Адамдар неге биік ғимараттар сала бастады?

Адамдар неге биік ғимараттар сала бастады?

Көп қабатты биік үйлер қазіргі заманда қалыпты құбылысқа айналып үлгерді. Биік үйлер әлемде қанша көп болса да, әлі күнге дейін көз салған кез келген адамды таңдандырмай қоймайды. Бұл жазбада сіздер үшін осы көп қабатты үйлердің пайда болуы туралы айтып береміз.

Көп қабатты биік үйлерді көп жағдайда бизнес орталықтар ретінде пайдаланады. Тұрғын үй ретінде қолданылатын мұнаралы үйлер өте аз.

Осыдан 140-150 жыл бұрын биік үйлер салу қаржылық жағынан тым тиімсіз болатын. Сондықтан ешқандай компания көп қабатты үйлер салуға талпынбайтын еді. Алайда бұл жағдай Чикаго қаласында жердің 5-7 есеге қымбаттағанынан кейін өзгерді. Осылайша жердің қымбат болуының себебінен 1884 жылдың 1 мамырында әлемдегі ең бірінші көп қабатты үйдің құрылысы басталып кетті.

вап

Бұл 10 қабатты ғимарат еді. Айта кетейік, бұл құрылыс нысаны сол кезде әлемдегі ең биік үй болып саналатын еді.

Биік ғимараттарды салу үшін өздігінен көтерілетін крандар пайдаланылады. Бұндай крандардың жұмыс жасау принципі мынада - салынып жатқан ғимарат биіктеген сайын кран да соғұрлым биіктеп отырады. Қазіргі кезде биік мұнараларды салу үшін қолданылатын крандарды тек 3 компания шығарады: LIEBHERR, POTAIN, FAVKO.

Әлемдегі ең биік мұнара

Сауд Арабиядағы Джидда қаласында әлемдегі ең биік ғимарат болатын Kingdom Tower жобасы жасалды. Былтырғы жылдың наурыз айында аса ірі жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Архитекторлардың ойынша, "Корольдік мұнара" әлем кереметтерінің бірі деген атаққа үміткер болады.

ва

Жобаланған ғимараттың биіктігі 1001 метр болуы тиіс. Ол атақты әлемдегі ең биік ғимарат Бурж Халифадан 173 метр биігірек болмақ.

Нью-Йорктегі биік мұнаралар

Биік үйлерді жаппай салу Нью-Йорк қаласында басталды. Солардың ішінде әлемге танымал Эмпайр Стейт Билдингті (Empire State Building) айтып өтуге болады. Бұл ғимараттың ашылу салтанаты 1931 жылдың 1 мамырында өткізілді. Мұнара 1931-1972 жыл аралығында әлемдегі ең биік ғимарат саналды.

а

Айта кетелік, алғаш кезде Эмпайр Стейт Билдингтің биіктігі 381,3 метр болды. Кейін 50-ші жылдары ғимараттың төбесіне телемұнара тұрғызылғаннан кейін бизнес орталықтың биіктігі 443 метр болды. "Кинг-конг" фильміндегі алып маймыл шығатын ғимарат дәл осы мұнара. Ғимарат 102 қабаттан тұрады. Жобаның авторы - "Шрив, Лэм және Хармон" компаниясы.

ап

Құрылыс нысанының салыну жылдамдығына келсек, орта есеппен апта сайын 4 қабат салынып отырған. 10 күннің ішінде 14 қабат салынған кездер де болыпты. Мұнара Америкадағы ұлы депрессия кезінде аяқталғандықтан ғимараттың барлық қабаттары қолдануға берілмеген. Тек 10 жыл өткеннен кейін ғана үйдің барлық қабаттары пайдалануға берілген. Айта кетелік, құрылыс жұмыстарына 700 мың метр кабель мен 10 миллион кірпіш кеткен. 

Қазақстандағы биік мұнаралар

Қазақстандағы қазіргі кездегі ең биік ғимарат Астана қаласындағы "Асыл тас" бизнес центрі болып табылады. Комплекс бір біріне қосылып салынған үш ғимараттан тұрады. Әрбір ғимарат сәйкесінше 37, 40, 53 қабатты.

м

Мұнараның биіктігі 210 метр. Компелекстің жалпы ауданы 280 мың шаршы метр. Жобаның құны 350 миллион доллар.

Бұдан бөлек қазіргі кезде биіктігі шамамен 382 метр болатын "Абу-Даби Плаза" комплексі салынып жатыр. 2010 жылы басталған құрылыс жұмыстары 2016 жылы бітеді деп жоспарлануда.

ап

Ғимарат 88 қабаттан тұратын болады. Жалпы ауданы 510 мың шаршы метр. Комплексте қонақ үйлер, мейрамханалар, офистер, тұрғын үйлер және көптеген мәдени орталықтар болады. Жобаның құны 1 миллиард доллар. Ғимарат толық салынып бітсе, Қазақстандағы ең биік құрылыс нысанына айланалатын болады.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Esentai Tower-ді де айтпай кетуге болмайды.

ва

Ғимарат  Skidmore, Owings and Merrill құрылыс компаниясында жобаланған. 2008 жылы Астана қаласындағы "Солтүстік шұғыла" салынғанға дейін Қазақстандағы ең биік ғимарат саналып келді. 

Дайындаған: Елбарыс Махамбет

сурет: fullhdoboi.ru

Е. Қайрахан