Сіз білмейтін ерекше көшелер

Сіз білмейтін ерекше көшелер
Фото: holidayguru.fr

Саяхаттауды ұнатпайтын адам жоқ шығар. Бірі теңіз жағалауына, енді бірі тарихи қалаларға барғанды ұнатады. Ал Massaget cіздерге әлемге ерекшелігімен танымал көшелерге «саяхаттауға» кеңес береді.

Бесінші авеню (Fifth Avenue), Нью-Йорк. Манхэттеннің дәл ортасында Бесінші авеню көшесі орналасқан. Әлемдегі ең танымал сауда орны деп есептелетін бұл көше «шоппингті» ұнататындар үшін нағыз «жұмақ». Louis Vuitton, Prada, Gucci және Versace секілді дүкендерден бастап Apple Store, Bergdorf Men және Brooks Brothers сияқты эксклюзивті бутиктері бар. Нью-Йорк қаласының ең көрікті жерлерін көру үшін осы Бесінші авеню көшесіне келсеңіз жеткілікті. Эмпайр-стейт-билдинг, Рокфеллер орталығы, Қаланың орталық кітапханасы, әулие Патрик соборы бір көшенің бойында тұр. Ел арасында 82 мен 105 үйлер арасы Мұражай милі аталып кеткен. Себебі бұл аралықта Метрополитен, Гуггенхайм, Нью-Йорк, Ұлттық дизайн мұражайлары орналасқан. Ал қалтаңыз қалың болса 34 пен 60 үйлер аралығындағы қымбат дүкендер шопинг жасасаңыз болады.

Елисей алаңдары (Champs Elysées), Париж. Әлемнің ең әдемі қалаларының бірі - Париж. Ал «Ғашықтар қаласында» жаһанға танымал Елисей алаңдары көшесі бар. Желекжол Келісім алаңынан басталып, танымал Салтанат аркасы орналасқан Шарль де Голль алаңына дейін созылған. Бұл танымал көшенің атауы көне гректің Elusia сөзінен шыққан. Мағынасы батырлар демалысы дегенді білдіреді. Бір кездері француз королдері Тюильри қамалынан Версаль сарайына дейін жол салған екен. 1789 жылдан бері Елисей алаңдары деп аталатын бұл желекжол 1915 метрге жалғасқан. Ені - 71 метр. Көше серуіндеуге арналған және дүкен аралауға арналған екі бөлікке бөлінген. Бүгінге бұл көшенің маңызы зор. Өйткен дәл осы желекжолда жергілікті тұрғындар Жаңа жылды қарсы алып, ұлттық мейрамдарын атап өтеді.

Ла Рамбла (La Rambla), Барселона. Испанияның солтүстік шығысында Каталония елі орналасқан. Ал бұл автономды мемлекеттің астанасы - Барселона қаласы. Бүгінде танымал «Барселона» футбол клубымен танымал қала көздің жауын алатын сәулетімен ерекшеленеді. Бұл әсем қалаға ат басын бұрған әрбір турист Ла Рамбла көшесімен жүріп өтуге «міндетті». Желекжол Каталония алаңынан атақты саяхатшы Христофор Колумбтың құрметіне тұрғызылған ескерткішке дейін жалғасады. Жергілікті халық кешкі серуінге дәл осы көшеге шығады. Желекжолды бекерге қаланың «жүрегі» демейді. 

Аппиа көшесі (Via Appia), Рим. Әрі көші, әрі ескерткіш. Антикалық сәулеттің нағыз шыңы. Аппиа көшесін біздің заманымызға дейін 312 жылы салған. Сол заманда бұл елдің ең басты жолы саналатын. Рим мен Бриндизий қаласын жалғап тұрған көшенің бойында Республика және Империя кезеңіндегі ғимараттар көтерілген екен. Сондай-ақ қала ішінде адам жерлеуге тыйым салынғандықтан көшенің шетіне мазарлар салынған. 

 

Ғажайып Миль (Magnificent Mile), Чикаго. АҚШ-тағы Чикаго қаласының ең көрікті жері саналатын Ғажайып Миль көшесі Париждегі Елисей алаңына ұқсас. Көше бойында зәулім ғимараттардан бөлек басқа қалаларда жоқ дүкендер мен түрлі мұражайлар орналасқан. Күні-түні туристер толы жүретін бұл көшеде 460 дүкен, 275 мейрамхана және 51 қонақ үй бар екен. Ал 1869 жылы тұрғызылған ескі су мұнарасы көшенің басты ескерткіштерінің бірі. 

 

Гран Виа (Gran Via), Мадрид. Испания астанасындағы ең үлкен көшелердің бірі. Гран Виа даңғылының құрылысы 1910 жылы басталған. Сол кездегі король Альфонсо XIII Испания алаңы мен Калле-де-Алькаланы байланыстыратын көшенің болғанын қалаған. Құрылыс жұмыстары 25 жылға созылып, 300 дей ғимарат құлатынған. Сондай-ақ, бұл көшеде Еуропадағы алғашқы зәулім ғимарат бой көтеріпті. 

 

Уолл-стрит (Wall Street), Нью-Йорк. Дәл осындай көшеде тарих жазылады деседі. Уолл-стрит - Нью-Йорктің тарихи және қаржылық орталығы. Ал ХХ ғасырдың басында Уолл-стрит әлемдің қаржылық астанасы атанды. Қазір дүниежүзіндегі ең алпауыт банктер мен қаржылық ұйымдардың Уолл-стритте бөлімдері бар. Сонымен қатар дәл осы көшеде 1929 жылы Ұлы дағдарыс басталған еді. 

 

Ломбард-стрит (Lombard Street), Сан-Франциско. «Алтын көпірге» апарар жолда, Хайд пен Ливенпорт көшелерінің арасында ерекше жол бар. Оның ерекшелігі - бұралаңдығында. Орыс төбесі деп аталатын шыңына тіпті көлік шыға алмайды екен. Еңістігі 27 пайызды құрайды.  Ломбард-стриттің ұзындығы – 400 метр. 1920 жылдары салынған Ломбард-стрит көшесінде 8 кілт бұрылы бар. Оның үстіне көліктер тек төмен қарай жүре алады. Ал рұқсат етілген жылдамдық сағатына 8 шақырымнан аспайды. Көшенің жан-жағында көздің жауын алатын түрлі өсімдік өсіп тұр. 

 

Цайль (Zeil), Франкфурт. Көшенің басым көп бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған. Бір жағында Хауптвахе, ал қарама қарсы Констаблервахе алаңдары бар. 1 шақырымға созылған көшеге негізнен шопингті ұнататын туристер жиі келеді. 1992 жылы көшедегі ең ірі Zeilgalerie сауда орталығы ашылды. 10 қабат ғимаратта аралайтын туристер бірде бір эскалатор немесе баспалдақты пайдаланбай жоғары қабатқа көтеріле алады. 

 

Ваци көшесі (Váci Utca), Будапешт. Венгрияның астанасына Шығыс Европадан туристер шопинг жасау үшін көп келеді. Сонымен қатар түнгі қаланың көрінісі де туристерді қызықтырады. Көше Верешмарти алаңынан басталып, Үлкен жабық базарға дейін созылған. 

 

Жалғасы бар...

Айбар Рысдәулет

Massaget