Әлемдегі ең үлкен 3 шөл далаға саяхат

Әлемдегі ең үлкен 3 шөл далаға саяхат

Бүгін біз сіздерді әлемдік туризмдегі шөл далаларға саяхаттар жөнінде, оның ішінде аты дүниеге танымал ең үлкен шөлді аймақтар жөнінде таныстыратын боламыз. Сонымен бастайық.

Намиб шөлі, Оңтүстік-батыс Африка 

«Намиб» сөзі жергілікті «нама» халқының тілінде «Тақыр, еш нәрсе жоқ» деген мағынаны білдіреді. Бұл әлемдегі ең құрғақ және ежелгі шөл дала болып табылады. Жауын-шашынның өте аз жауатындығы себепті (жылына 10-13 мм) бұл аймақ тіршіліктен ада деп айтсақ та болады. Ғалымдар бұл даланың жасын 80 миллион жыл деп есептеп отыр. Яғни ол динозаврлар дәуірінде түзілген.

1

Ал мұнда ат басын бұрған туристерге саяхаттың бірнеше түрі көрсетіледі. Оның ішінде жол талғамайтын көліктермен сафариге шығу, әуе шарларымен биікке самғау және қорықтарды тамашалау бар.

2

Намиб шөлінің басым көпшілік аймағын әлемдегі ең үлкен қорықтардың бірі Намибияның Науклюфт ұлттық бағы алып жатыр. Мұнда туристер Намибтің таңғажайып пейзажын тамашалау үшін ағылып келіп жатады. Бұл аймақтың ең кереметі болып Соссусвлей жері саналады. Бұл дегеніңіз желдің соғуымен түзілген биік құм таулар. Олардың биіктігі кей жерлерде 300 метрді құрайды. Жерден бөлек оларды көк аспаннан да әуе шарларының көмегімен тамашалауға болады.

3

Бақ аумағында одан да басқа көптеген ландшафттық жерлер бар. Олар Науклюфт таулары, «құс жұмағы» аталған Сэндвич-Харбор, Сесрим шатқалдары, Вельвичия-Плейнс жазықтығы және т.б.

Вельвичия-Плейнс жазықтығында осы аймаққа ғана тән вельвичия өсімдігі өседі. Бұл өсімдікдің Намибия үшін маңызы зор. Ол тіпті елдің мемлекеттік елтаңбасында да белгіленген. Бұл шөл аймаққа тән нағыз төзімді тіршілік иесі болып саналады. Оның тамырлары үш метр тереңдікке дейін өссе, ал оның  жапырақтары кез келген ылғал түрін шық пен тұманды бойына сіңіріп, тіршілік ете алады. Ғалымдар оны мың жылға дейін өмір сүруге шамасы жетеді дегенді айтып отыр. Осы қасиеттерінің арқасында бұл өсімдік түрі туристерді де бей-жай қалдырмайды. Намибияның басқа да қызықтарын елдегі NamibRand Nature Reserve қорығынан тамашалауға мүмкіндік бар.

8

Вельвичия өсімдігі

Вади-Рам шөлі, Иордания

Бұл шөл дала Иорданияның ұлттық бағы болып саналады. Егер сіздің осы елге жолыңыз түсіп жатса, онда міндетті түрде осы әдемі де, ежелгі орындардың біріне соғып кетуді ұмытпаңыз. Оның үстіне Вади-Рамға жасалатын экскурсия ұсақ ақшаларды есептемесек, тегін деп айтуға әбден болады. Акабадан 60 шақырым жерде орналасқан шөл тасты кедір-бұдырлы рельефтеріне байланысты «Ай алқабы» деп те аталады. Шөл далада бірнеше шатқалдар, жоталар да орын тепкен.  

6

Саяхатшыларға джиптермен сафари-турларға шығуға мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек олар түйемен немесе жылқылармен де саяхаттай алады. Бірақ ол үшін сіздің арнайы дайындығыңыз болуы керек. Себебі ыстық кезінде ат не түйе үстіндегі жүріс адамды қатты қажытады. Десек те, саяхаттың алғашқы минуттарынан бастап аяғына дейін сіз өзіңізге тылсым табиғаттың небір жаңалықтарын ашасыз. Түсініксіз рельеф, құрғақ және ыстық ауа (күндіз +35, түнде +4) осының барлығы да өзіңізді Жерде емес, Ай немесе Марс бетінде жүргендей әсерге бөлейді.

7

Вади-Рам саяхаты ақыр соңында сізді бәдәуилердің тайпасына алып барады. Ол жерде сіз сувенирлер сатып алып, сондай-ақ жергілікті халықтардың дәстүрлі тағамдарынан да дәм тата аласыз. Тіпті шатыр астында бір түн түнеп шықсаңыз да болады. Саяхат кезінде шөлді аймақта ежелгі тайпалардың қалдырған құпияға толы жартас суреттерімен де таныса аласыз. Ал  Вади-Рамның кешкі күн батар тұсы тіптен керемет. Оны да көруді ұмытпаңыз.

9

Түйе баққан бәдәуи тайпасының өкілі

Қарақұм даласы, Түрікменстан

Бұл алып құмды шөл 350 мың шаршы шақырымға созылып, Түрікменстан аймағының үштен бір бөлігін алып жатыр. Қарақұм – әлемдегі ең үлкен шөлді аймақтардың бірінен саналады. Бұл жерге тап болған кез келген адамды құмды мұхитта жүргендей әсерде қалдырады. Мұхиттағы сияқты мұнда да құмды толқындар (бархандар) тұрып, желдің күшімен әндете де алады. Осының барлығын да өз көздеріңізбен көрем десеңіз міндетті түрде Қарақұмға аттаныңыз.   

10

Саяхатшыларды Ашхабаттан шөл даланың ортасындағы Дамла қыстауына дейін жеткізу қарастырылған. Жолдың 130 шақырымы тек құм үстінде өтеді. Қыстауда туристер жергілікті жұрттың тұрмысымен, қол өнерімен етене танысып, ұлттық тағамдарынан дәм тата алады. Ал одан соң түнді шатыр астында өткізеді.  

11 

Одан бөлек Қарақұмға саяхат кезінде тағы да бір Ақмола атты қыстауға сапар ұсынылады. Ол Дамладан 100 шақырым жерде орналасқан. Сапар кезінде туристер жергілікті фауна және флорамен жақын таныса алады. Аталған қыстаулардан кейін туристер әдетте міндетті түрде Тугай оазисін көруге асығады.Мұндағы өмір тіптен таңқаларлық. Өзіңізді бірер сәтке шөлді аймақта емес, керісінше нулы тропикалық ормандардың арасында тұрғандай сезінесіз. Жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемді де шөлдегіден мүлдем бөлек. 

Елге туристерді көптеп тартып отырған жердің бірі – Дарваз. Оты сөнбес үңгір кезінде адам қолымен жасалған қателік салдарынан орын алған апаттың нәтижесі. Онда жанып жатқан табиғи газдың мөлшері қашан таусылатынын да ешкім дөп басып айта алмай отыр. 1971 жылы орын алған апаттан кейін геологтар ондағы газ бірнеше күннің ішінде жанып бітеді деп болжаған еді. Алайда көріп тұрғанымыздай кратердің жалыны қырық жылдан бері өшпей тұр.   

12

 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: venividi.ru

Б. Қосмағамбет