Өзбекстан: көліктің көбі – ақ

Өзбекстан – Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің бірі әрі Қазақстанмен шекаралас. Көрші ел жайлы біле жүретін қызық деректер бар, соған көз жүгіртсек.  

Өзбекстан – Қазақстан сияқты мұхитқа тіке шығар жолы жоқ мемлекет.

Ташкент – тек Mercedes-Benz маркалы автобустардан тұратын қоғамдық көлігі бар қала.

Ташкент – түнгі аспанда жұлдыз көруге болатын ірі қаланың бірі.

Өзбекстан – дәмді қауын отаны. Мырзашөлде өсетін қауындардай дәмді қауынды әлемде табу қиын.

Өзбекстан өсірген жеміс-жидектің бәрі экологиялық жағынан таза, қоспасыз. Дәрі-дәрмексіз өсіреді. Сондықтан өзбектер өсірген жеміс-жидекті сатып алушылар әлемде көп.

Өзбекстан – телевиденияның отаны. 1928 жылы 26 шілдеде радио тарайтын қашықтыққа дейін алғаш рет картина жеткізілген екен.

Ташкент телебағанасы – Орта Азиядағы ең биік бағана. Ал әлемде 11-ші орында. Биіктігі – 375 метр.

Өзбекстанның көне қаласы – Самарқант Риммен құрдас, ғасырлас шаһар. 2750 жыл болған.

Өзбекстан алтын өндіруден әлемде 2-ші, ал алтын қоры жағынан 4-орында.

Өзбекстан уран қоры жағынан әлемде 7-ші, мыс қорынан 10-шы, табиғи газдан 8-ші орында.

Өзбекстан – халық саны жағынан ТМД-да үшінші мемлекет.

Өзбекстанға жылына 1,5 млн турист келеді.

Өзбекстанға келген туристерге көрсетілетін қызмет 2-3 есе қымбат.

Өзбекстанның қарулы күштері қуаттылығы жағынан ТМД-да үшінші орын алады. Ал әскери бюджеті жағынан Орталық Азияда – бірінші орында.

Орталық Азиядағы ең ұзын өзен Сырдария Өзбекстан арқылы ағып өтеді. Ұзындығы – 2200 шақырым.

Ташкентте ең көне базар – Чорсу базары 8 ғасырда ашылған, содан бері істеп тұр.

Өзбекстандағы көліктің көбі – ақ. Өйткені ақ түс күнге күймейді әрі мұндай көліктер ысып кетпейді.

Арал теңізінің тартылуы Өзбекстанның да, басқа да Орталық Азия елдерінің де басты мәселесіне айналған. Аралға құятын Амудария мен Сырдария өзендері Өзбекстаннан арқылы ағады.

Өзбекстанның ұлттық валютасы – сом. Ең үлкен банкноты – 5000 сом. Шамамен, 1 долларға тең.

Өзбекстан – Орталық Азия мемлекеттерінің бәрімен шектесіп жатқан ел.

Өзбекстан мақта өндіру жағынан әлемде 5-орында. Қытай, АҚШ, Үндістан, Пәкістан және Өзбекстан әлемдегі мақтаның 65 пайызын өндіреді.