Жарғанаттар түні

Жарғанаттар түні

Қыркүйектің жиырмасынан жиырма біріне қараған түні әлем халқы ерекше табиғи мереке – «Жарғанаттар түнін» атап өтеді. Атаулы күннің басты мақсаты – қоғамның назарын қолқанаттыларға аударту, оларды қорғауға атсалысуға шақыру, сондай-ақ, жазықсыз құстарды "қанішерлер" деп санайтын адамдардың санасындағы жалған аңыздарды жоққа шығару.

Шын мәнінде, жарғанаттар өте ғажап жаратылған сүтқоректілер, олар өздерінің дене бітімінің арқасында, адам нанғысыз ұшу өнеріне ие болып отыр. Алдыңғы жағындағы ұзын үш саусағы қанаттарын ұстап тұрады. Басының ұзындығымен бірдей келетін ұзын жіңішке құйрығы ұшуға арналған торсылдақты қаптайды.

Жарғанаттардың түнгі тіршілікті құп көретіндіктерінің өз себептері бар. Олардың қараңғыға икемделген көздері өте нашар көреді. Есесіне, бұл сүтқоректілерде иіс түйсігі мен есту қабілеті жоғары деңгейде дамыған, осы ерекшеліктерінің арқасында кеңістікті еркін билеуге, аң аулауға икемді келеді. Сонымен қатар, жарғанаттар дельфиндер секілді теңіз түбінің тереңдігін өлшей алатын қасиетті бойларына жиған.

Жарғанаттар полярлық және биіктаулы аймақтардан басқа, барлық жерде кездесе береді. Олардың барлығы да қауіпсіз. Латын Америкасын мекендейтін өткір тісті, қанішер, ұсақ құстардың, тышқандардың етімен қоректенетін қолқанаттылардан да қорқудың қажеті жоқ. Бүгінде ағаштардың көптеп кесілу себебінен, адамдардың ұқыпсыздығынан көптеген жарғанат түрлері жойылып кету қаупінде тұр.

Білесіз бе, жарғанаттардың да пайдасы бар, олар көптеген зиянды жәндіктердің көзін жояды. Олар түнде ғана жүретіндіктен, адамдардың көзінен таса болады.

Бүгінде көптеген елдерде қолқанаттыларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдар бар. «Жарғанаттар түні» мерекесі алғаш рет Еуропада пайда болған. Бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде аталған құстарды қорғау тақырыбында түрлі дәрістер оқылып, семинарлар, көрмелер өткізіледі. Ал мерекелік түнде жасырынған жарғанаттарды көру үшін арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: rtv-veluwezoom.nl