Жер бетінен жоғалу қаупі төнген тарихи орындар мен ескерткіштер

Жер бетінен жоғалу қаупі төнген тарихи орындар мен ескерткіштер
Фото: wmf.org

Дүниежүзілік ескерткіштер қоры (World Monuments Fund, WMF) жер бетінен жуырда жойылуы мүмкін тарихи ескерткіштер мен көрнекі орындардың тізімін жариялады. Тізімге 25 тарихи орын енген.

Бұл ұйым 2 жылда бір рет жоғалу қаупі төніп тұрған ескерткіштердің тізімін жариялайды. Сондай-ақ себебін де назарға алады. Адамзат тарихында аса маңызға ие орындардың бұзылуы елдегі кедейлік, саяси қақтығыстар мен адамдардың бей-жай қарауынан болады. Одан өзге тілсіз жау да тарих жауһарларын жоқ етуі мүмкін.

WMF тізіміне енген тарихи ескерткіштер мен көрнекі жерлерді қорғауға алу мақсатында American Express, Ставрос Ниархос және Форд қорларынан арнайы қаржы бөлінеді. Әр ескерткіш үшін 1,6 миллион доллар беріледі. Олай болса тізімге енген орындарды жаза кетейік.

1. Кутаммаку, Того

Кутаммаку – Африкадағы Того елінің солтүстік-шығысындағы елдімекен. Жергілікті мекеннің халқы баттамариба деп аталады. Олар саз балшықтан соғатын мұнара тәрізді үйлері адамзаттың тарихи мұралар тізіміне енген. Такиента деп аталады. Жергілікті халық осы үйлерін ешқайда алмастырғысы келмейді. Того елінің басты символдарының бірі.

2. Онтарио Плейс, Канада

Жоғалу алдында тұрған мекендердің бірі – Торонтодағы Онтарио Плейс ойын-сауық бағы. Түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға арналған орталық 1971 жылы ашылған. Қалаға көрік беріп, отбасылық демалу аймағына айналған.

Соңғы 10 жыл ішінде парктің кей тұстарына қайта жөндеу жүргізілуде. Себебі 2011 жылы адам аз келетін болғандықтан парктің көп бөлігі жабылған. Қала билігі паркті толықтай іске қосу немесе жартылай ғана жасап шығу жайын әлі талқылап жатқанға ұқсайды.

3. Пасха аралы - Оронго, Чили

Пасха аралы Рапа-Нуи және Исла де Паскуа деген атпен таныс. Ол Тынық мұхитының оңтүстік-шығыс бөлігінде полинезиялық аралдың жарты аймағында орналасқан. Оның әйгілілігі Рапануи жұрты жасаған көлемді ірі мүсіндерімен байланысты.

Қазіргі уақытта басты мүсін Рана Паракуда жерінде, ал қалған ескерткіш тастары аралға тас платформасы ретінде жайғастырылған. Аралда жалпы саны 900-ге жуық тас мүсін бар. Ғалымдар зерттеу барысында мүсіндерді жай топырақ бетінде орныққан деп есептеп келген. Кейін бірнеше тас ескерткіштерінің бүкіл қол-аяғы дене мүшесімен жалғасатынын анықтады.

Пасха аралында Оронго деп аталатын елдімекен бар. Қазіргі таңда аймақтағы тарихи жазбалар (петроглифтер) мен ескерткіштер құру алдында тұр.

4. Алексан сарайы, Египет

Асьют қаласы – ХІХ ғасырда Мысырдағы ірі орталықтардың бірі болды. Сондай-ақ қаланы байлар мен билік басындағы шенеуніктер мекендеді. Солардың бірі – Александар отбасы. Олар 1910 жылы елден ерек етіп зәулім сарай соқты. Бұл үй 1995 жылға дейін осы әулет иелігінде болды. Қазір Асьютта ескіден сақталып тұрған бос ғимараттардың бірі. Алдағы уақытта қайта қалпына келтіріп, музейге айналдыру жоспарына енген. Ал оған дейін жоғалып бара жатқан тарихи ескерткіштер қатарында бола тұрмақ.

5. Нотр Дам, Франция

15 сәуір күні Париждің мақтанышы, тарихи сәулет өнерінің көне жәдігері, 900 жылдық тарихы бар Нотр-Дам де Пари өртке оранды. Тілсіз жау әп сәтте Францияның талай оқиғасына куә болған тарихи ғимаратын күл етті. Ғибадатхананың 3/2-сі жарамсыз болып қалды. Франция билігі адамдарға басу айтып, ғимаратты 5 жылда қалпына келтіруге уәде берді.

6. Беннерли Виадук, Ұлыбритания

Эреваш өзеніндегі теміржол көпірі 1877 жылы салынған. Жаңа теміржол құрылысын салу кезінде қолға алынған. Соңғы рет бұл көпірмен жүк пойызы 1968 жылы жүрген. Одан бергі аралықта қолданусыз қалған. Қазір бұл теміржол көпірін алып тастауға жергілікті белсенділер қарсы шығуда. Одан да қоғамдық орынға айналдырып, жұрт жүретін аймаққа айналдыру идеясын ұсынуда. WMF те бұл бастаманы қолдауда.

7. Тушет ұлттық паркі, Грузия

Тушет ұлттық паркі Грузияның солтүстік-шығысында орналасқан тарихи аймақ. Қысы қатал, жазы жанға қуат сыйлайды. Табиғаты тамаша аймақ туристерді де қызықтырады. Бірақ ол жаққа жету жолы қиындау. Қыста көпшілік бара алмайды. Ел билігі осы аймақпен өтетін автомагистраль жобасын қолға алған. Алайда жергілікті тұрғындардың көбі қарсы шығып, петицияға қол қойған. олар үшін жолын жөндеген ғана тиімді. Ал үлкен автомагистраль салатын болса, аймақтың табиғатына нұқсан келетінін алға тартуда.

8.  Порт-о-Пренс, Гаити

Порт-о-Пренстегі бұл ерекше үйлер ел тарихынан сыр шертеді. Ағаштан ойып жасалып, сәулет өнеріне сән берген. Мұндай үйлер 2010 жылы зілзала кезінде қатты қирамаған. Жергілікті халық осындай үйлердің сақталғанын, қайта қалпына келтірілгенін қалайды.

9. Карнатака және Махараштра, Үндістан

Үндістандағы ауа райы әрқилы. Жаңбыр маусымы кезінде су көп болып, кейде жаңбыр жаумай кететін аймақтары да бар. Сондықтан олар ертеден-ақ құрғақшылық үшін суды сақтаудың, егістікті суарудың жолдарын іздеген. Түрлі тәсілдерін апқан да. Ал қазір сол жүйе ұмытылып барады. Ал су сақтау каналдары қирап, жарамсыз болып барады. Бұл жүйе аймақ үшін әлі де қажет болуы мүмкін. Сондықтан да WMF бұған назар аударуда.

10. Сардар Патель стадионы, Үндістан

Бұл стадион Ахмедабад қаласының орталығында орналасқан. Крикет ойнауға арналған. Бастапқыда халықаралық ойындар өткізу үшін деп 1960 жылы бой көтерген. Кейіннен ішкі біріншілік жарыстарының ойындарын қабылдай бастады.

Қазіргі таңда стадион жағдайы мүшкіл. Жарықтандыру техникасы ескірген. Стадион қабырғалары тозған. ХХ ғасырда соғылған бұл стадионды сақтап қалу үшін WMF күш салмақ. Себебі жергілікті тұрғындар үшін бұл алаңның мәртебесі жоғары.

Дүниежүзілік ескерткіштер қоры (World Monuments Fund, WMF) тізіп шыққан өзге де орындар жайлы мына сілтемеге өтіп толық таныса аласыздар.

Н. Үсенова