Мысырдағы перғауын қабірлеріне виртуал турлар ашылды

Мысырдың ежелгі кезеңі бойынша министрлігі (Елдің тарихи және мәдени мұрасын қорғау және сақтау мәселелерімен айналысатын министрлік осылай аталады) жергілікті тарихи орындарға ақысыз виртуал турлар ашты. Бұл туралы министрлік Twitter парақшасында хабарлады. Мемлекеттік бағдарлама #ExperienceEgyptFromHome деп аталады. 

Мысыр тарихына қызығушылар қазірдің өзінде 8 жерге саяхаттай алады, олар: Рамсес V және Рамсес VI перғауындардың қабірлері, Ком-эль-Шукаф катакомбалары, Бени-Хасанның некрополиясы, Бен Эзра синагогасы, Баркук Сұлтанның мешіт-медресесі, қызыл монастырь, Мересанха III патшайым мен Мэнни қабірлері. 

Онлайн-турлар Google Street View функциясына ұқсас жұмыс істейді. Мысалы 3D модельдегі нысанды үлкейту үшін пернетақта мен тінтуірді пайдалануға болады.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта коронавирустың бұрынғыдан бетер өрши түсуіне байланысты Мысыр билігі пирамида сынды түрлі мәдени нысандарға залалсыздандыру шараларын жүргізіп жатқаны туралы хабарлаған едік.

Бұл жергілікті билікті COVID-19 обасынан қорғану мақсатында ұйымдастырған шараларының бірқатары ғана. Бұған дейін аталған елдегі археологиялық нысандар жұмысын тоқтатқан еді. Туристер арасында танымал орындарға да залалсыздандыру шаралары жасалды. Сондай-ақ коменданттық сағат енгізіліп, мектептер жабылды және авиарейстер тоқтатылды.