Жеделсатысы ұмытылған зеңгір үй

Жеделсатысы ұмытылған зеңгір үй

Испанияның Бенидорм қаласындағы жаңа салынып біткен көп қабатты үй жеделсатының жоқтығын есептемегенде тұрғындар үшін барынша жайлы жабдықталған. Құрылысшылардың қателігінен адамдар 47-қабатқа дейін жаяу көтерілуде.

Gizmodo сайтының хабарлауынша, «Intempo» зеңгір үйі үміт пен гүлденудің белгісі, экономикалық дағдарысты өткереміз деген сенімнің нышаны дейді. Бұған қарамастан Құрылысшылар жеделсатыны ұмытып кеткен.


Құрылыс барысында бұдан өзге де қиындықтар кездескен. Бастапқыда жобаға Caixa Galicia банкі демеушілік көрсеткен, кейін белгілі себептерге байланысты Sareb банкі қолдау көрсетеді. Бұл Испаниядағы беделі төмен қаражат орталығы. Осы орталықтан бастапқыда 93 миллион еуро мөлшерінде қаржылай көмек алады. Ал көмек көрсетуші инвесторлар қаржы дағдарысының басталуымен жобаны қаржыландырудан бас тартады. Әбден шығынға батқан құрылыста 2011 жылы көтергіш құлап, нәтижесінде 13 адам жарақаттанған. Соңғы кездері жалақының кешігуіне байланысты құрылысшылар жұмысқа шығуды да қойған екен.

Пәтерлер жалға 2009 жылы берілуі керек болатын, алайда әзірге құрылыс тек 94% ғана аяқталған. Қалған 6%-н осы жылдың желтоқсанында аяқтаймыз деп уәде беруде. Осы күнге дейін тек үйдің 35% ғана жалға берілді.


БАҚ-тың хабарлауынша, бұл тұрғын үй Еуропа бірлестігіндегі ең биік ғимаратқа айналудың орнына дағдарыстың символына айналып отыр.

Бастапқыда 20 қабат салынады деп жоспарланған. Жоба жетекшісі шабыттанып ғимаратты 269 пәтері бар 47 қабатқа дейін көтерді. Жоба есебінің жүйесіздігі қаржының жетіспеушілігіне алып келді. 20 қабаттың толықтай жабдықталғанын ғана ескерген сәулетшілер қалған 27 қабатқа жеделсаты орнату үшін көтергіш жүйесін өзгерту керектігін ойламаған. Жоба жетекшілері өз еріктерімен жұмыстан шығып, жұмыстарын аяқсыз қалдырған. Енді бұл мәселенің қалай шешілетіндігі белгісіз.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: metaprom.ru

Қ. Бүйенбай