Жойылуға жақын 5 ірі қала

Жойылуға жақын 5 ірі қала
Фото: abakusplace.blogspot.com

Ғалымдар климаттың өзгеруіне төтеп бере алмай, алдағы 100 жылда жер бетінен жойылып кету қаупі алдында тұрған қалалардың тізімін жасап шығарды. Назарларыңызға жойылу қаупі басым ең үлкен 5 қаланы ұсынамыз.

1. Сан-Франциско, АҚШ. Себебі – жер сілкінісі

Калифорния университетінің зерттеушілері 2086 жылы Сан-Франциско аумағында 7 баллдан жоғары жер сілкінісінің болатынын болжап отыр. Дегенмен Сан-Франциско қазірдің өзінде жылдам құрып келе жатқан қалалардың тізіміне енген. Жыл сайын бұл қаладан кететін халықтың саны тым көп.

2. Венеция, Италия. Себебі – жер қыртысының төмендеуі

Ғашықтар астанасы, әлемдегі ең романтикалық қалалардың бірі – Венеция орналасқан жер мыңдаған жылдардан бері төмендеп келеді. Бірақ соңғы кездері жылдамдығы күрт артқан. 100 жылда Венеция қаласы 24 сантиметрге төмендей түскен. Үкімет қазірдің өзінде қаланы құтқару бойынша жоспар құрып жатыр. Алайда бұл пайдаға аса ма, кім білсін?!

3. Неаполь, Италия. Себебі – жанартау атқылауы

Везувий жанартауы біздің заманымызға дейін 79 жылы Помпей қаласын жермен жексен еткен еді. Әрбір 100 жылда оянатын жанартау соңғы рет 1944 жылы атқылаған. Везувий оңтүстік Италиядағы Неаполь шығанағында орналасқан. Бұл жанартау келесі жолы оянғанда "қауіпті аймақта" тұратын жарты миллионнан астам халықтың өмірін қиюы мүмкін.

4. Тимбукту, Мали. Себебі – шөлейттену мәселесі

Сахара шөлінің оңтүстігінде орналасқан мемлекеттердің басты мәселесі – шөлейттену. Құнарлы жердің басым бөлігі уақыт өте шөлге айналып келеді. Малидің Тимбукту қаласына үлкен қатер төніп тұр. 1000 жылдан астам тарихы бар бұл қала XV-XVI ғасырда ислам әлемі үшін маңызды елді-мекеннің бірі еді. Қазір Мали үкіметі қаланы көгалдандыру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Алайда бұған қарамастан қаланың басым бөлігін құм басып қалған.

5. Мехико, Мексика. Себебі – ауыз судың болмауы және жердің төмендеуі

Әлемдегі ең үлкен қалалардың бірі - Мехикоға да қауіп төніп тұр. Мексиканың астанасы су сақтағыш қабаттың үстінде орналасқан. Әрбір 20 миллион тұрғын су ішкенде бұл қабат сәл төмендейді екен.

Соңғы бір ғасырда қаланың кейбір аумақтары 9 метрге дейін төмендеген. Болашақта бұдан да қатты төмендеуі мүмкін. Қаланың басты ауыз су қоры - су сақтағыш қабат бір күні сарқылады.

А. Рысдәулет