Ерекше ережесі бар елдер

Ерекше ережесі бар елдер

Ой-санасы тура кез келген ересек адам мемлекеттік заңға бағынады. Заңмен бекітілген ережелер мен талаптарды орындап, тәртіп сақтайды. Алайда, кейбір ақылға қонбайтын заңдар адамды естен тандыруы мүмкін. Мұндай заңдар әлемнің кейбір елдерінде кездеседі екен. Саяхат туралы ақпаратпен құлағдар ететін американдық «Travel+Leisure» журналы қисынсыз заңдардың тізімін жасаған.

Италияның ең әдемі қалаларының бірі әрі ғашықтар мекені саналатын Венеция шаһарында кептерге жем шашуға, қоғамдық орындарда жейдесіз жүруге, жаяу жүргіншілер жолында келе жатып нан-тоқаштарды жеуге, су бұрқақтар бассейнінің ішіне кіруге болмайды. Заң бұзылған жағдайда, тәртіп сақшылары 600 АҚШ долларына дейін айыппұл талап етеді.


Германия елінде автотрассада келе жатқан кезде, көлікті тоқтатуға болмайды. Тіпті, жағар жанармай таусылып қалғанда да кідіруге болмайды. Сондай-ақ, трасса бойымен жаяу жүруге рұқсат етілмейді. Заң бұзылған жағдайда, айыппұл төленеді.

Біріккен Араб Эмираттары елдерінде Рамазан айында қоғамдық орындарда ораза ұстаған жандардың алдында тұрып су ішіп, ауқаттануға болмайды.  Кері жағдайда 275 АҚШ долларына дейін айыппұл төленеді. Мұсылман елдерінде жергілікті ережелер мен қағидаттар тым қатал, сондықтан да заңға бағынуға еріксіз тура келеді.

Таиланд елінде көшеге жейде кимей шыққан жағдайда,  заң бұзған жан 10 АҚШ доллар шамасында айыппұл төлейді. Сондай-ақ, жейдесіз көлікке отыруға, мотоцикл айдауға болмайды.

Гренадада суға түскенде киетін киіммен ғана жүруге болмайды. Заң бұзылған жағдайда 270 АҚШ доллар айыппұл талап етіледі.

Канада елінде сауда кезінде алынған тауардың бағасы 25  доллардан асқан жағдайда, ақшаны 1 долларлық тиындармен беруге болмайды.


Франция мен Англияда темір жол вокзалының аймағында сүйісуге, құшақтасуға болмайды.

Дания елінде автомобиль фараларын сөндіріп жүрген кезде 100 доллар айыппұл талап етіледі.


Сингапур елінде қоғамдық орындарда сағыз шайнауға, түкіруге, кептерге жем шашуға, құмар ойындарды ойнауға болмайды. Кері жағдайда айыппұл талап етіледі. Сондай-ақ, қоғамдық дәретханаларда су ағызылмаған жағдайда, заң бұзған жанның қалтасы қағылады. Ал үй жануарларын далада қыдыртқан кезде, олардың нәжісіне арналған арнайы пакеттері міндетті түрде болуы керек.

Суреттер:softmixer.com, oceankirov.ru, 7sekretov.ru

Ғ. Ұзақ