14 қараша. Бүгін қандай күн?

14 қараша. Бүгін қандай күн?

Бүгін – Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні (World Diabetes Day).

Бүкіләлемдік диабетке қарсы күрес күні (World Diabetes Day) 1991 жылы Халықаралық диабет федерациясы мен Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен бекітілген болатын. Күннің мақсаты – дүниежүзін диабетке қарсы күресуге шақыру, сырқаттың алдын алып, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

1922 жылдың қаңтар айында Фредерик Бантинг есімді канадалық ғалым адамзат тарихында тұңғыш болып қант диабетіне шалдыққан 14  жасар баланы аман алып қалады. Ол өзі ойлап тапқан инсулинге патент алып, байып кетудің орнына Торонто университетіне табыстайды. Медицина орталығы 1922 жылдың соңында жаңа дәрі ойлап тапты.

Дүниежүзілік диабет күні жыл сайын инсулин гормонын ашқан канадалық физиолог Фредерик Грант Бантингтің туған күнінде, яғни, 14 қараша күні атап өтіледі.

Адам баласы ұзақ жылдар бойы қант диабетімен күресудің жолдарын білмеді және осындай диагноз қойылған адамнің сауығып кетемін деген үміті де болмайтын. Фредерик Грант Бантингпен және оның әріптесі профессор Джон Маклеодтың ашқан инсулині миллиондаған адамдардың өмірін құтқарып қалды. Қазір адамдар қант диабетінен толық айығып кетпесе де, бақылауда ұстауды үйренді.

1923 жылы Грант Бантингпен және Джон Маклеод ерен еңбектері үшін Нобель сыйлығының иегері атанды.

Бүгін – Бүкіләлемдік сапа күні (World Quality Day).

Бүкіләлемдік сапа күні 1990 жылдан бері атап өтілетін қараша айының екінші бейсенбісінде атап өтілетін дәстүрлі шара. Күннің белгіленуіне мұрындық болған – Еуропалық сапа ұйымы (European Organization for Quality). Бастамаға Біріккен Ұлттар Ұйымы бірауыздан қолдау білдірді.

Күннің басты мақсаты – тауардың жоғарғы сапасы мен қызметі туралы білімді толықтыру. Бұл жерде тауарлардың адам үшін қауіпсіздігі ғана емес, сұраныс та есепке алынады. Мереке күні халықаралық акциялар, конференциялар, семинарлар өткізіліп тұрады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: alladin.su