Менің Малайзиядағы күндерім

Менің Малайзиядағы күндерім

Қадірлі достар! Әлемтану айдары бүгін өздеріңізбен бірге жаңа жоба бастағалы отыр. "Саяхатты сүйемін" деген тақырыптағы жобаға кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Бар болғаны өздеріңіздің естен кетпес саяхаттарыңызды, шетелдегі қызықты күндеріңіз туралы еркін жазбаларыңызды жолдасаңыздар, жетіп жатыр. Жоба соңында "Ең үздік саяхат қожайынын" анықтап, арнайы сыйлықтар тапсыратын боламыз.

Біздің алғашқы қонағымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 4 курс студенті Сәния Дауталиева. Сәния сіздерге "Малайзиядағы күндері" туралы сыр шертетін болады.


Менің Малайзияға баруымның бірден-бір себебі – саяхат қана емес, ағылшын тілін жетік меңгеру мақсаты болды. Көп күндерім мемлекеттің астанасы Куала-Лумпур қаласының оңтүстігінен 20 км қашықтықтағы Путраджая деген қалада өтті дер едім. Малайзияда ЖОО мен ағылшын тілін үйрететін арнайы дайындық курстары жетерлік. Қазақстанда жүріп-ақ LEA (London English Academy) деген ағылшын тілін үйрететін орталықты таңдап, осы жерге қарай асықтым. Қандай жағдай болмасын, тіл білу артық емес. Ал өзге елде өмір сүріп көру, шетелдік азаматтармен бірге қарым-қатынас жасап, күнделікті сөйлесу әлдеқайда тезірек жаттықтырады.

Малайзия университеттерінің оқу құрылымын нақты айта алмаймын, бірақ мен оқыған орталықта мұғалімдердің көбі ағылшын және малай ұлтынан болды. Бұл елде мемлекеттік тіл – малай тілі, ағылшын тілі – екінші тіл болып есептелетіндіктен, малай тұрғындарының көпшілігі ағылышын тілін жетік біледі. Сондықтан да ұстаздарымыздың да ағылшын тілін білу деңгейі жоғары екендігі байқалады.

Біздің елмен салыстырғанда, мұғалімдермен қарым-қатынас жасау оңай. Барлық батыс елдеріндегідей мұғалімдермен сабақ үстінде еркін сөйлесіп, айтатын ойыңды ашық айта аласың. Мұғалімдермен бірге кешкі ас ішуге, қыдыруға мүмкіндік бар. Мұғалімдеріміз өзіміздің жақын достарымыздай болып кетті. Әсіресе, өзімнің оқытушым Mr. Junos туралы айтқым келіп тұр.  Жас та болса, бізге бар білгенін үйретуге асығып тұрады. Өте мейірімді, жан-жақты. Сабақ кезінде ән айтып, би билеп түсіндіру керек болса, оны да жасайды. Кез келген сұрағыма ерінбей жауап береді. Керемет жан. Күлкісінің өзі бір бөлек әңгіме (күліп). Басқа бөлмеге дейін естіліп жатады. Бәріміз "О, Мr. Junos!" деп одан сайын күлкіге қарқ боламыз. Осындай кісіден сабақ алғаныма шын қуаныштымын.

О баста, жаңа ортаға келе салысымен, малай тіліне көп көңіл бөлмедім. Бірақ олар ағылшынша сөйлегенде малай тілінің акцентінен не ағылшынша, не малайша айтып жатқанын түсінбей қалатын кездерім болды. Ағылшын тілінде сөйлеуге тырысып бақтым. Бірақ малайлықтардың кейбір сөздерін білемін. Мәселен, сәлем-salam, қалайсын?-аpa kabar anda?, рақмет-terima kasih, университет-universiti, мемлекет-negiri, махаббат-cinta, студент- pelajar, оқытушы-perguruan, т.б.

Ең алғаш күні Малайзияның ауасына үйренісе алмадым. Мынадай ыстықта қалай өмір сүруге болады деп ойлағанмын, тіпті шыдай алмаспын деп қорықтым. Кейін үйреніп те кеттім. Содан соң, малайлықтардың мұсылман дінін берік ұстанатындығы көрініп-ақ тұр. Әйелдері бастарынан орамалдарын тастамайды. Кез келген ғимаратта намазханалар бар. Барлық жағдай жасалған.

Тағы бір қызық жайт бұл елде дуриан деген жеміс бар. Иісі сондай жиіркенішті. Бұл жеміс тек қана Малайзияда тағы соған жақын Тайланд, Индонезия мемлекетінде өседі деп естігенмін. Ұзақ уақыт бойы дәмін татып көруге батылым бармай жүрді.

Онда 6000-нан аса қазақ жастары оқиды екен. Кез келген жерге барсаң, қазақ азаматтарын көріп қаласың. "О, қазақтар деп мәз болып жатады. Ара-тұра жиналып, тамақ ішуге, кинотеатрға барып тұрдық. 

Менің Малайзиядағы күндерім – Лондон Олимпиадасы өтіп жатқан кезге тура келді. Олимпиада басталған күннен бастап, көгілдір экранға телміріп, шетелдік достарымызбен қарап отырамыз. Малай достарымыз да біздің қуанышымызға ортақтасып, спортшыларымыздың шеберліктеріне таң қалуда. «Мұншалықты қайратты спортшылары бар елдің азаматтарының рух мықтылығының сиқыры осында жатыр екен-ау» деген сөзіне, «Әрине» дедім де, ерекше сезіммен қуана отырып, көрсетілімді жалғастырдым. Малайзиядағы қазақ жастарының Олимпиададағы отандастарына деген сенімі әрбір қазақ баласының көзінен көрініп тұрады. «Міне, енді біздің спортшылар шығады» деген дауыстан, бәріміз тынып, спорт жарысын тамашалайтынмыз. Әлемнің әр жерінен жиналған шетелдік студенттер де өздерінің спортшыларына жанкүйер болып, қуанышына қуанып, мүлт кеткен сәттерге «әттең-айлап» отырады. Бір қуанарлық жайт, ешбір шетел студенттерінің қазақ ұлтына немесе біздің оларға деген арам ойымыз болған емес. Жеңістерге бірге қуанып, жеңілістерге бірге қайғырамыз. «Алға, алға Қазақстан» деген тіркесті жаттап алған малай достарымыздың жанкүйер болып отырған сәттерін көргенде ерекше қуанып қалатынбыз.

«Қай жақтан келдіңіз?» деген жергілікті халық тұрғындарына «Қазақстан» десек, «О, Қазақстан! Мұсылмансыңдар ғой» деп қуанып жатады. Мұндай сыйластыққа біздің көңіліміз көтеріліп, бір серпіліп қаламыз. Қаншама қазақ студенттерінің арқасында біздің қазақ екенімізді таниды. Біздің елді қайдан білесіз десек, мына жақта қазақ студенттері көп деп жатады.

Бұл елдің көрнекті жерлерін көп көрдім, бірақ мәдениетімен танысуға уақытым болмады. Елдегі атақты "Петронас" мұнарасы, Пенанг, Лангав аралдары, Джейнек мешіті, Бату Кейвс үңгір-ғибадатханасы, Өзен саябағы, Темпл-Саябақ ландшафты, Жабайы Құстар саябағы қатты ұнады.

Малайзия – керемет ел. Кімде-кім барсам-бармасам деген екі ойда жүрсе, ойланбай-ақ билет ала берсін деп кеңес берер едім. Әсіресе, мектеп бітірген жастарға оқуын одан әрмен жалғастыруға жоғары сапалы білім беретін университеттер барын айтқым келеді. Жаратылыстану, экономика, туризм бағыты бойынша білім алушыларды көптеп байқадым. Соған қарағанда, осы салада білім алу тиімді секілді. Ағылшын тілін үйренуге арналған курстар бар, бағасы да тиімді. Мұсылман бауырлардың ыстық ықыласпен қарсы алатынына сенімдімін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Сәния Дауталиева