Жасыл ипотека деген не: Қазақстанда болашағы қандай?

Жасыл ипотека деген не: Қазақстанда болашағы қандай?
Фото: verevocity.ru

Жақында Қазақстанда "жасыл ипотеканың" іске қосылатыны белгілі болды. Ең алдымен бұл жайлы ҚР премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Кейін "Отбасы банкі" де қоршаған ортаны қорғауға арналған ерекше ипотека түрін әзірлеп жатқанын хабарлады.

Ендеше Қазақстан мен ТМД елдеріне енді келе бастаған "жасыл ипотеканың" не екеніне, қандай ерекшелігі мен  мәні неде екеніне тоқталып өтейік.

Жасыл ипотека деген не?

Жасыл ипотека (ағылш. green mortgage) – қоршаған ортаны қорғау және сақтау талаптарына сай жобаланған жылжылмайтын мүлік нысандарын сатып алу мен құрылысын салуға арнап банктердің бөлек, арзан пайызбен зайым беруі.

Несие ұйымдарының көбі экологиялық талаптарға келгенде ең басты ұстанатын қағидасы – құрылыс нысанының энергия үнемдеу жағынан тиімді әдіспен салынғаны. Ең бастысы, энергия үнемдей алғаны, шығын болмағаны.

Жасыл ипотеканы берудегі халықаралық талаптарға тоқталсақ, онда Еуропа елдері негізінен мына нәрселерге қарай отырып зайым береді:

- Егер құрылыс (тұрғын үй) экологиялық таза материалдармен салынса;

- Қалдықты утилизациялау жүйесі іске қосылса;

- Су мен жарықты, жылу мен басқа да коммуналды қызметтерді үнемеудің жолдары болса;

- Маңайы абаттандырылып, жасыл желекке айналдырылса.

Еуропадағы тәжірибелерге қарағанда, тұрғын үйдің экологиялық жағынан таза, тиімді екенін тексеретін арнайы сертификациялық стандарттар бар. АҚШ-тың LEED, Ұлыбританияның BREEAM, ЕуроОдақтың WELL және Fitwel, Green Zoom сынды сертификациялау түрлері бар.

Еуропа мен АҚШ-та жасыл ипотеканы іске қосылғанына 10 шақты жыл болған. Ал Ресейде былтыр ғана алғашқы жасыл ипотека іске қосылды. Биыл енді міне Қазақстанда қосылғалы отыр.

Қазақстандағы жасыл ипотека

Елімізде жасыл ипотека жайлы биыл алғаш айтылды. Парламент сенатының отырысында вице-премьер Ералы Тоғжанов мамыр айында елімізде жеңілдетілген ипотеканың түрі іске қосылатынын алғаш айтты.

"Жастардың басты мәселесі – баспана. Жастарға арналған еліміздің үш қаласында арнайы тұрғын үй бағдарламасы бар: Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында. Осы жылдың соңында елдің басқа өңірлерінде де дәл осындай тұрғын үй бағдарламаларын іске қосуды ойлап отырмыз", - деген еді вице-премьер.

Кейін Қазақстанда "жасыл ипотеканың" дайындалып жатқанын әрі жақында іске қосылатынын "Отбасы банкінің" төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті. Оның айтуынша, бұл ипотекаға деген сұраныс қазір нарықта артып келеді әрі төмендетілген пайызбен берілмек.

"Елімізде салынған тұрғын үйлердің тек 3 пайызы ғана жылу энергиясын үнемдейтін әдіспен салынған. Бұл өте аз. Сондай-ақ, елдегі энергияның 15 пайызы мен жылу энергиясының 40 пайызын тұрғын үй секторы тұтынып отыр. Демек, азаматтарды тұрғын үйдің энергиясын үнемдеп қолдануға ештеңе ынталандырып отырған жоқ. Ал құрылыс компаниялары ондай жағдай жасап отырған жоқ. Сондықтан энергия үнемдеуі тиімді тұрғын үйде тұратын жандарға басымдық беруіміз керек. Бұл жағынан "жасыл ипотеканың" әлеуметі қауқарлы. Құрылысшыларды экологияға зияны аз тұрғын үйлерді салуға ынталандыру қажет. Қазір соған арналған жобаны әзірлеп жатырмыз", - деді Ләззат Ибрагимова ECOJER халықаралық конгресінің панельдік сессиясында сөйлеген сөзінде.

"Отбасы банк" АҚ басшысы бірінші кезеңде жаңа ипотекалық өнім халықаралық қаржы ұйымдарының ресурстары есебінен іске асырылуы мүмкін деді. Екінші кезеңде мамандандырылған облигациялар шығару арқылы зайымдар берілмек.

Банктің мәліметінше, "жасыл ипотека" осы жылдың соңына дейін іске қосылуы мүмкін. Талаптары әзірше белгісіз. Бірақ белгілісі мынау. Энергия үнемдейтін нысандардан баспана алған жандар банк төмендетілген ставкамен арнайы несие береді. Зайымның басқа да жеңілдіктері болмақ. Бұлар әзірше белгісіз.

Қазақстанда энергия үнемдеу әдісімен салыған ғимараттар мен құрылыс нысандары бар. Жарықты күннен алу, жылуды арнайы бөліп беру системалары арқылы үлестіру, лифтінің көтеріліп-түсуінен энергия өндіру, терезелерді барынша үлкен ету арқылы жарықты ұлғайту сынды әдіс-тәсілдер елімізде жиі қолданылады.

Қ. Слямбек