Музыкаға толы қонақүй

Музыкаға толы қонақүй

Берлин қаласы тағы бір таңғажайып қонақүймен толықты. Бұл әлемдегі тұңғыш музыкалық қонақүй. NH Hotels қонақүй бизнесімен айналысатын танымал компания NHow Berlin музыкалық қонақүйінің есігін айқара ашты.

304 бөлмелі қонақүйдің ішкі көрінісімен Нью-Йорк қаласының танымал дизайнері Карим Рашид айналысты. Ал жоба авторы ресейлік сәулетші Сергей Чобон. Барлық бөлмелердің қабырғасында 30 музыкалық арна қосылған IP-теледидарлар ілінген. Әр тұрғын қалауы бойынша, кез келген музыкалық аспапқа тапсырыс бере алады. Қонақүй ішінде екі дыбыс жазу студиясы бар. Ал лифт пен бар ішінде үздіксіз авторлық музыка ойнатылады.

NHow Berlin музыкалық қонақүйі Берлин қаласының жаңа көрікті мекеніне айналып үлгерді. Қонақүй О2 Word ірі концерт алаңы мен MTV, Universal кеңселерінің жанында орналасқан.

Кез келген қонақүй тұрғыны кәсіби әнші болмаса да, дыбыс жазу студиясына барып, ән айтып, музыкалық шығармаларды жаздырта алады. 21 метр биіктіктегі қонақүйдің жоғары қабатында ең үлкен дыбыс жазу студиясы орналасқан. Дыбыс жазу студиясымен қатар, қонақүйде конференц-залдар, сауна, фитнес-орталық, қойылым мен концерт залдары бар.

Қонақүй бөлмелерінің бағасы тәулігіне 170 еуродан жоғары. Жабық террасасы бар, аумағы 258 шаршы метрді құрайтын бөлмеге тұрақтану тәулігіне 2500 еуро болады.

Бұл қонақүй нағыз меломендерге арналған. Музыкалық шығармашылыққа барлық жағдай жасалған. Қонақүй иелері болашақта тұрғындардың арасынан тек танымал әнші-музыканттарды ғана емес, қарапайым туристерді де көргілері келетіндерін айтуда.

Суреттер: greenbag.ru

Ғ. Ұзақ