Онлайн-олжа: Алматының түбі қайда?

Онлайн-олжа: Алматының түбі қайда?
Фото: antipodesmap.com, Google Maps, watson.ch

Бала қиял кезеңде Жер шарының көлеміне, құрылымына қатысты шырамытқан түрлі ойлар болатыны сөзсіз. Мысалы тұрған жерімді аянбай тура бағытта қаза берсем, қайдан шығар екем деген сияқты. Бұл жартылай қияли тұжырымды география жеке категория етіп белгілеп қойған. Олар антипод нүктелер деп аталады.

Антипод – Жер шарындағы бір-біріне диаметрлік үлгіде қарама-қарсы нүктелер. Ең танымал антипод нүктелер ретінде Оңтүстік және Солтүстік полюстерді айтуға болады.

Оңтүстік полюстен Солтүстік полюске дейінгі қашықтық – 12 713,505 км, ал экватордағы диаметр – 12 756,274 км, яғни горизонтал диаметрден вертикал диаметр 42,769 километрге артық. Аталған көрсеткіштер Жер шарының сопақ пішінді және антипод нүктелердің түйісуінде қателер болатынын көрсетеді.

Жер шарының 71%-ын мұхит, теңіз суы құрайды, ал құрлық тек 29%-ды алады. Демек, құрлықтан құрлыққа шығатын антипод нүктелердің аз болуы да заңдылық. Ең ауқымды антипод нүктелердің кеңістігі Қытай, Моңғолияның кей аймақтары мен Оңтүстік Америкадағы Аргентина мен Чилиде орналасқан. Бұдан өзге де дәлме-дәл антипод нүктелер бар:

Крайстчерч (Жаңа Зеландия) — Корона (Испания)

Мадрид (Испания) — Уебер (Жаңа Зеландия)

Уелингтон (Жаңа Зеландия) — Алайос (Испания)

Гонконг (Қытай) — Ла Киака (Аргентина)

Нельсон (Жаңа Зеландия) — Могадуро (Португалия)

Уангарей (Жаңа Зеландия) — Танжер (Морокко)

Гамильтон (Жаңа Зеландия) — Кордоба (Испания)

Улан Уде (Ресей) — Пуэрто Наталес (Чили)

Ал Алматының антиподы қай жерде болуы мүмкін? Тек Алматы емес, бүкіл Қазақстанның антиподы Тынық мұхитының оңтүстік-шығысында жатыр.

Антиподқа қатысты antipodesmap.com онлайн-сервисі де жасақталған. Сервис жасақтаушылары вижуал карталарды "құрғақ" дүние емес, ерекше юмормен жасаған екен. Бір нүктеге басын сұққан кейіпкер екінші картада соған сай антипод нүктеден басымен шошайып шығады. Сервистен Алматының антиподын іздеп көрсек, Тынық мұхиттағы (43° 52' 51.6" S, 103° 38' 21.6" W) координатына тап боламыз.

Өзге де антипод нүктелер:

Бейжің-Аргентинаның елсіз бір жері

Бангкок-Перу жағалауларының бірі

Уашингтон-Үнді мұхитының суық ағыстары

Рим-Тынық мұхитының оңтүстігі

Буэнос-Айрес-Циньдао қаласы

Бұған дейін интернетте Рэдит Суаби Алонсо атты қолданушының Жер шарының шамалас антипод нүктесінде орналасқан досымен бірге жасаған әзіл иллюстрациясы тарап кеткен еді. Ол өзі Исландияда, ал досы Жаңа Зеландияда жүрген. Екеуі де жерге сэндвич нанын қойып, әлемдегі ең үлкен сэндвич жасадық деп әзілдеген суреті біраз адамды жымитқан еді.

Ең үлкен "сэндвич"

Антипод нүктелер арасында тұрақты әуе рейстері жоқ екен. Гипотезалық тұрғыда Мороккодағы Танжер ибн Баттута әуежайынан бүкіл Жерді айналып ұшқан ұшақ Жаңа Зеландиядағы Уангарей аэродромына келіп қонса, 20 000 километрді ұшып өтеді екен.

Massaget.kz