"Тұрғындардың өзі дұрыс түсінбейді". Маман МИБ-ке ауысудың қыр-сырын айтты

"Тұрғындардың өзі дұрыс түсінбейді". Маман МИБ-ке ауысудың қыр-сырын айтты

Пәтер Иелерінің Кооперативі (ПИК) орнына қазіргі таңда МИБ - мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. МИБ-тің атқаратын міндеті қандай, оның артықшылықтары неде, қандай кемшіліктері бар деген сияқты маңызды сұрақтардың жауабын білу мақсатында Massaget.kz порталы Райымбек 481В мекенжайындағы үйде МИБ төрағасы Еркін Күйебаевпен тілдесті.

Елімізде бұрын ПИК, яғни пәтер иелерінің кооперативі болған. Ол өзін ақтады. Иә, басында нашар еді. Кейін біртіндеп жақсарды. Жақсы жолға қойылып жұмыс істеп келе жатқанда оның орнына МИБ – мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. ПИК-тің бір ерекшелігі 90-100 үйді қамтыды. Ал МИБ-тің ерекшелігі әрбір адам өзін мүлік иесі екенін сезінеді. МИБ-ті үкімет 2022 жылдың маусымына дейін заңдастыру мерзімін міндеттеген болатын. Бірақ оған үлгермегесін 2023 жылға дейін ұзартты. Әлі де көп жер ПИК-те отыр. Ал біздің үй оған дайындықсыз кірді. Себебі бұл үйге қызмет көрсеткен компания сумен, жарықпен, жылумен толық қамтамасыз етіп отырған. МИБ-те қазір жекеменшік компаниялар шамасы келсін-келмесін қызмет көрсетеміз деп кіріп алатын болды. Екінші бір жағдай МИБ-ті қорғайтын заң жоқ. МИБ қазір өзімен-өзі қалыптасып жұмыс істеп жатыр.

МИБ-ті тұрғындардың өзі дұрыс түсінбейді

Оны тіпті мүлік иелері болатын тұрғындардың өзі түсінбейді. Олар бұрынғы ПИК-пен шатастырады. Соған үйреніп қалған. Соған айтатын сөздерін айтады. ПИК-тің өз шарттары бар. Соны МИБ-ке қояды. Мен оларға түсіндіріп келемін. ПИК деген жартылай коммерциялық мекеме. ПИК-тің ерекшелігі – үйдің айналасын жинап, сыпыруға және жөндеу жұмыстарына бюджеттен ақша бөлінетін еді. Енді қазір ол әдіс заңды болмай шықты.  Заңгерлер кезінде коммерциялық құрылымға бюджеттің ақшасын беруге болмайды деді. Мысалы, мына үй заңды тұлға болып тіркелді. Енді бюджеттің ақшасын жаңағы айтқан нәрселерге беруге болады. Егер керек  құжаттар сауатты толтырылып, күрделі жөндеу жасауға тендер бойынша бірнеше құрылыс мекемесі қатыстырылса дұрыс болар еді.

МИБ-ке де қаржы керек

Балалар алаңын салуға немесе үйдің шатырын жөндеуге бюджеттен ақша сұрауға мәжбүрміз. Себебі, халықтан жиналатын ақша оған жетпейді. Кезінде қалалық әкімдік тарапынан үйлердегі балалар алаңына көп көңіл бөлінді. Құрылыс компанияларға салу тапсырылды. Бірақ әр аудан өзінше қабылдап алады. Мысалы біздің үйді 2013 жылы қабылдап аларда ешкім тексермеген. Қате кеткен, жасалмаған жерлерін алған компания істеуі керек еді. Бірақ аяқтамаған. Соның салдарынан біз соларды қайтадан істеп, қиындықтарға тап болып отырмыз.

Енді жиналыс сайын тұрғындарға тарифті 71 теңгеден 100 теңгеге көтерейік деп айтып жатырмыз. Мысалы, қарама-қарсы үйдің тарифі 100 теңгеден. Олар барлық шығынын өздері жабады. Біз де үйдің айналасын абаттандырып, ағаш отырғызғымыз келеді. Ол үшін әкімдік тегін ағаш береді. Бірақ оны егіп, күтіп-баптау үшін де қаржы керек.

МИБ-тің өз ережелері бар

МИБ деген енді құрылып жатыр. Біз де енді түсініп келе жатырмыз. Оның өз ережелері бар. Мұның ережесі бойынша төраға деген - таза орындаушы. Ал негізгі шешімді жиналыста мүлік иелері шығарады. Жалпы жиналыста қандай шешім шығады, қандай талаптар қойылады - сол бойынша үй төрағалары қабылдап алады, олар төрағаға тапсырма береді, ол соларды орындайды. Кейін жылына 2-3 рет жоғарыға есеп береді. Тексеру комиссиясы жұмсалған қаржының барлығын есептейді. Оның тексеру қорытындысы бойынша халыққа жариялайды.

Тұрғындар меншік иесі болуға әлі дайын емес

Меншік иелері түсінбейтін бір жағдай бар. Олар жаңа айтқанымдай, ПИК-ке үйреніп қалған. Меншік иесі болуға дайын емес. Оларда мынау бәрімізге ортақ дүние деген түсінік жоқ. Маған келіп ПИК-ке қойған талаптарын қояды. Мен "талап қойғанша бірлесіп істеуге көмектес" деймін. Мысалы, біздің үйді басқарушы компания құырылыс компаниясынан қабылдап алған. Ал олар үйдің шатырын дұрыс істемеген. Құрылыс компаниясы 3 жылға дейін ғимаратқа кепілдік береді. Олар өз жұмысын дұрыс атқармай кетіп қалған. Енді біздегі кейбір пәтрелердің төбесінен су ағады. Үй иелері келіп МИБ-ті сотқа бермекші. Мен оларға: "айналайындар, МИБ деген сіз бен біз. Сіз де осы мүліктің иесісіз. Өз-өзіңізді сотқа бересіз бе?"  деп айтамын. Алдымызда осындай шешімін таппаған мәселелер бар.

МИБ ашылғалы кейбір мекемелер байып жатыр

Кейде біз апаттық қызметті атқаратын компания іздейміз. Ондайлар табыла бермейді. МИБ ашылғалы кейбір мекемелер байып жатыр. Әр үйдің өз МИБ-і бар. Бұрын 10 келісімшарт жасаса қазір, 100 келісімшарт жасайды. Ақшасын кемітсе жақсы ғой, керісінше көбейтіп жатыр. Осыған, апаттық қызметке мемлекет тарапынан ешқандай бақылау жоқ. Олардың өз қызметкері жоқ, басқа жерден шақырып бізге жібереді. Қысқаша айтқанда, атын айқайлатып қояды, бірнеше үйге қызмет етіп отырмыз дейді. Бірақ өздерінің мықты мамандары жоқ. Бастысы келісімшарттағы ақшаны алса болды. Осы жағы бақыланса, олар бағаны тым асырып жібермесе дейміз. Біздің алдымыздағы компанияға апаттық қызметке 100 мың төленді. Енді қазір 230 мың теңгеге өсті. Еріксіз барасың. Мамандары бар. Бәрі барады. Олар үлгермей жатыр. Ал мамандары жоқ компания қызметін ұсынады. Бірақ олардан түк пайда жоқ. Не уақытында келмейді, не келген адамы ештеңе білмейді. Керісінше бүлдіріп кетеді.

Мен бұл қызметке тәжірибем болғасын келдім

Менің бұл қызметке келу себебім, бұрын әкімшілік қызметте істедім. Шағын қаланың, ауданның әкімі болдым. Алматыға келгеніме 22 жыл болды. Осы уақыт аралығында Алматы бетон мекемесі директорының орынбасары қызметтерін атқардым. Заңдастыру, жерді алу мәселелерімен айналысып, үйді өткізу жұмыстарын істедім. Сондықтан бұл жұмыстар маған таныс, тәжірибем бар. Аз ғана айлығы бар. Кейде соған да бұл қызметтен хабары жоқ адамдар келіп жатады.

Қазір ешкіммен проблемамыз жоқ. Ақшамыз өзіне жетіп тұр. Біз енді басқарушы компания алмағаннан кейін жұмысшыларды өзіміз алдық. 3 диспетчеріміз бар. Оның бірі қосымша аула сыпырушысы болып жұмыс істейді. Екіншісі подъездерді жуады. Өз қызметкеріміз болғаннан соң, қызметтің сапасына да өзіміз қараймыз. Кеңесші мүшелері бар. Бірақ олар айлық алмайды. Тек басқару жағына қатысады.

Басында жастар білмей жатқасын менің тәжірибем бар ғой, көмектесейін, жеңілдетейін деп осы жұмысқа кірген едім. Қиын болды. Сынның астында қалдық. Сағат сайын есеп сұрайтындар көбейді. Тіпті алғашында өз қалтамнан да ақша шығардым. Айлықтан да бас тарттым. Қазір бәрін реттедік. Заңды айлығымды енді алып жатырмын.

МИБ қайткенде дамиды?

Бұл жердегі әрбір тұрғын "мынау менің үйім", "мынау менің мекемем" деп ойлағанда ғана оның жұмысы жүреді. Жалғыз адам қашанғы шыдайды? Жастар келмейді, себебі айлығы аз.

Бұрын үйдің проблемасына әкімшіліктің қатысы болмады. "Өздерің жиналыс жасап, өздерің шеше бермейсіңдер ме?!" дейтін. Меніңше, кейбір мәлелелерге әкімшіліктің араласқаны дұрыс деп есептеймін. Әкімшілік өзіне қарасты үйдің ерекшелігіне қарай отырып кейбір мәселелерді шешсе жөн болар еді. Осы жағы әлі де шикі болып тұр.  Сосын тағы бір айта кететін жайт - құрылысшы қандай үй салса соның бәрін өткізіп беруі шарт. Бізде олай болмайды. Кейбір бөлмелерді алып қалады. Оны не сатып жібереді немесе жалға береді. Олай болмауы керек. Сосын үйдің белгіленген аумағы болуы қажет. Қазір болса да әкімшілік оны жол салу үшін алып немесе басқа нәрсеге пайдаланып жатады. Құжат жағынан да айтар мәселе көп. Кейінгі уақытта үй мен ХҚКО ортасында көп жүрдім. Осындай олқылықтар ескерілсе деймін.

Т. Раушанұлы