Менің Америкадағы күндерім

Менің Америкадағы күндерім

Қадірлі "Әлемтану" оқырмандары! Осыдан бірнеше күн бұрын өздеріңізге "Саяхатты сүйемін" деген тақырыпта жаңа жоба басталғанын хабарлаған болатынбыз.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 4 курс студенті Ертаева Фариза. Фариза жаңа мақсаттардың пайда болуына септігін тигізеді деген ойдамыз. Бізбен бірге болыңыздар!

Сәлем, достар! Жаңа жобаға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын! Таяуда Америка Құрама Штаттарында болып қайттым, сендерге көрген-білгенім мен түйгендерімді айтып өткім келеді.

Шындығын айтқанда, осыдан бір жыл бұрын Америкаға ғана емес, шетелге шығамын дегенге сенбейтінмін, бір қолжетпес армандай болып көрінетін. Америкаға қалай барып келгенімді өзім де түсінбей қалдым. Бәрі аяқ асты болды. Аз уақыттың ішінде барамын деп шешім қабылдап, студенттік жазғы «Work and Travel» бағдарламасы бойынша жалғыз өзім 4 айға шетелге барып келдім.

Барып келгеніме мүлде өкінбеймін, сапар барысында өзіме жаңа нәрселерді аштым, осы кезге дейінге арман-мақсаттарым, өмірге деген көзқарасым Америкаға барғанда 180 градусқа өзгерді, әрине жақсы жағына қарай. Алып Американың не күші бар екенін білмеймін, бірақ мені толығымен өзгертті. Қазір осының бәрі түс секілді көрінеді. Өзіме-өзім ризамын (күліп). Мүмкіндік болса тағы да барып қайту жоспарымда бар. 

Алғашқы 3 ай уақытта Аляскада болдым. Seward деген өте тамаша екен, табиғаты керемет, Тынық мұхитымен шайылып жатқан ғажап қалашық! Әлі күнге өте әдемі табиғат, үлкен мұхит, сарқырамалар, сонау мұз басу дәуірінен қалып қалған мұздан жасалған үңгірлер, таулар, ормандар, өмірімде көрмеген алуан түрлі аңдар, киттер, теңіз жануарлары, салмағы 350-500 кг балықтар, қайықтар көз алдымнан кетер емес. Ұшақтан түсе салып, жаңа дүниелерге таңырқап, кез келген жерде суретке түсе бердім. Өте бақытты болдым, алдымда кездескен барлық қиыншылықтан оңай өтіп, Америкаға келгеніме өте қуанышты едім. Адамдары да өте мейірімді, қандай нәрсе сұрай қалсаң да барлығы көмектесуге асығады.

Алғашқы күннен бастап маған берілген небәрі 4 айды бос өткізбеймін деп, Американың штаттарын аралау туралы шешім қабылдадым. Мен Алясканың Seward және Аnchorage деген екі қаласында болдым. Содан кейін Калифорния, Флорида, Нью-Йорк штаттарында болдым. Кaлифорниядағы 2 апта ішінде Лас Вегас, Лос Анджелес, Сан Диего қалаларында болдым. Лос Анджелестің Hollywood, Studio city, Beverly Hills, Anaheim қалалары мен Santa Monica және Malibu секілді жағалауларын сөзбен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Лос Анджелестегі өткен күндерім бір ғажайып түс секілді. Онда көптеген қытай, корей, египет театрларын, конгрес холл, мұражай, университеттерді, зообақтарды, түрлі саябақтарды араладым. Бір жерді де тыс қалдырмай, барлық жерін аралап шығуға тырыстым.

Онда балалық шағымның асқақ арманы орындалды, мен "DISNEYLAND"-та болдым! "Disneyland"-тан таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін шықпай қойдым. Екі саябағына билет алған болатынмын, алайда, екеуін 1 күнде аралап шығу мүмкін емес екен. Өте үлкен. Екеуіне де үлгеріп қалайын деп, аяқ киімімді шешіп тастап, жалаң аяқ жүгірдім (күліп). Өте қызықты, бұрын-соңды көрмеген ғажайып бір қиял әлеміне тап болғандай, жасым 21-де болса да, өзімді бір 3 жасар нәресте секілді сезіндім. Керемет! 

Содан кейін Hollywood-та жұлдыздардың үйлерін араладым, өте әдемі, кино әлемімен салыстыруға болады. Жұлдыздардың аттары жазылған аллеяға бардым. Ондағы алған әсерімнен бір кітап жазуға болатын шығар.

Әрине, UNIVERSAL STUDIO-ға соқпай кетпеймін ғой.  

Ол жерден кино туралы толық ақпарат аласыз. Мұнда киноны қалай түсіреді, қандай фильм қай жерде түсірілгендерін көре аласың. Өзің сол кинодағы басты кейіпкер сияқты жүресің. Әр киноның түсірілген жерлеріне апарады. Олар үйлер, үңгірлер болуы мүмкін. Сенің қатысуыңмен сол кинодан үзінді жасайды. Ол өте қорқынышты, әрі қызықты болды. Әсіресе, адамның қолын қалай кесетіндігін көргенде, есімнен танып қала жаздадым.

Калифорниядан кейін Флоридаға қарай, Флоридадан кейін Нью-Йоркқа жол тарттым. Manhattan өте әдемі екен. Бір аласа ғимарат көрмедім, бәрі биік, асқақ ғимараттар. Ал Нью-Йоркта адамдар өте көп. Адамның көптігі соншалықты көшеде жүріп тоқтап қалсаң, бүкіл тобыр сені көшенің басқа шетіне апарып тастайтындай көрінеді. Адамдары сондай мәдениетті, интеллигентті, тура фильмдердегідей өте әдемі киінеді.

Адамдары өте жақсы, мейірбан дер едім. Біздің санамызда қалыптасып қалған стереотип қой: америкалықтар десек болды, есімізге бұзық, тәртіпсіз адамдар елестейді. Ал шындығына келсек, олар да өте жақсы адамдар. Әрине, небір нашар адамдар, бұзықтар да кездеседі, олар барлық жерде бар. Бірақ жалпы алғанда, адамдары ақкөңіл, мейірімді, сұрасаң, артығымен жасайтын адамдар. Өзім оларға қатты риза болып келдім. Оларға тағы бір таңғалғаным кофеханада, тағы бір жерде затыңызды тастап кетсеңіз, ол затыңызды ешкім алып кетпейді. Сол жерге қайта барып сұрасаңыз, тастап кеткен жеріңізден тауып аласыз. Біреудің затын пайда деп алып кетпейді.

Америкалықтардың тойларында болдым. Ол жерде жүргенде көп достар таптым. Күнде мұхиттың жағалауына барып ойын ойнап, әңгіме айтып жүретінбіз. 4 ай мен үшін 4 күндей тез өте шықты. Кетерімде достарымды қимай қатты қиналдым. Жылап та алдым. Бәрі мені әуежайға шығарып салды. Қоштасу кезі жаныма қатты батты. Өзім оларға қалай бауыр басып қағанымды білмей қалдым. Әлі күнге дейін олармен хат алмасып тұрамын. Сәті түсіп жатса, әлі жолығамыз деген үміт бар (толқып).

Елге қайтып келгенде ең көп қойылған сұрақ: "Сол жақта өмір сүргің келе ме?" болды. Менің айтарым, егер ол мемлекетте қазақстандықтар тұрғанда, қазақ азаматтары, туысқандарым тұрғанда өмір сүрер едім. Жалғыздан-жалғыз ол мемлекетте өмір сүре алмайтын сияқтымын...

4 айдың ішінде бастан кешкен қызықты оқиғалар өте көп. Ол кезде қызықты болып көрінбегенімен, қазір күлкімен, сағынышпен еске аламын. Ең алғашқыда супермаркетте тамақ алуға барғанда заттардың бағасын көріп, жүрегім ауыратын. Бір нан 6-8$ тұрады, оны теңгеге аударсам, ештеңе алғым келмей қалатын. 1-1,50$ тұратын, жеңілдікпен шыққан заттарды алып жейтінмін. Күнде нан мен май...(күліп) Кейін үйреніп кеткен болуым керек, аптасына 200-250$ жарататын болдым. 200$ -200 теңгедей болып кетті.

Тамақтары құнарсыз және қарның тез аша береді. Жемістері өте тәтті. Бір күні сорпа ішкім келіп, кафеге келдім. Мәзірден қарап еті, картобы т.б. заттары бар бір жақсы сорпаға тапсырыс бердім. Енді бір кезде даяшы алдыма бір  шай ішетін кесемен көпірген нәрсені қойды. Мен оны тұздық па, әлде тамаққа қосатын бір зат шығар деп мән бермедім. Ақыры не керек, ол менің тапсырыс берген сорпам болып шықты. Ішінен не етін, не басқасын таппадым. Әйтеуір бір көпірген нәрсе. Сөйтсем, олар бүкіл етті, көкөністерді шырын секілді езіп, бәрін көпірген сұйықтық ретінде ішеді екен. Маған мүлде ұнамады. Одан да "сүйікті сэндвичтарымды" жейін деп, сэндвичке тапсырыс бердім.


Ол елде техника, киім арзан, әрине, тамақтары қымбаттау. Жолақысы 150-200 теңге аралығында. Көпшілігіңіз қанша ақша кеткенін білгілеріңіз келетінін сезіп отырмын, жалпы бағдарламаға, билетке, өмір сүруге кететін ақшаны қосқанда, 600-700 мың теңге жететін сияқты (күліп).

Соңында айтарым: Достар! Ел көрген, жер көрген өте-өте пайдалы екен. Көп нәрсені көресің, көп нәрсені тәжірибеңнен өткізесің. Басқа елдің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, тілін білу, үйрену өте қызық. Қорқудың еш қажеті жоқ. Олардың заңдары қатал, ешкімге ешкім тиіспейді, өлтірмейді. Керісінше, бәрі көмектесуге асық. Іздеген жеріңізді оңай табасыз. Біздікі сияқты көшелерге кісі есімдерін бермейді. 1,2-ші көше деп ажыратылады. Бірінші көшеден кейін қай көше екенін өзіңіз-ақ біліп тұрасыз. Сондықтан сөз соңында айтарым, саяхаттаңыздар, тіл үйреніңіздер, мақсаттарыңызға жетуге асығыңыздар!

Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Фариза Ертаева

Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін саяхат туралы әңгімеңізді суретімен қоса жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға жібере аласыз.