Apple қызметкерлері кеңсеге оралу уақытын қайта ысырды

Apple қызметкерлері кеңсеге оралу уақытын қайта ысырды

АҚШ-тағы COVID-19 індетінің өршуіне байланысты Apple компаниясының басшылығы қызметкерлердің кеңсеге барып жұмыс істеу мерзімін қайта қарауға мәжбүр болды. Apple кеңсеге оралуды қыркүйектен қазанға шегерді,- деп хабарлайды Bloomberg.

Пандемия кезінде Apple қызметкерлері кеңсеге маусым айында оралады деген үмітпен жұмыс тобының көп бөлігіне үйден отырып жұмыс істеуге рұқсат етілген еді, бірақ содан бері бұл шешім екі рет өзгерді: маусымнан қыркүйекке дейін, ал қазір қыркүйектен қазанға дейін.

Маусым айында Apple компаниясының бас директоры Тим Кук ауруға қатысты жағдайды қалыпты бола бастауына және вакцина салдырушылар санының артуына байланысты қызметкерлер аптасына кемінде үш күн жұмыс орнына келсін деп міндеттетінін хабарлады.

Бірақ кейінірек Apple басшылығы бұл талапты өзгертті, себебі компания қызметкерлері мұндай шешімді сынға алып, кеңсеге оралуға әлі ерте екенін алға тартқан еді.

Жаңа дельта штаммы COVID-19 коронавирусты науқастар арасында өлімнің тағы бір өршуіне себеп болды. АҚШ тұрғындарының 52% вакцинацияланғанына қарамастан, Bloomberg мәліметтері бойынша, ауруға шалдыққандар мен ауруханаға жатқандар саны үш айлық тұрақты төмендеуден кейін қайта рекордтық нәтижеге жетті. Маусым айында көрсеткіш екі есе өсті.

А. Оралқызы