7 қазан. Бүгін қандай күн?

7 қазан. Бүгін қандай күн?

Бүгін – әлем сәулетшілерінің кәсіби мерекесі, яғни, Бүкіләлемдік сәулет күні (World Architecture Day). Мереке жыл сайын қазан айының алғашқы дүйсенбісінде атап өтіледі. Күннің белгіленуіне мұрындық болған – Сәулетшілердің Халықаралық Одағы.

1985 жылы сәулет күнін шілде айының алғашқы дүйсенбісінде атап өту туралы шешім қабылданған болатын, кейіннен, 1996 жылы Барселонада өткен басқосуда мереке қазан айының алғашқы дүйсенбісіне ауыстырылды. Сәулетшілердің Халықаралық Одағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған. Одақтың ол кездегі басты мақсаты – бұзылған, қираған ғимараттарды қалпына келтіру болатын. Қазір бәрі де өзгерген. Әлем сәулетшілері төл мерекелерінде конференцияларға жиналып, сәулетшілік білімнің мәселелерін, жетістіктерін талқылап, тәжірибе алмасады, көрмелер ұйымдастырылады. Мерекенің жыл сайын тақырыбы ауыстырылып отырады екен.

Қазан айының алғашқы дүйсенбісінде атап өтілетін мерекелер мұнымен бітпейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы дәл осы күнге Бүкіләлемдік тұрғын үй (World Habitat Day) күнін белгілепті. 1985 жылдан бері Бас Ассамблея ғаламшар тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңыздылығын арттыру үшін осы мерекені тойлауға атсалысып отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде әлемде қаншама өзгерістер болса да, тұрғын үйдің жетіспеушілігі, кедейлік, ауру-сырқау сынды проблемалар толастаған емес.

Сондай-ақ, бүгін Алматы қаласындағы Ілияс Есенберлин атындағы мұражай 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр.

7 қазандағы туған күн иелерін де айта кетейік. Бүгін – актер, әнші, Қазақстаның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Досқан Қалиұлы Жолжақсыновтың туған күні. Ол  бүгінге дейін театр сахнасында және кинода 200-ден астам бейнені сомдаған екен. Театрда ойнаған алғашқы рөлі – Х.Вахитовтың “Алтын көрсе періште жолдан таяды” қойылымындағы Қылышбек (1972). Сонымен қатар, халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлары әндерін шебер орындаушы ретінде кеңінен танымал. Жолжақсынов ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып, «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер» фильмдеріне түскен. Д.Жолжақсынов – ұлттық кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан актерлердің бірі және оны халқы ерекше құрметтейді.

Ресейлік мемлекет және саяси қайраткері, РФ президенті Владимир Владимирович Путин де 7 қазан күні дүниеге келген. Оның көшбасшылық қызметі 1999 жылдан басталған: 1999 жылы 31 желтоқсанда Ельциннің мемлекет басшысы қызметінен аяқ астынан кетуіне байланысты Путин оның мұрагері және Ресей Федерациясы президентінің міндетін атқарды. 2000 жылы 26 наурызда Путин бүкілхалықтық сайлауда президент болып сайланды және төрт жылдан кейін екінші мерзімге сайланды. 2008-2012 жылдары Владимир Владимирович Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы болды. 2012 жылғы 4 наурызда президенттік сайлауда 63,6  пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті және 2012 жылғы 7 мамырда Ресей Президенті қызметіне кірісті.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: oplot.info, people.com.cn, azerros.ru