Қ. Тоқаевтың дін туралы айтқан ой-пікірлері
Фото: inform.kz

Қ. Тоқаевтың дін туралы айтқан ой-пікірлері

Еліміз президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дін туралы айтқан ой-пікірлерін әр жылдары БАҚ беттеріндегі сұхбаттарынан жинақтап, ұсынуды жөн көрдік.

Мен атеист емеспін. Құдайдың бар екеніне сенемін. Әрине, мен мұсылманмын".

 ***

Исламның гуманистік идеалдары еліміздегі береке мен бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін маңызды рөл атқарады.

 ***

Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінгі таңда жаһандық қауіпсіздік үшін аса күрделі сын-тегеуріндердің бірі болып қалып отыр. Діни лидерлер кеңесі әлемдік саяси көшбасшыларға ықпал ете отырып, әлемдік саясаттағы қарама-қайшылықты реттей алар еді.

 ***

Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам елімізде діннің, мәдениеттің, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сынды шығыс Ренессансындағы ұлы ғалымдар мұсылмандық ізгілік дәстүрлерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бастаған қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты.

 ***

Ислам амалсыздық пен фанатизмді жоққа шығарып, қарсыластарды татуластыруға және қайшылықтарды бітімгерлік жолмен шешуге ұмтылады. Қасиетті Құран Ислам негіздеріне қарсы келмейтін басқа дін ілімдеріне төзімділік танытуға, өзге мәдениеттердің көріністеріне құрметпен қарауға шақырады.

 ***

Ілім тұрғысынан ұшталған Исламды дамыту үшін қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар. Біз прогресс, бейбітшілік және әділеттілік, дін мен адамгершілік құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық және басқа дін ілімдерінің өкілдерімен тату көршілік қағидаттарында қоғамды құрудың лайықты үлгісін барша әлемге көрсетуге қауқарлымыз.

 ***

Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл істе ғұламалар қасиетті жазбаның ұлағатты сөздерін күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қоюы керек.

Т. Раушанұлы