"Бақытты елдер" тізімінде Қазақстан қай орында?

"Бақытты елдер" тізімінде Қазақстан қай орында?

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі бақытты елдердің тізімін жариялады. Қазақстан екі саты жоғарылап, 57-ші орыннан көрініп отыр.

Әлемдегі ең бақытты тұрғындар қайда тұрады? Осы сұрақ төңірегінде 150 мемлекет тұрғындары арасында сауалнама жүргізген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері әлемнің ең бақытты тұрғындары өмір сүретін мемлекетті анықтады. Негізінен сауалнама төмендегі критерийлер бойынша жүзеге асқан.

1.  Өмірлік маңызды шешімдер қабылдаудағы еркіндік дәрежесі;

2.  Ішкі өнімнің тұрғындарға қолайлылығы;

3. Қоршаған ортаңдағы сенімділік пен сенім артуға лайық адамдардың болуы;

4.  Өмір сүру ұзақтығы;

5.  Халықтың жомарттылығы;

6.  Жемқорлықпен күрес деңгейі.

Сонымен 150 мемлекеттен құралған рейтингінің көшін Солтүстік Еуропа елдері бастап отыр. Алғашқы орында Дания, кейінгі сатыларда Норвегия, Швейцария, Нидерланды және Швеция мемлекеттері орын тепкен. Ал алғашқы ондықты Канада, Финляндия, Австралия және Исландия мемлекеттері қорытындылап отыр.

Естеріңізге сала кететін болсақ, өткен жылғы рейтингте Қазақстан 59-шы орыннан көрінген болатын. Бұл жолы еліміз Парагвай, Перу және Малайзия мемлекеттерін артта қалдырып, 57-ші орынға жайғасып отыр. Ал көрші мемлекеттер: Ресей 68-ші, Өзбекстан 60-шы, Қырғызстан 89-шы және Түрікменстан 59-шы орындарды иеленген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл арнайы «World Happiness Report» зерттеу жұмысындағы «бақытсыз» елдердің санатына Того, Бенин және Орталық Африка Республикалары енсе, Балтық елдері мен Украина тұрғындары да көрсеткіштің төменгі сатыларына жайғасқан.   

Осы тұста, біз сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Бақытты өлшеудің шкаласы қандай болуы керек? Жалпы халық өзін бақытты сезінуі үшін не керек? Зерттеу нәтижесімен келісесіз бе?

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: skolkoletet.ru

Ө. Сансызбай