Антарктида мен Арктикада интернет бар ма?

Антарктида мен Арктикада интернет бар ма?

Әрбір үлкенді-кішілі қаланы интернетсіз елестету мүмкін емес. Дегенмен дүниежүзіндегі әр нүктеде интернет қолжетімді деуге келмейді. Бірақ бір қызығы, әлемнің жарты халқында жоқ интернет тіршілікке қолайсыз Антарктида мен Арктикада бар екен.

Қызық факт: Әлем бойынша 4,1 миллиард адам интернетке кедергісіз кіре алады, ал қалған 3,6 миллиард адамның ондай мүмкіндігі жоқ. 

Антарктида

Жер шарының ең суық құрлығында спутникті интернет бар. Бұған мәңгі мұз құрсауында қалған жерді зерттейтін 90-ға жуық станция себеп. Алғаш интернетті КСРО-ның "Молодежная" зерттеу айлағында қосты. Жапонның "Inmarsat-A" жүйесі бойынша істейтін интернеттің бастапқыда жұмыс құны қымбат болған. Қазірде Антарктидадағы интернеттің әр мегабайты 40 доллар шамасында. Оған қоса 2019 жылы құрлықта GSM стандартына сай мобильді байланыс жүйесі орнатылды.

Арктика

Бұл маңда интернет әлсіз. Себебі зерттеу станциялары тым алыста орналасқан. Оған қоса зертханаларға жетудің өзі қиын. Тіпті, кейбір станциялар теңізде жүзіп жүрген мұздықтарда орналасқан. Әдетте зерттеушілер Арктикаға 6 ай не бір жылға дейін жұмыс істеуге аттанады. 2019 жылға дейін Арктикада жылдам интернет қолжетімсіз болған. Бір жыл бұрын OneWeb компаниясы секундына 375 гигабит жылдамдықпен істейтін интернет желісін іске қоса бастады.  Ресей бұл бағытта да қалыс қалмауды шешіп, оптикалық-талшықты кабель тарту арқылы Арктикаға интернет қоспақшы. Мурманск – Владивосток бағытында интернет кабелі су астында тартылады. 

Айта кетерлігі, Илон Масктың Starlink жобасы болашақта Жер шарының барлық тұрғынын интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Starlink – ғаламшар тұрғындары үшін кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның спутник желісі. Жоба 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Содан кейін Falcon 9 көмегімен екі спутник орбитаға бағыт алды. Барлығы 12 мың жер серігі орбитаға шығарылады. Сондай-ақ, 328 шақырымнан 580 шақырымға дейін орбитаға 30 мың қосымша жерсерігін жеткізу жоспарланған.

Starlink жобасының мақсаты – 2027 жылға дейін дәл осындай 12 мың телекоммуникациялық жерсерігін ұшыру. Бұл дәл қазір Жер айналасындағы ғарыш аппараттарынан 7 есе көп. Мұндай нәтижеге жету үшін SpaceX алдағы жеті жылда айына бір рет аспанға жерсеріктерін ұшырып отыруы қажет. Дегенмен Илон Маск әлемдік ғаламтор жүйесін қосу үшін 1000 жерсерігі жеткілікті екенін мәлімдеді.

А. Рысдәулет