Әлемдегі туу үрдісінде трендтер өзгеріп жатыр. Қазақстандағы жағдай қандай? Демографпен сұхбат

Әлемдегі туу үрдісінде трендтер өзгеріп жатыр. Қазақстандағы жағдай қандай? Демографпен сұхбат

Кейінгі 50 жылда бүкіл әлемде туу саны күрт азайды. 1952 жылы әлем бойынша отбасыларда орта есеппен 5 бала болса, қазір олардың саны 3-тен аспайды. Бұл дамыған елдердегі халық санының өсуіне де әсер етеді. Мысалы, Қытай кейінгі 60 жылда халық саны азаю бойынша рекорд орнатып отыр. 2021 жылдың соңымен салыстырғанда 2023 жылға қарай адам саны 850 мыңға кеміген. Еуропа елдері, Жапония сынды дамыған елдер халықтың қартаюынан зардап шегіп отыр. Канада жұмысшы күшінің жетіспеушілігінен 2023-25 жылдары 500 мың адамды сырттан тартуды жоспарлаған.

Бізде жағдай қандай? Болашақта осы жайтты бастан кешпейміз бе? Осы сияқты маңызды сұрақтарды демограф Аяулым Сагынбаеваға қойдық.

"Туудың жиынтық көрсеткіші 2,1-ден төмендегенде халық саныны кему процесі немесе депопуляция басталады. Себебі табиғи өсім болмайды. Қазақстан қазір туу деңгейі жоғары елдер санатына жатады. Жыл сайын туу көрсеткіші өсіп келеді. Әсіресе 2020-21 жылдары бала туу деңгейі артты. Мысалы, 2020 жылы туу коэффиценті 3,13 болған. Бізде ең төменгі туу көрсеткіші 1998 жылы – 1,8 болды. Содан біртіндеп өсіп келеміз", - дейді маман.

Еліміздің туу деңгейі ауылда қаламен салыстырғанда жоғары.

"Егер ауыл-қала деп бөлетін босақ, ол жерде де өсу қарқыны бар. 2021 жылғы мәлімет бойынша, ауылда – 3,75, қалада – 3,8. Орта есеппен бұл жылдағы туу көрсеткіші 3,32 болып отыр, яғни, 3-тен жоғары. Бұл өте жақсы. Әрине, біз өзімізді Өзбекстанмен салыстыра алмаймыз. Себебі, олардың этникалық құрамы біркелкі. Қазақстан полиэтносты мемлекет. Халықтың этникалық құрамында кейінгі халық санағы бойынша 100-ден аса этнос өкілдері бар. Сонымен бірге еуропалық этностардың да үлесі жоғары. Оларда қартаю процесі жоғары жүріп жатыр", - дейді Аяулым Сагынбаева.

Елімізде қай өңірлерде туу көрсеткіші жоғары?

Демографтың айтуынша, Батыс пен Оңтүстік өңірлері халық санын көбейтіп отыр.

"Негізінен еліміздің батыс өңірлері – Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Оңтүстік өңірлері – Шымкент пен Алматы қалалары, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу өңірлерінде бүкіл ел халқының жартысынан астамы тұрады. Негізгі халық өсімі бұл табиғи өсімнің негізінде болып отыр. Туу көрсеткішінің жоғары болуына этникалық құрамның да әсері бар. Мысалы, Оңтүстік өңірлерде дәстүрлі, көпбалалы және кеңейтілген отбасылар көп. Сонымен бірге ауылдық жер де көп", - дейді ол.

Көпбалалы ана атанып жатқандардың жасы 30-дан асқан әйелдер

Демограф пандемия туудың жоғарлауының себепшісі деп қабылдауға болмайтынын атап өтті.

"Біздегі туу көрсеткішінің жоғарылауына бірнеше факторлар әсер етеді. "Туу деңгейінің көтерілуіне пандемия әсер етті" деп айтады. Алайда "Пандемия себеп болды" деп айту – бұл қате түсінік. Коронавирус бізде 2020 жылдың екінші тоқсанында ғана басталды. Ал әйелдер 2019 жылы жүкті болып, 2020 жылы сәбилерін дүниеге әкелді. Жүктілік тоғыз ай жүретін үрдіс. Яғни әйелдердің жүктіліктің жоспарлауы пандемияға қатысты болған жоқ. Әдетте осындай пандемия және соғыс кездерінде керісінше жүктілік пен туу азаяды. Сонымен қатар, "туу кезектігі" деген болады. Яғни, елімізде жасы 32-33-ден асқан аналар үшінші, төртінші тіпті бесінші балаларын дүниеге әкелу есебінен туу көрсеткіші ұлғайды. Бізде тағы ажырасу көп деп айтып жатыр. Бірақ қайта некелер де көп екенін айта кеткен жөн. Ондай некелерде ортақ балалар саны артып келеді", - дейді ол.

Елімізде аналар жәрдемақы үшін сәби өмірге әкелмейді

Маман туу көрсеткіші бұлай жоғарылап кете бермейтінін айтады.

"Жаңа жоғарыда айтып өткен көп баланы өмірге әкелетін 1980-жылдары өмірге келген аналардың потенциялы ары барса 3-5 жылға жетуі мүмкін. Оған қоса экономикалық жағдайдың нашарлауы, инфлация бәрібір әсер етеді. Дегенмен де, балаға берілетін жәрдемақыны 1,5 жасқа ұлғайтып отыр. Бірақ жәрдемақы үшін аналар бала туады деп нақты айту да дұрыс емес. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, әйелдер қосымша берілетін ақша үшін емес, өз қалауларымен сәбиді өмірге әкеледі. Бірақ жоқ деп те айтпаймыз, ары кетсе жәрдемақылар арқылы күн көріс көріп отырған аналар саны аз", - дейді маман.

Қай өңірлерде туу көрсеткіші төмен?

Елімізде Солтүстік өңірлер мен мегаполис қаларда туу деңгейі төмен екен.

"Жалпы алып қарайтын болсақ туу деңгейі төмен өңірлерге еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлері жатады. Мысалы, Қостанай облысында туу көрсеткіші өте төмен – 1,9. Солтүстік Қазақстан облысында да туу көрсеткіші төмен – 2. Алматы қаласы да туу көрсеткіші төмен өңірлерге жатады. Бұған себеп – халықтың жастық құрамының ерекшелігінде. Яғни, ол жақта қартаю процесі интенсивті түрде жүріп жатыр. Сәйкесінше дүниеге бала әкелетін жастағы әйелдер санының аздығы және этникалық құрамы әсер етеді.
Бүгін Алматы қаласының саны 3 млн-ға жететіні хабарлады. Бірақ бұл туу көрсеткішінен емес, миграция есебінен артып отыр. Мысалы, 1999 жылы туу көрсеткіші бұл қалада 1,25 болса, туу қарқындылығы жоғары болған – 2020-21 жылдары коэффициент небәрі 2 ғана болып отыр, - дейді маман.

Джафридің The Journey of Humanity картинасы

Көбірек білім – аз бала

"Қазақстанды туу көрсеткіші бойынша әлеммен салыстырсақ жағдайымыз жақсы. Ал Ресей, Беларус, Украинамен салыстырсақ мүлдем жақсы. Енді алдағы 5 жылда туу деңгейінің бірден төмендеуі болады деп айта алмаймын. Бәрі әйелге байланысты. Мысалы, Финландияда бала 25 жасқа толғанға дейін оған жәрдемақы төленеді. Ал бізде 1,5 жасқа ұзартқанға мәз болып отырмыз. Бала туғанға орта жасау бойынша дамыған елдерде жағдай керемет. Бірақ бала тапқысы келмейді. Неге? Себебі, әйелдің отбасылық құндылықтан өзінің жеке құндылығы жоғары. Біз қазір екі саясатты ұстанып отырмыз. Урбанизациялау дейміз. 2050 жылға қарай халықтың 70 пайызы қалада тұрсын деп айтамыз. Екінші кезекте гендерлік теңдік саясатын жүргізіп жатырмыз. Мұның туу деңгейіне тікелей әсері бар. Ауылдық жерлерде неге туу жоғары? Ауылда қосымша үй салып тұра береді. Ал қаладағы бетон қорапта көпбалалы болу қиын. Енді гендерлік саясат деп әйелдің мүддесі, білім деңгейі, оның  еңбекке, саясатқа араласуын бірінші орынға қоямыз. Бұдан кейін әйелдің эгосы өсіп, өзіне сыйластықпен қарауы артады. Сосын бірінші кезекте ол өзін ойлай бастайды", - дейді ол.

Маманның айтуынша, 2000-жылдардағы ұрпақта өзін бағалау сезімі жоғары. Бұл әлі зерттеуді талап ететін жағдай.

"80-90 жылдары өмірге келген қыздарда отбасылық құндылық, көпбалалы болу деген сияқты сезімдер бар. Ал нарықтық экономикада дүниеге келгендер, әсіресе, 2000 жылдардан жоғарылардың репродуктивті мінез-құлқының қаншалықты дәрежеде екеніне нақты жауап жоқ. Мен ол туралы бірде-бір зерттеу көрген жоқпын. Бірақ оларда ақпаратқа қолжетімділік көп. Сондықтан эгосы жоғары, карьера жасау, білім деңгейін көтеру деген мәселелерді бірінші кезекке қояды", - дейді демограф.

Таяқтың екі ұшы барын ұмытпау керек

Маман елімізде демографиялық саясат жоқтың қасы дейді.

"Халық саны өсіп, туу деңгейі көтерілді деп айтып жатырмыз ғой. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін де ұмытпау керек. Көпбалалы болуды жоспарламаған кезде мәселелер туындайды. Мысалы, балабақшада, мектепте орын жетпейді.  Әкесі баласын өлтірген жағдайларды көріп жатырмыз. Балалар арасында зорлық-зомбылық артады. Мұның барлығы демографиялық саясаттың болмауынан деп ойлаймын. Себебі, отбасылық саясат пен гендерлік саясатты бір құжатқа енгізіп екеуін теңестіріп тастадық. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстанда демографиялық жағдайға жауап беретін бірде-бір құзырлы орган да құжат та жоқ", - дейді Аяулым Сагынбаева.

Аяулым Сагынбаева, демограф

Болашақта Қазақстанда да туу көрсеткіші төмендейді

"Мысалы, Еуропа, Жапон елдерінде өмір сүру ұзақтығы жоғары. 65 жастан асқан адамдар саны 25-40 пайызға дейін жетеді. Олар қалай туады? Сондықтан сырттан адам алдырып, жұмысшы санын арттырғысы келеді. Бізде де сол болады. Шетелде бір балаға кететін қаржыны есептейді. Біз де соған келеміз. Өйткені экономика, инфлация орын алып жатыр. Бір бала тусаң оған берілетін жәрдемақы жөргегіне де жетпейді. Халықтың сауаттылығы, әсіресе қаржылық сауаты артып, білім деңгейі көтерілген, жоспарлау көбейген сайын елімізде де туу көрсеткіші төмендейді. Ол қашып құтыла алмайтын әлемдік заңдылық. Демографиялық ауысуды біз енді бастаймыз. Ал бұған өткен елдерде міндетті түрде туу деңгейі төмендеп, ажырасу артқан. Адам өзін жоғары бағалай бастайды", - дейді демограф.

© Пабло Альварес

Неліктен туу көрсеткіші төмендеп барады?

Weforum басылымының талдауына сәйкес, мұның 3 негізгі себебі бар:

Білім беру мен еңбек нарығында әйелдерді нығайту және орнын табу;

Балалар өлімінің төмендеуі;

Бала тәрбиесіне кететін шығындар.

Пайда болатын мәселелер

Туудың төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының артуы әлем халқының қартаюына әкелді. 1950 жылдан бастап халықаралық орташа жас 22-ден 33-ке көтерілді. Ал әлемнің қартаюы экономикалық проблемаларды да тудырады. Олардың ішінде медициналық қызмет құнының өсуі мен халықаралық еңбек нарығының тарылуын атап өтуге болады.

Дүние жүзіндегі еңбекке қабілетті халықтың пайызы 2012 жылы ең жоғары деңгейге жетті. Содан бері әлемде еңбекке жарамды халық саны тек қысқарып барады.

Т. Раушанұлы