Бақыт банкінің клиенті атаныңыз...

Бақыт банкінің клиенті атаныңыз...

Осыдан бірнеше жыл бұрын Эстония жерінде "Бақыт банкі" атты әлеуметтік жоба пайда болады. Оның қолдаушылары мен қатысушылары басты екпінді қаржыға емес, мейірімді істерге қойып отыр.

Эстондық кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Райнер Нылваканың бастамасымен әлеуметтік желі іспеттес интернет-сервис жасалады. Онда адамдар ниет білдіргендер үшін рухани көмек көрсетеді және басқа да қатысушылардан осыны талап етеді.

Банк клиенті атану үшін арнайы сауалнаманы толтыра отырып, біреуге көмектесуге дайын екендігіңізді айтасыз. Мәселен, үй жануарларымен серуендеу, автокөлік жөндеп беру немесе қажет емес киімдеріңізді мұқтаждарға өткізу т.б. Содан кейін өзіңізге керек көмекті көрсетесіз. Сервисте ештеңені ақшаға сатып ала алмайсыз, көмекке қол жеткізу үшін басқа "салымшыларға" қолғабыс ету керек.

Тапсырманы орындаған клиент "алғыс жұлдызын" иемденеді екен, бұл арқылы оның лауазымы анықталады. Виртуалды "сауапты істер сандығында" жасқа, жынысқа, ұлтқа, білім дәрежесіне, әлеуметтік жағдайына шектеу қойылмайды. Бастысы – айналаңыздағыларға көмек қолын созамын деген ниетіңіздің болуы ғана. Барлығын да ақшамен өлшеп үйренген адамдар қоғамның дамуына кедергі болады. Ал аталған жобаның мақсаты – ақшаның орнын жақсы істермен алмастыру.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: sacralis.com