NASA: Гренландия мұздығының жартығасырлық фотосуреттері

NASA:  Гренландия мұздығының жартығасырлық фотосуреттері
Фото: NASA / Josh Willis

NASA ғарыш агенттігі жаһандық жылынудың салдарын көрсетті. Ұйым Гренландия мұздықтарының әр жылдары түсірілген фотоларын салыстырды.

Мысалы, салалас келген мұздықтардың Сермилик теңіз қолтығына қосылған сәті. Сол жағындағы фото 1972 жылы, ал оң жағындағысы биыл түсірілген. Екі фотоны да Landsat серігі жасаған.

Ал мына бір фотода Гренландияның оңтүстік-шығысындағы Хельхейм мұздығы көрсетілген. Бұл мұздық жылдам еріп жатқанымен танымал. Мұз қабаты шығанақпен жоғары қарай 7,5 шақырымға жылжыған. 

NASA-ның мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 30 шілдесі мен 2 тамызы аралығында Гренландия мұз жамылғысының беткі қабатының 90% еріп кеткен. Осы бір санаулы күндерді мұз жамылғысының беті жағында ауа температурасы 0-ден жоғары болғандықтан 55 миллиард тонна мұз еріген.

Осыған байланысты климатологтар дабыл қағуда. Соңғы жылдары мұздықтардың еру жылдамдығы арта түскен. 1 710 000 шаршы шақырым жерді алып жатқан мұз жамылғысы толықтай ерісе әлем мұхиты алты метрге көтеріле түседі.

"Жаһандық жылыну". 2050 жылы адамзат өркениеті жойылады 

2019 жылдың шілде айын NASA агенттігі мен Бүкіләлемдік метеорологиялық станциясы соңғы төрт жыл адамзат тарихындағы ең ыстығы болды деп баға берді. Еуропа ғарыш агенттігінің мәліметінше, жердің орташа температурасы жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Ал 2019 жылдың шілде айының алғашқы күндері ЕҒА бақылау жүргізген уақыттан бері ең жоғарғы орташа температураны көрсеткен. Осының салдарынан Еуропадағы мемлекеттер атом электр станцияларының жұмысын уақытша тоқтатты. 2014 жылы "Коперник" жобасы аясында орбитаға ұшырылған Еуропа ғарыш агенттігінің серіктері атмосфераның құрамын зерттеп, Жердің температурасын бақылап отырған.

Еуропа ғарыш агенттігі нақты температуралық деректерді жарияламады. Бірақ биылғы ыстық ауа-райы 2016 жылы шілде айында тіркелген рекордты жаңартқаны белгілі болды. Арада екі жыл өткенде температура шамамен 0,56℃ градусқа көтерілген. Бұл адам баласы атмосфераға парниктік газдар шығармай тұрғандағы көрсеткіштен 1,2 градусқа жоғары.

А. Рысдәулет