Туған күніңмен, Джульетта!

Туған күніңмен, Джульетта!

16 қыркүйек күні итальяндық Верона қаласында дүбірлі мереке – жер бетіндегі ең қайғылы шығарманың кейіпкері Джульеттаның туған күні тойланады. У. Шекспирдің "Ромео және Джульетта" трагедиясындағы сұлудың жасы 14-ке де толмаған болатын.

Джульеттаның туған күнін нақты белгілеу үшін ғалымдар қауымы ұзақ еңбектенді. Шекспирге сенсек, Веронаның сол уақыттағы билеушісі герцог Эскал – сеньор Бартоломео Делла Скала болған. Бұл 1301-1304 жылдары билікте отырған тарихта шынайы болған адам. Сонымен қатар, басты кейіпкердің сүтанасы Леди Капулеттимен сөйлесіп отырып, асырандысының сабан той күні дүниеге келгенін айтып қалады: «Even or odd, of all days in the year, Come Lammas Eve at night shall she be fourteen». Ғалымдар осындағы "Петров" күні дегенді басты бағдарға алады. Сонымен қатар, трагедияда мамыр айында болатын Пасха да еске алынады. Астрономиялық күнтізбеге сүйенсек, бұл 1302 жылы болған. Осы деректердің бәрін ескере отырып, профессор Джузеппе Вивиани Джульеттаның туған күнін 1284 жылдың 16 қыркүйегі деп белгіледі.

Бүгінде осы қалада Джульеттаның үйі аталатын ғимарат бар. Ғимарат ХІІІ ғасырда тұрғызылып, атақты Даль Капелло жанұясының иелегінде болған екен. Аңызға сенсек, бұл үйде Шекспирдің атақты кейіпкері, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу бойжеткен Джульетта тұрған көрінеді. 1667 жылы Капеллолар үйді Риззарди отбасына сатып жіберген. Олар ғимаратты қонақ үй ретінде пайдаланған.

Сонымен қатар, осы үйдің қабырғасына арман-тілектерді параққа түсіріп, Джульеттаға хат жазып жабыстырып қоюға болады. Хаттарға "Джульетта" ұйымының мүшелері жауап береді. Бұл ұйымды 1972 жылы Джулио Тамассиа құрған екен. Жыл сайын 5000-нан астам хаттар келіп түседі, оның ішінде электронды поштамен жолданатындары да бар. Ешбір хат жауапсыз қалмайды.

Джульетта Каппулеттидің туған күні жоғары деңгейде атап өтіледі. Бұл күні көптеген мерекелік іс-шаралар: қойылымдар, фестивальдар, карнавалдар ұйымдастырылады. Кәсіби жазушылар үшін "Scrivere per amore" әдеби сыйлығы тапсырылады. Бұдан басқа "Ромео мен Джульетта" хикаясы экраннан көрсетіледі. Жыл сайын осы дәстүр қайталанатындығымен ешкімді жалықтырған емес.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: romeo-juliet-club.ru, senator.senat.org