Халқы 100 миллионнан асатын елдер

Халқы 100 миллионнан асатын елдер
Фото: yandex.kz

Жер бетіндегі халықтың саны жыл сайын 83 миллион адамға көбеюде. XVIII ғасырда өндірістік төңкеріс басталғаннан бері жерде халық саны да өсті. 1800 жылы жерде 1 млрд халық болса, қазір 7 миллиардқа жетті.

Ал 2030 жылға дейін дүниежүзіндегі халық саны 8,6 млрд.-қа дейін жетеді деген болжам бар.

Қазіргі уақытта халқы 100 миллионнан асатын 13 мемлекет бар: Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Пәкістан, Нигерия, Жапония, Эфиопия, Бангладеш, Ресей, Мексика пен Филиппин аралдары.

Қытай ≈ 1,409,516,397

Қытай – Шығыс Азиядағы мемлекет. Елде 56 ұлт өкілі тұрады. Халықтың басым бөлігін қытайлар (өздерін ханьзы деп атайды) құрайды. Үлесі – 91,51 пайыз. Хан ұлты – әлемде саны ең көп ұлт. Қытай провинцияларының ішінде Шыңжаң мен Тибетте ғана хан ұлтының үлесі аз.

Үндістан ≈ 1,339,180,127

Үндістан – ауданы жағынан 7-орын, халық саны жағынан 2-ші орын алатын мемлекет. 1998 жылы Үндістандағы халық саны 1 миллиардқа жеткен болса, 2011 жылы 1,2 миллиардқа жетіп, қазір ол 1,4 миллиардқа жақындап қалды. Болжам бойынша, 2024 жылы Үндістан ең көп халық мекендеген елге айналуы мүмкін. Өйткені халықтың жартысы Қытайдағыдай қарттар емес, жастар құрайды.

АҚШ ≈ 324,459,463

Америка Құрама Штаттарында 50 штат пен 5 өзін-өзі басқару территориясы, 1 федералды округ бар. АҚШ – халық саны көп экономикалық жағынан ең дамыған мемлекет. Калифорния (40 млн адам тұрады) мен Техас (30 млн), Флорида (21 млн) штаттары халық көп қоныстанған аймақ саналады.

Индонезия ≈ 263,991,379

Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы траншекаралық мемлекет. Елдің бір бөлігі құрлықта, бір бөлігі мұхитта орналасқан. Бұл – 13 мың аралдан тұратын жалғыз ел. Халқының көбі Ява аралында қоныстанған.

Бразилия ≈ 209,288,278

Бразилияда өлім аз, содан халық саны көбейіп кеткен. 1940-50 жылдары халық саны әжептәуір өсті. Елде 200-ден астам нәсілтектес ұлттар тұрады. Байырғы тұрғындары – үндістер. Еуропалықтармен, африкалықтармен, азиаттармен, байырғы парду халқымен қаны араласқан нәсілдер көп.

Пәкістан ≈ 207, 774, 520

Пәкістан – жері тар, бірақ халқы көп мемлекет. Халқы ең тығыз орналасқан ел. Халқының көбі Үнді өзенінің бойында қоныстанған. Пенжжаб, пуштун, синдхи, сераики сынды халықтар мекендейді. Халқының 95 пайызы – мұсылмандар.

Қ. Слямбек