Халықаралық білім беру форумы Астанада өтеді

Халықаралық білім беру форумы Астанада өтеді

Қазақстан астанасында сәуір айында Бірінші Халықаралық білім форумы мен білімнің технологиялық көрмесі және «WORLDDIDAC Astana 2013» кәсіптік дайындығы өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараны Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және Worlddidac халықаралық қауымдастығы ұйымдастырған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара халықаралық білім беру мәселесін дамытуда қазіргі заманғы тенденцияны талқылау үшін бірегей алаң құру және инновация, ғылым, технологиялар саласында өзекті жайттарды қазақстандық және шетелдік сарапшылардың, білім беру мекемелері өкілдерінің назарына ұсыну мақсатын көздейді.  

Форум мен көрме бағдарламасында көрнекті мамандар мен білім беру жүйесінің сарапшылары қатысатын семинарлар, шеберлік-дәрістері, ақпараттық сессиялар, тренингтер, ашық сабақтар өткізу қарастырылған.   

Сонымен қатар, форум аясында білім берудің инновациялық жобалары, қашықтан оқыту және e-learning жүйесі, интерактивтік құралдар және мультимедиа саласындағы халықаралық және отандық компаниялардың оқыту жабдықтары таныстырылады.

Іс-шара 2013 жылдың 9-11 сәуірі аралығында «Көрме» орталығында өтеді.

«WORLDDIDAC» білім беруге және кәсіби дайындыққа арналған технологияларды, заманауи оқу құралдарын және дидактикалық материалдарды таныстыратын әлемдік халықаралық қауымдастық болып саналады.

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: bigpicture.ru

Massaget