Ребрендинг: Филиппин президенті ел атауын өзгертуді ұсынды

Ребрендинг: Филиппин президенті ел атауын өзгертуді ұсынды
Фото: vk.com

Филиппин президенті Родриго Дутерте ел атауын өзгертуді ұсынды. Ол мұны  Филиппин аралдарының қазіргі атауы колониялық өткенін еске салатындығымен түсіндірді.

Мемлекет XVI - XIX ғасырлар аралығында Испанияның отары болды. Атау Филипп II құрметіне берілген. Тарихи деректерге сүйенсек, португалиялық саяхатшы Фернан Магеллан Испания патшасының ақшасына ұйымдастырылған сапар кезінде осы жерді тапқан екен.

Атауды өзгерту туралы ұсынысын жариялау барысында Дутерте бұрынғы елбасы Фердинанд Маркостың сөзінен үзінді келтіріп: "Маркос дұрыс айтқан. Ол елді Махарлика деп атағысы келді, себебі бұл сөздің өзі малай тілінде", -деді. "Махарлика" қазақша "еркіндік" деген мағына береді.

Филиппин сенаты басшысы Тито Сотто мұндай өзгеріс үшін жалпыұлттық референдум керек екенін ескертті. Ратификациядан кейін конституцияны өзгертуге тура келеді. Бұл қадам да көптеген өзгерістер алып келеді.

А. Оралқызы