Жер шарында қанша құрлық бар?

Жер шарында қанша құрлық бар?
Фото: https://yandex.kz/

Құрлық дегеніміз - дүниежүзілік мұхит деңгейінен көтеріңкі жатқан жер қабығының ірі бөлігі. Ғылымдар "материк", "континент" деп те аталады. География ғылымында көп қолданылатын бұл ұғымның әр елде әртүрлі мағына беретіндігі қызық көрінеді. Өйткені бір елдер жер бетінде 7 құрлық бар десе, енді бірі - 6, енді бірі - 5 құрлық бар деп тон пішеді.

Мәселен, Ұлыбританиядан бастап ағылшын тілінде сөйлейтін мемлекеттер мен бұрын Британияның отары болған елдер, Қытай елі дүниеде 7 құрлық бар деп есептейді: Еуропа, Азия, Африка, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Аустралия және Антарктида.

Ал бұрынғы КСРО мемлекеттері (оның ішінде Қазақстан да бар) мен Шығыс Еуропа елдері болса, құрлық саны - алтау деген ойда: Еуразия, Африка, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Аустралия және Антарктида. Бұл мемлекеттің ғалымдары Еуропа мен Азияны материк деп санамайды, бұл жер бөлігін Еуразия материгі деп қана атайды.

Ал Батыс Еуропа (Испания, Португалия, Франция, Италия, Германия, Венгрия) мен Латын Америкасы елдері де құрлық санын алтау деп есептейді. Бірақ бұл елдің ғалымдары екі Американы бір материк деп қосса, Азия мен Еуропаны бөлек-бөлек құрлыққа бөліп тастаған. АҚШ ғалымдары Солтүстік Америка мен Оңтүстік Американы бір материк деп санайды.

Ғалымдардың ортақ ғылыми шешімге келе алмауының себебі - құрлық пен мұхит суының арақатынасын дұрыс анықтай алмауында. Мәселен, ғалымдардың бір тобы құрлық басқа құрлықтан мұхит суы арқылы бөлініп жатуы тиіс десе, енді бірі құрлық мұхит суынан бөлініп тұруы тиіс деп тұжырым жасайды. Ал Оңтүстік Америка мен Солтүстік Америка да, Еуразия мен Африка да бір-бірінен толық бөлініп жатпағаны белгілі. Біреуін Панама каналы жалғап жатса, екіншісін Суэц каналы жалғап жатыр.

Одан бөлек, ғалымдардың мәдени және саяси түсініктері де ғылымға кері әсер етуде. Өйткені Еуропаны бүкіл әлемнің орталығы, мәдениеттің бәрі Еуропадан шыққан деп санайтын, Қытай, Үндістан сынды отар елдерді Еуропамен тең қойғысы келмеген еуроцентристтік ғалымдар тобы тұтас Еуразия материгін әдейі Азия мен Еуропаға бөліп тастаған көрінеді.

Егер география мен геология ғылымындағы "құрлық" ұғымының таза анықтамасына сүйенсек, онда жер шарында төрт-ақ құрлық бар: Афро-Еуразия, Америка, Аустралия мен Антарктида. Алайда мұны ғалымдар негізгі ғылыми тұжырым деп санамайды.

Қ. Слямбек