілім өсіп, марқая бастадым. Көрген-білгендер менің батыл екенімді, нағыз ер мінезді екенімді айтумен болды. Сосын өз ойымды өзім өзгертуіме тура келді. Отбасы тек бір ғана жерде өмір сүруі керек деген жазылмаған заңның жоқ екенін білдім. Расымен де, біз қаншама алыста болсақ та керемет отбасы бола білдік. Әйелім, Люс мені қолдап, беталысымды сөкпеді. Оның түсінігіне тәнтімін. Ондай әйел бұл әлемде жоқ шығар.

- Жол маршрутын қалай анықтадыңыз? Қалтаңызда көк тиыныңыз болмаса да жүріп өткен елдердің шекарасын қалай кесіп өттіңіз?

- Менің басты мақсатым – бес құрлықты түгел кесіп өту болды. Өзіммен бірге ақшам да болған жоқ. Мен картаға сызған елдерім туралы қате пікірде болыппын. Кейін бәрі де басқаша болды: Колумбияда өте қауіпті болды, Африкада болса мені өте қиын жолдармен жүруге көндірді, кейін Швецияны өтіп, Ресейдің Санкт-Петербург қаласына жетуді ойладым. Бірақ ондағы суықтан қорықтым. Сөйттім де Грекияға аттанып кеттім.

- Енді шынымен де қауіпті болған тұстарды айтсаңыз...

- Әрине! Біріншісі – Нью-Йорк штатындағы Филадельфия қалашығында болды. Мен онда жұма күні кешке таман бірақ жеттім. Жүргіншілерден сұрастыра бастап едім, өте бір қауіпті ауданда жүргенімді айтты. Бәрі есік-терезелерін қымтап жауып, қолдарын бір сілтейді. Әйтеуір дегенде сол бір ауданды 10 шақырым қашық жолмен айналып өттім. Екіншісі – Африкада болды. Сондағы жұрт арыстандар мекен ететін сафариді кезіп өтуім керек екенін айтқанда төбе шашым тік тұрды. Олар сосын мынадай ақыл кеңес айтты: «Егер жол бойында арыстан көрсең қаша жөнелме, қалай келе жаттың – дәл сол жүрісіңмен жүре бер, ешқашан қашушы болма, жүгіріп, дауыс шығарма». Құдайым бар екен. Әйтеуір арыстанның өзін көрмедім, тек жердегі іздерін көріппін. Сол жолмен әйтеуір бір ауылға жеткенде жергілікті тұрғындар таңғалып, жағаларын ұстасты. Сонда ғана қу жанымды шүберекке салған біреу екенімді ұғып, көмек қолын созды.

- Қызық екен. Енді бұл ісіңізді қайталап көруге қалай қарайсыз?

- Маған енді не жоқ? Айға бару керек демесеңіз, мен әлемді араладым, болдым. Енді сүйікті әйеліммен қол ұстасқан күйі ақ өлімді қарсы алсам да жеткілікті.

- Саяхат сізге не берді?

- 45 жастағы жан Беливо 2000 жылы 18 тамызда қайтыс болған. Сосын мүлдем басқа адам дүниеге келді. Құндылығы мен көзқарасы өзгерген басқа біреумін. Қызығушылықтарым да өзге: жаңалық көрсем, халықаралық оқиғаларға назар аударатын болдым. Тіпті 11 жылдан кейін туған жеріме келіп отырған маған бұл жер бөтендеу.

- Сіз жүріп өткен елдер туралы бір толғанып көрсеңіз...

- Адамдар көбіне Африкада, латын Америкада күліп жүреді екен. Бұл құрлықтағы елдерде балалар да, үлкендер де менімен бірге жүріп, солардың ұлттық әндерін айтумен болдық. Ал басқа елдердің балалары адам екенсің деп қарамайды. Психологиясы өзге, жабық... Перуде мен бір жігітпен таныстым. Сонымен әңгімелесу барысында мынадай сөз есіттім: «Мен соншалықты кедей адамдарды көргенмін, оларда ақшадан басқасының бәрі де болды». Бұл сөз маған қатты әсер етті. Мен бай мен кедейдің ортасына жік салғым келмейді, тіпті Америкадағылар «үшінші әлем» елдерінен бақытсыз деп айтпаймын, бірақ айтатын бір ғана сөзім бар:

«Бақыт ақшаға тіреліп тұрған жоқ!»

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: moya-planeta.ru, furfurmag.ru

А. Құлтай