Ең алып айсберг Алматыдан 6 есе үлкен

А68 – бүгінгі таңдағы ең алып айсберг. 2017 жылы Антартика түбегіндегі Ларсен мұздығынан бөлінген айсбергтің аумағы – 4200 шаршы шақырым. А68 аумағы жағынан Алматыдан (682 км²) 6 есе үлкен екен. Қазір алып мұзтау Атлант мұхтындағы Британияға тиесілі Оңтүстік Георгия аралына қарай беттеп келеді.

Айсберг дегеніміз не?

"Айсберг" сөзінің қазақ тіліндегі мағынасы "мұз тау" дегенді білдіреді. Бұл – шынында да теңізге жылжып түсетін алып мұздықтардан пайда болған мұз таулар. Бір шеті теңізге иек арта орналасқан алып мұздықтар теңіс суының толысуы немесе жел мен су әсерінен мүжіле-мүжіле омырылады да, гүрс етіп суға құлайды. Бұл аумағының негізгі бөлігін суға жасырған алып мұз таулар жел мен ағыс айдауына түсіп ұзақ сапарға шығады. Ол жол-жөнекей бірте-бірте ериді, соның салдарынан кейде аударылады да. Әдетте айсбергтің 90% cу астында көрінбей жатады. Оған қоса олардың аумағы тез өзгереді. Қар жауғанда үлкейіп, күн жылығанда ериді. 

А68 айсбергі

2014 жылы ғалымдар Ларсен мұздығында үлкейіп жатқан жарықты байқайды. Соның әсерінен жақын уақытта үлкен мұзтауды жарылып шығатынын болжайды. 2017 жылы шілденің 10-12 арасында, бар болғаны 2 күнде алпауыт айсберг бөлініп, өз бағытымен кете барды. Бастапқыда айсбергтің аумағы 5800 шаршы шақырым, ал салмағы бір триллион тоннаны құраған. 

BBC мәліметінше, дәл қазір А68 айсбергі Атлант мұхтындағы Британияға тиесілі Оңтүстік Георгия аралына қарай беттеп келеді. Егер мұзтау бағытын өзгертпесе аралға соқтығысады. Айсберг тек арал тұрғындары үшін ғана емес, сол маңда тіршілік ететін барша жан-жануар мен балыққа қауіп төндіріп тұр. Мұзтау аралға соқтығысқанда сол маңдағы бүкіл экожүйені құртып, қоршаған ортаға үлкен залал әкелуі мүмкін. Оған қоса айсберг тек 10 жылдан соң толық ериді екен.