23 қаңтар. Бүгін қандай күн?

23 қаңтар. Бүгін қандай күн?

Жыл өткен сайын танымалдылығы асқақтап бара жатқан компьютер, электронды пошта, электронды блокнот, СМС, әртүрлі сөз орамдары жазылған стикерлер және тағы да басқа қарым-қатынас құралдары заманауи адамды өз ойын қағаз бетіне қолымен жазу әдетінен алыстатып барады. Біршама уақыттан кейін қолымен жазылған хаттар мен ашық хаттар сирек кездесетін жәдігерге айналып жатса, таңғалмаңыз.

Мұны неге айтып отырмыз? Бүгін әлем Қолтаңба күнін, яғни, Қол жазуы (National Handwriting Day) күнін атап өтеді. Бұл күннің мақсаты – қол жазуының бірегейлігін еске салу, тәжірибеден өткізудің маңыздылығын түсіндіру, әрбір адамның қолтаңбасы қайталанбас құбылыс екендігін тағы да бір рет дәлелдеу.

Қолтаңба күні таңдалған 23 қаңтарда Тәуелсіздік Декларациясына алғаш болып қол қойған американдық қоғам қайраткері Джон Хэнкок туылған екен.

Қол жазуының тарихы осыдан мыңдаған жыл бұрын пайда болған, және ғасырлар бойы адамдар қолтаңбаға қарап адам мінезін анықтауды тоқтатқан емес. Адамның рухани дүниесі мен қолтаңбасының жақындығы туралы әлемнің бірінші ұстазы Аристотель де, Қайта Өрлеу дәуірінің өкілдерді де айтып кеткен. 1875 жылы француз аббаты Жан Ипполит Мишонер «графология» деген терминді қолданады. Графология – қолтаңба мен тұлғаның психикалық жағдайының байланысы қарастырылатын ғылым. Графология ғылымына неміс психологы әрі философы Людвиг Клагес көп үлес қосты.

Жалпы қазіргі заманғы ғалымдар адам портретін жасауға болатын қолтаңбаның жеті негізгі мінездемесін атайды. Олар:

– әріп мөлшері

– еңісі

– пішіні

– қолтаңбаның бағыты

– қысымның қарқындылығы

– сөздің жазылу мінезі

– қолтаңбаға берілетін жалпы баға

Графологтар қолтаңбаның ерекшелігі мен адам мінезінің арасында міндетті түрде байланыс болуы керек, себебі, ми жазатын адамның қолын басқарады дегенді айтады. Сондай-ақ, адам жасы ұлғайған сайын қолтаңбаның да өзгеру керек екендігі дәлелденген.

Бүгін – әлемнің "екінші ұстазы", қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, ойшыл, философ, математик, астролог, музыка теоретигі Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келген күні. Ол 870 жылы Сырдария бойындағы ерте заманда түркі халықтарының орталығы болған Отырар қаласында туылған екен. Оның толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби.

Отырарды арабтар «Фараб» деп атаған. Қай жерден шыққанын білдіру үшін аты-жөніне өзінің туған мекенінің атауын тіркейтін сол заманның дәстүрімен ұлы ұстаз Фараби аталып кеткен.

Әл-Фараби заманында бүкіл Орта Азия мен Түркістан aраб халифатының ықпалында болған. Соған байланысты қала халқы сауда саттық мәселесінде ислам қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Соның ішінде рухани, ғылыми тіл араб тіл болған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған Әл-Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Ол кейін білім-ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылым дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Сoл кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді. Жалпы, тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген.
Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырады. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Ғұлама астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, әлеуметтану, лингвистика, поэзия риторика, философия салаларына өлшеусіз үлесін қосты.

Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын ХХ ғасырдың 60-жылдары танымал ғалымдар Ақжан әл-Машани мен Қ.Сәтбаевтар зерттеген. 20-дан астам трактаттары қазақ және орыс тілдерінде басылып шыққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте оның еңбектерін зерттеу, қазақшаға аудару, насихаттау орталығы құрылды.

Бүгін – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының домбыра кафедрасының доценті, күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева Нариманқызының дүниеге келген күні. 

Ұлтымыздың дәстүрлі өнерінің өміршеңдігін әлем халықтарына паш етіп жүрген Айгүл Нариманқызы 52-ші қысын қарсы алып отыр.

Оның күйшілік-орындаушылық репертуарында халық күйлері "Ақсақ құлан", "Ел айрылған", қазақтың халық композиторлары Дәулеткерей, Дина Нұрпейісова, Қазанғап, Құрманғазы, Махамбеттің күйлері, сондай-ақ маңғыстаулық күйшілер Есбай, Есір, Құлшар, Өскенбайдың, сондай-ақ, осы заманғы композиторлар Н.Тілендиевтің "Аққуы", А.Жайымовтың "Күй анасы" мен "Шалқымасы" сынды шығармалар мен орыс, шет ел классикалық туындылары бар.

Айгүл Үлкенбаева – ІІІ Республикалық жас орындаушылар байқауының, Құрманғазы атндағы І республикалық орындаушылар байқауының, Баку қаласында өткен У.А.Гаджибеков атындағы халық аспаптары орындаушылары халықаралық байқауының лауреаты, Қазақстанның «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.   

Айгүл Үлкенбаеваның орындауындағы "Аққу" күйі:

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: positime.ru, sjanbolat.blogcn.com, alashainasy.kz