Мұхит тіршілігін 30 жылда қалпына келтіруге болады

Атақты Nature басылымы халықаралық ғалымдар тобының мұхиттарды қалпына келтіруге қатысты жасаған зерттеуінің қорытындысын ұсынған мақала жариялады.

Бұл жерде мәселе мұхиттарда мекен ететін жануарларға байланысты болып тұр. Нақтырақ айтсақ, Аустралия жағалауындағы киттерден бастап АҚШ-тың теңіз пілдері мен Жапонияның жасыл тасбақаларына дейінгінің барлығы қамтылған.

Ғылыми мақалада теңіз табиғатының нашарлауы адамдардың жануарларды заңсыз аулауы, қоқыс қалдықтарын лақтыруы мен ластауы салдарынан орын алғаны туралы айтылған. Зерттеушілер тобы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жасаған тәжірибелерінің оң нәтиже бергенін жазған.  

Жабайы теңіз жануарлары мекен ететін Тампа Бэйден (Флорида штаты, АҚШ) Филиппинге дейінгі әлемнің әр нүктесі ақырындап қалпына келтіріліп жатыр.

Мысалы, бүкір кит түрлерінің саны Антарктикадан Аустралияның шығысына қоныс аударғалы бері бірнеше жүзден (1968 жылы) 40 000-ға дейін өсті. Канаданың батыс бөлігіндегі теңіз кәмшатының саны 1980 жылдан бері бірнеше мыңға артқан. Балтық теңізіндегі сұр итбалықтар да тез көбеюде.

Алдын-ала болжам бойынша, мұхиттардың бастапқы деңгейін қалпына келтіру үшін 30 жылға жуық уақыт керек. Мұхиттарды қорғау, балық аулауды заңдастыру мен ластануға қарсы күрес секілді қажетті шараларға жылына миллиардтаған доллар қажет. Бірақ нәтижесі адамзат үшін аса пайдалы.

Сонымен қатар, ғалымдар судың қышқылдануына, оттегінің азаюы мен коралл рифтерінің жойылуына ықпал ететін климаттық дағдарыстың салдарымен күресуге тура келетінін де айтады.