Дәл осы күні

Дәл осы күні
Фото: marketsvoice.com

Психологияда тура бір жыл бұрын не болғанын ескеріп жүрген адамның есте сақтау қабілеті өзгелерден әлдеқайда жақсы болатыны айтылған. Дәл осы күні белгілі бір жылда неше түрлі оқиға болды. Адамзат тарихына өзгеріс әкелген әр жаңалықтың өз уақыты бар. Әр тарихи оқиғаны бір еске алу – өткенге оралумен бірдей. Сонымен, 1 тамыз күні өткен жылдарда немесе ғасырларда қандай оқиғалар болды екен?

518 жыл бұрын (1498 жылы) Христофор Колумб Америкаға жетіп, оны аралға балап Санта Исла (Santa Isla) деп атаған. Қазір бұл мекеннің арал емес, алып құрлық атанып отырғаны мәлім.

223 жыл бұрын (1793 жылы) Францияда өлшемдер мен салмақтардың бірыңғай әлемдік жүйесіне негіз болған метрлік жүйе енгізілді. Халықаралық өлшем бірлігімен қатар, біздің танымда өз өлшеулеріміз бар. Бұл қазақ сахарасының жазылмаған заңдылықтарына енген.

182  жыл бұрын (1834 жылы) ағайынды механик Черепановтар Ресейдегі ең алғашқы паравозды құрастырып шығарды. Өркениетке бет бұру осы уақыттан бастау алған.

«Аты жоқ құр арбаны 
Мың шақырым жерлерге, 
Күн жарымда барғызды» деген осыдан қалған болар.

92 жыл бұрын (1924 жылы) Кеңес Одағы Қызыл Жұлдыз орденін бекітті. Бұл медаль Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Смағұл Көшекбаев, Салық Зиманов, Талғат Бигелдинов, Сұлтанахмет Қожықов, Хиуаз Доспанова, Әбу Сәрсенбаев, тағы басқа да батырларымыздың төсіне тағылды.

80 жыл бұрын (1936 жылы) Берлинде Олимпиада ойындарының ашылуы өтті. Адамзат тарихындағы ХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы жағылған болатын. 4 күннен соң, ХХХІ Олимпиада ойындары басталады.

77 жыл бұрын (1939 жылы) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» медалі бекітілді. 1939 жылғы қазанның 16 күніндегі Жарлық негізінде медаль атауы Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдыз» медалі болып өзгертілді.

75 жыл бұрын (1941 жылы) алғашқы джип шығарылды. Соңғы джиптің жақын арада шығарылуы мүмкін емес.

51 жыл бұрын (1965 жылы) – 60-шы жылдары аты ғаламға жайылған ливерпульдік «The Beatles» («Битлз») тобының солисі Пол Маккартни әлемдік хит «Yesterday» әнінің тұсауын кесті.

42 жыл бұрын (1974 жылы) Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты Менделеев кестесіндегі 106-шы элемент Сиборгий (Sg) алынғаны туралы хабарлама таратты.

25 жыл бұрын (1991 жылы) италиялық-аргентиналық футбол жұлдызы Диего Марадонна спортпен қош айтысты.

1 жыл бұрын (2015 жылы) Massaget.kz порталының офис-менеджері Ақтоты Жапатова келін атанды.

Г. Берік